Қызылшамен ауырған балада 5-7 жылдан кейін панэнцефалит пайда болуы мүмкін.
«2 бала көз жұмды, 15 баланың жағдайы ауыр»: Есмағамбетова қызылша ахуалы жайлы айтты
838
оқылды

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі -Бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова Сенаттың жалпы отырысының кулуарында елдегі қызылша ауруының ахуалы жайлы айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.

«Қызылшаға қатысты көп ата-ана баласына вакцина салғанша, ауырып шықсын деп ойлайды. Қызылшаның өзінен емес, оның асқынуынан қорқу керек. Себебі қызылшамен ауырған балада 5-7 жылдан кейін панэнцефалит пайда болуы мүмкін. Яғни, жалпақ тілмен айтқанда ми жойылып кетеді. Қызылша 5 жасқа дейінгі балаларға өте қауіпті. Қызылшамен ауырып шыққан бала кем дегенде 2 жыл ішінде инфекция ауруларын жұқтыруға бейім болады. Екі өлім дерегі тіркелді»,–  деді ол.

Есмағамбетова айтқандай, олар Астана мен ШҚО-да тіркелген.

«Олар – бір жасқа толмаған сәбилер. Яғни, вакцинация жасына жетпеді. Бір бала шала туған, өз патологиясы болған, оның үстіне қызылша қосылған. Вакцинациямен қамту кезінде біз 95 пайыз қамтылды десек, соның 5 пайызында осындай санат болуы мүмкін. Ұжымдық иммунитет вакцинацияға жатпайтын балаларды сақтау үшін керек», – деді Есмағамбетова.

Вице-министр 15 баланың жағдайы ауыр екенін айтты.

«Олардың барлығы өңірлерде. Денсаулық сақтау министрлігі әрбіреуінің жағдайын бақылауда ұстап отыр», – деді Есмағамбетова.