«AMANAT» партиясында өткен жиында Алматыдағы №1 қалалық клиникалық аурухананың мәселесі тағы да талқыланды.
«AMANAT» партиясы Алматыдағы №1 қалалық клиникалық аурухананың мәселесін басты назарда ұстайды
1,559
оқылды

Осыған дейін мекемеден түскен шағымды партия бақылауға алған болатын. Осы мәселені шешу үшін Алматы қалалық филиалының партиялық бақылау комиссиясының кеңесі өтті. 

Жиында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Константин Авершин Алматыдағы №1 қалалық клиникалық аурухананың басшылығына түскен шағым егжей-тегжейлі қаралуы тиіс екеніне тоқталды. 

«AMANAT» партиялық бақылау арқылы ауруханадағы мәселені тексеру үшін комиссия құрылды. Нәтижесінде, №1 қалалық клиникалық ауруханадағы жағдай біз ойлағаннан да қиын екенін көріп отырмыз», – дейді депутат Константин Авершин.

Оның айтуынша, 2021 жылға дейін мекемеде 900-ге жуық адам жұмыс істеген. Ал қазір мұнда 591 ғана қызметкер қалған. Бастысы ешқандай қысқарту болмаған. Тіпті, әлі күнге дейін аурухананың 20 бөлімі жұмыс істеп тұр.

– Осының бәрі – жалақының дұрыс төленбеуінен. Мәселен, өткен айда медбике мен санитарлардың жалақысы кешіктірілген. Тіпті, желтоқсан айлығын алды дегенімен, дәрігерлер әлі қараша айының жалақысын алмаған. Ал аурухананың бас есепшісі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорыннан ақша түссе, бірден төлем жасалатынын жеткізді, –  дейді Константин Авершин.

Сондықтан депутаттар аурухананы сенімгерлік басқаруға алған Smart Health University City ЖШС-на қаржылық тексеру жүргізу қажет деп санайды. Себебі, жалақы уақытылы төленбеген.   

 

Депутаттың айтуынша, 591 қызметкердің 111-і «AMANAT» партиясының мүшесі.

Тозығы жеткен мекеме 2020 жылдан бері жөндеу көрмеген. Төбесінен су сорғалап, қабырғасы көгерген. 

№1 қалалық клиникалық аурухананың мәселесі шешімін тапқанша «AMANAT» партиясының жіті бақылауында болады. 

Анар ҚОНЫС