География ғылымдарының докторы, профессор, Абай университеті Жаратылыстану және география институтының директоры Күләш Дүйсенбайқызымен кадр даярлау туралы сұхбаттастық.
Институттың білім беру бағдарламалары ұлттық рейтингте көш бастап тұр
2,648
оқылды

– Күләш Дүйсенбайқызы, жыл соңында ел алдында есеп береміз. Олай болса өзіңіз басқаратын институттың тарихына қысқаша шолу жасап өтсеңіз?

– Жаратылыстану және география институтының тарихы ұзақ мерзімді қамтиды. Биология және химия бағытында мамандар даярлау 1928 жылы басталса, география саласында мектеп мұғалімдерін даярлау 1933 жылдан бері үздіксіз жүргізіліп келеді. Елімізде тұңғыш рет туризм мен экология саласындағы мамандарды даярлауды да академик Ә.С. Бейсенованың бастамасымен біздің ұжым жүзеге асырғанын айрықша мақтанышпен айта аламыз. Ұзақ жылдар бойы Жаратылыстану-география факультеті деп аталған іргелі ұжым 2014 жылдан бастап Жаратылыстану және география институты болып қайта құрылды. Жаратылыстану-география факультетін елімізге және әлемге танымал ғылым және білім беру ісінің белгілі қайраткерлері бітірген, олардың ішінде академиктер Ә.С.Бейсенова, А.И.Сембаев, И.В.Северский, Б.А.Бірімжанов, Л.К.Клышов, А.Б.Бекенов, Р.Е.Елешов, Е.А.Мәмбетқазиев, М.К.Кукенов, Кеңес Одағының Батыры К.Хамзин, Халық Қаһарманы М.Таипов бар.

 

Қазіргі таңда Жаратылыстану және география институтында 27 білім беру бағдарламалары бойынша жоғары білікті мамандар даярланады және оқытудың барлық формасы бойынша қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде 3000-нан астам студенттер мен магистранттар, докторанттар білім алуда. «Химия», «Биология» және «География және экология» кафедраларында 141 оқытушы қызмет атқарады, олардың арасында 16 ғылым докторы, 53 ғылым кандидаты және 16 PhD, 6 «ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегерлері, жалпы білім беретін мектептерге арналған география, жаратылыстану, химия және биология пәндері оқулықтарының авторлары бар. Соңғы жылдары тәжірибе мен ғылымға негізделген білім беру қағидасын ұстана отырып, ғылыми-зерттеу мекемелері мен жалпы білім беретін мектептерден практик-оқытушыларды қос қызметтілік негізде жұмысқа қабылдадық. Институт ұжымы еліміздегі ғылыми-зерттеу институттарымен, ЖОО-мен және жалпы білім беретін мектептермен, Алматы қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектептерімен тығыз байланыста жұмыс істеуде.

 

Институттың 22 білім беру бағдарламасы халықаралық аккредиттеуден өткен. Ұлттық рейтингтерде институттың білім беру бағдарламалары алдыңғы орындарда тұр. Білім бағдарламаларын қазіргі заман талаптарына сай икемдеу, инновациялық бағдарламаларды даярлау да күн тәртібінен түспейді. Мысалы, п.ғ.к., профессор Ш. Карбаеваның Дүниежүзілік банк жобасы аясында Финляндиялық әріптестермен бірлестікте даярлаған география пәні мұғалімдерін даярлау бағдарламасы осы оқу жылында пилоттық режимде оқу үдерісіне енгізілді. Қазіргі кезде белсенді түрде заманауи материалдық-техникалық жабдықтау, академиялық ұтқырлықты дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жаратылыстану бағытында маман даярлаудың өз ерекшеліктері бар, яғни теориялық білім заманауи зертханаларда, далалық және өндірістік практикалар барысында алатын практикалық дағдылармен толықтырылуы қажет. Осы мақсатта біз білім алушылардың практикаларын ұйымдастыруға өте көп көңіл бөлеміз. Оқу, зерттеу практикаларының базалары ретінде ғылыми-зерттеу мекемелерімен, «Қазгидромет», Ботаникалық бақ, экологиялық ұйымдар мен ұлттық саябақтармен  ынтымақтастық дамуда. Университет ректорының қолдауымен агробиологиялық кешенді іске қосуға дайындық жұмыстары жүргізілуде. 

Қазіргі кезде Жаратылыстану және география институты еліміздегі жаратылыстану пәндерінің мұғалімдерін ғана емес, химия, биология және іргелес ғылымдар, география мен экология бойынша ғылыми бағыттағы мамандарды да даярлайды. Бұл біздің институттың жоғары ғылыми-педагогикалық әлеуетінің және материалдық-техникалық жабдықталуының жыл сайын артып келе жатқанының арқасында мүмкін болып отыр. Институтта химия, биология бағытында 14 оқу зертханасы, сонымен қатар географиялық ақпараттық жүйелер (ГАЖ) және экология зертханалары бар. Мысалы, 2023 жылдың өзінде институттағы зертханалар мен дәрісханаларды жабдықтауға тікелей университет бюджетінен 70 млн теңгеге жуық  қаржы жұмсалған екен. Кафедраларды материалдық-техникалық жабдықтау бюджет есебінен ғана емес, институтта орындалып жатқан гранттық жобалар есебінен де жүзеге асырылуда. Мысалы, географиялық зерттеулерде далалық мониторинг, өлшеу, сандық картографиялауға қажет құрал-жабдықтарымен қатар, дрон да қолданылуда.

Жалпы алғанда, Жаратылыстану және география институты өзінің дамуында кемел жасқа келгенімен, қазіргі заманғы білім мен ғылым технологияларын қолдану арқылы ұдайы жаңаруды, дамуды бастан кешіруде. Институттың профессор-оқытушылар құрамы жыл сайын талантты жас оқытушылармен, ғалымдармен толығып жатқанын мақтанышпен айта аламыз. Мен институт болашағын осы жастармен байланыстырамын және олар біздің ұжымның әрі қарайғы тарихын жарқын ететініне кәміл сенемін. 

– Институтта студенттерге заманауи білім берумен бірге жан-жақты тұлға болып қалыптасуына ықпал ету үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Бүгінде біздің білім бағдарламаларымызды таңдап, оқуға түсетін жастардың 90 пайыздан астамы мемлекеттік грант иегерлері, олардың арасында орта мектепті үздік аттестат немесе «Алтын белгімен» бітірген, облыстық, республикалық, халықаралық конкурстар мен олимпидалардың жүлдегерлері көптеп саналады. Осындай талантты білім алушыларымызды жан-жақты тұлға ретінде дамыту университетіміздің Даму бағдарламасында басшылыққа алынған ұлы Абайдың «Толық адам» тұжырымына сәйкес жүзеге асырылуда. 

Жаратылыстану және география институтында студенттердің жан-жақты дамуы үшін студенттік өзін-өзі басқару орталығы және арнайы студенттік клубтарымыз бар. «Qoldau» студенттік өзін-өзі басқару ұйымы – институттың белсенді студенттерінен құралған орталық. Студенттік өзін-өзі басқару ұйымы «Qoldau Documentation», «Qoldau Project», «Qoldau Media» деп аталатын үш бағыт бойынша жұмыс жүргізеді, олар қазірдің өзінде жауапкершілік алатын, қоғамға қызмет ететін болашақ көшбасшылар ретінде танылуда. Қазіргі жастарда креативті ойлау, тиімді әрекет ету жақсы дамыған. «Qoldau» ұйымы студенттермен жұмысты үйлестіру арқылы институтты басқаруға өзіндік үлесін қосуда.

Сонымен қатар, институт қабырғасында білім алушылардың жан-жақты дамуы үшін 6 студенттік клуб жұмыс істейді: «Student mass media» SMM клубы, «SPARKLE SCIENCE of chemistry» студенттік ғылыми зерттеу клубы, «Сырласу Live»клубы, «Алаш» дебат клубы, «Chesster» шахмат клубы, «Аяла» экологиялық клубы.

Әр клуб өз алдына қойған мақсаттары бойынша жұмыс жүргізеді, клубтарға тіркелуші студентер саны көп, клуб мүшелері әртүрлі жобаларға қатысады, тұлғалармен кездесу ұйымдастырады, экологиялық сенбіліктер өткізеді. Институтта студенттердің заман талабына сай жан-жақты дамыған маман иесі болып шығуы үшін барлық жағдай қарастырылған. Білім алушыларымыз институттың әлеуметтік желілердегі парақшаларын өздері жүргізеді, мұнда жалпы институт өмірінің барлық қырлары көрініс табуда деп сеніммен айтуға болады

 

– Институт әлемдік қандай жоғары оқу орындарымен іскерлік байланыс орнатқан?

– Қазіргі жаһандану жағдайында өз құндылықтарымызды қастерлеп, білім мен ғылым, технологиялар бойынша әлемдік озық тәжірибемен алмасу – бәсекеге қабілеттілікті арттырудың бір кепілі. Сол себепті Жаратылыстану және география институты өз қызметінде шетелдік жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан, яғни халықаралық ынтымақтастық академиялық және ғылыми жұмыстың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Халықаралық ынтымақтастық әр түрлі елдердің ғалымдары мен ЖОО арасындағы байланысты нығайтып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру мен дамытуда маңызды рөл атқарады. Жаратылыстану және география институты бұл үдеріске белсенді қатысады және әр түрлі деңгейдегі халықаралық ынтымақтастық қарым-қатынасын әрдайым дамытуда.

 

Институт кафедралары ҚР БҒМ жүйесінің жоғары оқу орындары және ғылыми-зерттеу мекемелерімен, ТМД елдері және алыс шетелдердің (АҚШ, Ұлыбритания, Германия, РФ, Украина, Польша, ҚХР, Түркия және т.б.) университеттермен тығыз байланыс орнатқан. Биылғы жылдың өзінде 3 оқытушымыз «Болашақ» бағдарламасы аясында АҚШ, Италия мен Түркия университеттерінде ғылыми тағылымдамадан өтіп келіп, өз тәжірибесімен бөлісуде.  Келесі жылы осы бағдарлама аясында тағы 2 оқытушымыз АҚШ, Ұлыбритания университеттерінде тағылымдамадан өтетін болады. Институттың жоғары ғылыми-әдістемелік әлеуетінің арқасында көршілес Өзбекстандағы Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университеті, Қоқанд мемлекеттік педагогикалық университетінің профессор-оқытушылар құрамын бірнеше рет ғылыми тағылымдамадан өткізіп, біліктіліктерін арттыру курстарын ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Біздің ғалымдарымыз Жапонияның Окаяма университетінде, Өзбекстанның бірқатар университеттерінің студенттері үшін дәрістер өткізгенін атап өткіміз келеді.  

Ғылыми ынтымақтастық шеңберінде де бірқатар жұмыстар атқарылуда. Біздің институттың басым бағыты ретінде білім беру мен ғылыми зерттеулерде Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) жүзеге асыру деп айтар едім, себебі әлем дамуының қазіргі бағдары болып отырған бұл 17 мақсат жаратылыстану ғылымдары мен білімімен тығыз байланысты. Осы тұрғыда бір ғылыми ынтымақтастық туралы айта кетейін. Тұрақты дамудың бір мақсаты «Климат өзгерістерімен күрес» деп аталады. Институт Окаяма университетінің (Жапония) тұрақты даму бағытында білім беруді ілгерілету орталығымен бірлесіп, «Тұрақты даму мүддесі үшін азиялық білім беру саласындағы озық тәжірибе орталықтары арасындағы ынтымақтастық арқылы климаттың өзгеруі мәселелері бойынша педагогикалық білімге жәрдемдесу» тақырыбында (2021-2024 жж.) халықаралық жоба орындауда. Бұл жобаға біздің институт ғалымдарымен бірге, Қытай, Үндістан, Индонезия, Жапония, Малайзия, Моңғолия, Филиппин және Таиланд сияқты Азия елдерінің 16 университетінің ғалымдары қатысуда.

Біздің институт пен Окаяма университетінің Тұрақты даму бағытында білім беруді ілгерілету орталығы арасында меморандумға қол қойылған, осының негізінде ғылыми тағылымдамадан өту, бірлескен семинарлар өткізу және докторанттарымыздың шетелдік ғылыми кеңесшілері ретінде жапондық профессорларды таңдауға мүмкіндік туды. Қазіргі кезде университеттердің QS әлемдік рейтингісінде 50-ші орын алатын Фудань университетімен (Қытай) ғылыми ынтымақтастық орнату бағытында жұмыс жүргізудеміз. Оның алғашқы нәтижесінің бірі – докторанттарымызға осы әйгілі университет профессорларының ғылыми жетекші болуға келісімін беруі. 

Қазір шығармашылықпен, ғылыммен айналысамын деген жастарға университетте барлық жағдай жасалған. Сіз басқаратын институтта бұл мәселе қалай жолға қойылған? Қандай ғылыми жобалар жүзеге асырылып жатыр? Институттың ғылыми әлеуеті мен жобалардың маңыздылығына тоқталып өтсеңіз.

Талантты жастарымыздың ғылыми зерттеулерін одан әрі жалғастыруы үшін университет тарапынан постдокторантура бағдарламасы ұсынылады. Осы бағдарлама бойынша биылғы жылы институттың 5 постдокторанты зерттеулер жүргізіп, ғылыми жобаларға жетекшілік етуде, олардың төртеуі өзіміздің түлектер болып табылады.  Жаратылыстану және география институтында ғылыми жобалардың басым көпшілігіне жас ғалымдар жетекшілік жасап, ғылыми әлеуетімізді арттырып, білім алушы жастарды ғылымға тартып жатыр десем, артық айтқандық емес. 

Институттағы ҚР Білім және ғылым министрлігі қаржыландыратын 10 жобаның 9-ының жетекшілері жас ғалымдар болып табылады, бұл жобалар еліміздің дамуы үшін аса өзекті мақсаттарға қол жеткізуді көздейді. Бірнеше жобаға тоқталып өтейін. Талантты жас ғалым, PhD Шахислам Лайсханов «Отырар ауданындағы топырақтардың тұздылығының жүгерінің өсіп-өнуіне әсерін зерттеу және дақылдың өнімділігін болжаудың ғарыштық әдісін әзірлеу» жобасының жетекшісі, ол жобаның зерттеу тобымен нәтижесінде топырақтың тұздылығының жүгерінің өсіп-дамуына әсері зерттелді және жүгерінің түсімділігін болжаудың ғарыштық әдісі әзірленді. Жоба нәтижелері аудан бойынша ұйымдастырылған далалық семинар барысында талқыланды. Жоба аясында 8 ғылыми мақала жарық көрді, олардың бірқатары халықаралық “Scopus” базасына енетін басылымдарда, соның ішінде Q1 санатындағы журналда жарияланды. 

География және экология кафедрасының меңгерушісі, PhD Думан Алиасқаров жетекшілік ететін Жамбыл облысының шағын қалаларын тұрақты дамытудың тиімді үлгілерінің концептуалды негізін жасау тақырыбындағы жоба еліміз үшін өзекті болып саналатын шағын қалалардың болашақта даму үлгілерін географиялық тұрғыда негіздеп беруге арналған. Бұл жоба аясында Жамбыл облысындағы Жаңатас, Қаратау және Шу қалаларында қазіргі заманғы құрал-жабдық көмегімен зерттеулер жүргізілді және жергілікті тұрғындармен әлеуметтік сауалнама негізінде ғылыми нәтижелер алынды. 

Биология кафедрасының меңгерушісі, PhD Әсия Майматаева жетекшілік етеін «PISA зерттеулеріне сәйкес оқушылардың функционалдық жаратылыстану-ғылыми сауаттылығын қалыптастырудың әдіснамалық негіздері» жобасы бойынша зерттеу тобы Жаратылыстану-ғылыми пәндер бойынша қазақстандық оқулықтардағы тапсырмаларға PISA зерттеулерінің деңгейлік тапсырмаларымен салыстырмалы талдау жасалып, күрделілігі жоғары деңгейлік тапсырмалар құрастырылды. Бұл ғылыми жобаның болашақта елімізде жаратылыстану бағытында білім берудің сапасын арттыруда қолданбалы маңызы зор деп есептеймін. 

PhD Нұржанат Шакирова «География мұғалімдерін даярлау мен қайта даярлауда тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру» тақырыбындағы ғылыми жобаға жетекшілік етеді, бұл жоба болашақ мұғалімдерді даярлау мен қайта даярлау сапасын арттыру арқылы әлем, мектептегі география пәні шеңберінде тұрақты даму мақсаттарына сәйкес білім беріп, дағдылар қалыптастырудың тиімді жолдарын ұсынуды көздейді.  Бұл жоба аясында университетте 16-20 қазан аралығында тұңғыш рет республикалық «Географиялық білім берудегі тұрақты даму мақсаттары» семинар-тренингі ұйымдастырылды. Семинар-тренингке еліміздің 100-ден астам география пәні мұғалімдері мен студенттер, магистранттар қатысып, халықаралық деңгейдегі сарапшылар (USAID, Экономикалық зерттеулер орталығы, Teacher's Lab, тұрақты өндіріс және тұтыну орталығы, т.б.) мен жоба орындаушыларынан Тұрақты дамудың 17 мақсатының әрқайсысын география сабақтарында қалай қалай жүзеге асыруға болатынын үйренді.

Химия кафедрасының постдокторанты, PhD Ербол Тілеуберді «Жанғыш пайдалы қазбалардан сұйық отын алу және осы процес қалдықтарын қайта пайдалану» жобасына жетекшілік етеді. Жоба идеясы – мұнайлы құмдарды термиялық өңдеу арқылы сұйық отын алу және алынған өнімнің товарлық мұнай сипаттамаларына сәйкестігін зерттей отырып, өңдеу процесінен шыққан қатты қалдықтарды құрылыс материалы ретінде пайдалану. Жанғыш пайдалы қазба ретінде Атырау, Маңғыстау және Ақтөбе обылыстарының мұнайлы құмдары пайдаланылады. Ғылыми жобаның негізгі міндеті осы құнды көмірсутек шикізатын қалдықсыз өңдеудің барлық барысының механизмі зерттеп, ғылыми негіздемесі жасау болып табылады.

PhD, жас ғалым Нұрбол Усенов жетекшілік ететін «Жаңартылған мазмұндағы географияны оқытуда сандық геоақпараттық технологияларды қолданудың әдістемелік негіздерін жасау (жоғары сыныптардың мысалында)» атты жобасының аясында зерттеу тобы Түркістан және Жамбыл облыстарының ауылдық мектептерінде «Жаңартылған мазмұндағы мектеп географиясын оқытудағы геоақпараттық технологиялардың қолданбалы негіздері» тақырыбында шеберлік сыныптарын өткізді. Бұл шеберлік сыныптарына Түркістан облысының 109 мектебінен және Жамбыл облысы 33 мектебінен география пәні мұғалімдері қатысты. Жалпы білім беретін мектептердің жоғары сыныптарына арнап «Географиялық білім берудегі геоақпараттық технологиялар мен ресурстар» атты авторлық оқу құралы дайындалды. 

Химия кафедрасының аға оқытушысы, PhD Ырысгүл Бақыткәрім «Электрохимиялық әдістерді қолдана отырып, пестициттерді жылдам анықтайтын сенсорлар жасау» жобасының жетекшісі болып табылады. Жобаның мақсаты - жақсы селективтілікке, тұрақтылыққа және репродуктивтілікке ие, үлгіні алдын ала өңдеуді қажет етпейтін, дайындау оңай, пестицидтерді тез анықтайтын электрохимиялық сенсорлар жасау болып табылады.

Сонымен қатар, қауымдастырылған профессор м.а. PhD Айнұр Сейілхан қазақстандық жоғары оқу орындарына жасыл университет концепциясын енгізудің механизмдерін зерттеу жобасының жетекшісі болып табылады. Бұл жобаның идеясы – қазақстандық жасыл университет моделін құру концепиясының теориялық және әдістемелік әспектіліерін зерттей отырып, жоғары оқу орындарында тұрақты даму контекстінде экологиялық білім беру мен мәдениет ұғымдарын қалыптастыру механизімдерін іздестіру және еліміздегі жоғары білім саласын бағалауда Қазақстандық жасыл университет рейтнгісі моделін ұсыну болып табылады.

Аға оқытушы, магистр Альбина Бейкитова Қазақстандық жоғары оқу орындарына жасыл университет концепциясын енгізудің механизмдерін зерттеу жобасының жетекшісі. Жобаның негізгі идеясы Қазақстанда педагогикалық жоғары оқу орындарында жаңартылған білім беру мазмұны негізінде тұлғаның географиялық мәдениетін қалыптастыру, болашақ география пәні мұғалімдерінің картографиялық құзыреттілігін қалыптастырудың әдістемелік негіздерін жасаумен байланысты мәселелерді шешуде отандық және шетелдік озық педагогика теориясы мен әдістемесіне сүйену қажеттілігінен туындайды. Педагогикалық бағыт бойынша география пәні мұғалімдерін даярлаудың тиімді жолдарын анықтап, білім беру бағдарламаларындағы бітіруші түлек моделі мен күтілетін нәтижелердің өзара байланыстылығын, бәсекеге қабілетті маман болуын педагогика және география ғылымдары тұрғысында негіздеу қажеттілігі, әдістемелік жолдарын ұсыну осы зерттеудің өзектілігін анықтайды.

Біздің институттың жастар ғылымын дамытудағы оң бастамасының бірі – әртүрлі деңгейдегі дәстүрлі ғылыми форумдарды ұйымдастыруы. Мысалы, біздің институт әрбір екі жыл сайын Жаратылыстану пәндері бойынша студенттердің халықаралық олимпиадасын өткізеді. Бұл олимпиадаға Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстанның жетекші университеттерінің студенттері қатысып, бақ сынасады. 2024 жылы осы олимпиада 3-ші рет өткелі отыр. Жалпы, дәстүрлер осылай қалыптасады деуге болады. Сонымен қатар, өзіміздің бастамамызбен былтыр тұсауын кескен Жастардың халықаралық ғылыми форумын биылғы жылы 2-ші рет өткіздік. Оған Қазақстан, Жапония, Үндістан, Түркия, Монғолия, Индонезия, Ресей, Өзбекстан және т.б. елдердің жас ғалымдары қатысып, өз зерттеулерінің нәтижелерімен бөлісті. Мұндай ғылыми басқосулар жастарымыздың ғылымға деген қызығушылықтарының артуына және халықаралық деңгейде баяндама жасап, пікірталастарға қатысып үйренуіне мүкіндік беретіні сөзсіз. 

 

– Абай университеті Қазақстанның өңірлік ЖОО-мен екіжақты келісімдер негізінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы жұмыс жасап жатқаны белгілі. Бұл мәселе сіз басқаратын институтта қалай жолға қойылған? Білім алушылардың сыртқы академиялық ұтқырлығын ұйымдастыру мәселесі туралы да тілге тиек ете кетсеңіз.

– Жаратылыстану және география институтының білім алушылары сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасына белсенді қатысады, себебі институтымызда оқу үлгерімі мен ағылшын тілін меңгеру деңгейі жоғары студенттер саны жыл сайын артып келеді. Жыл сайын Еуропа мен Азия елдерінің университеттеріне жылына 10-нан астам студент академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша 1 семестр оқуға жіберіледі. Атап айтқанда, осы оқу жылының бірінші семестрінде ғана Түркияның жоғары оқу орындарында 4 студент, Вильнюс университетінде 4 студент, Адам Мицкевич атындағы университетте (Польша) 4 студент академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алуда. Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетеімен орнаған ынтымақтастық нәтижесінде екі ЖОО студенттерімен алмасып, академиялық ұтқырлық бағдарламасы жүзеге асырылуда. География, биология және химия мамандықтарының 116 магистранты Стамбул университетінде халықаралық ғылыми тағылымдамадан өтті. Сондай-ақ, біздің докторанттар Түркия, Ресей, Польша, Германия университеттерінде ғылыми тағылымдамадан өтеді.

– Студент – оқу ордасының айнасы ғана емес әрі мақтанышы. Олай болса, кәсіби салада болсын, ғылымда, спортта, өнер-білімде болсын, студенттеріңіздің қандай жетістіктерін ерекше атап өткен болар едіңіз.

– Жыл сайын институтымызда дәстүрлі түрде студенттер мен магистранттардың ғылыми конференциясы өтеді. Ғылымға қызығушылығы бар жастардың шығармашылығын дамытуда ғылыми-зерттеу бағытындағы клубтарымыздың да өзіндік рөлі бар.  Мысалы, Химия кафедрасындағы «Sparkle science of chemistry» студенттік ғылыми-зерттеу клубы «Химия әлемі» тақырыбында студенттік конференцияны ұйымдастыруда.  

Институтта жастарды ғылымға тарту бағытында жүргізіліп жатқан осындай жұмыстар өз нәтижелерін беруде. Биылғы жылдың өзінде 50-ден астам білім алушыларымыз әртүрлі елдерде өткен 6 халықаралық олимпиада мен конкурстарда, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-де өткен студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарының республикалық байқауларында, республикалық пәндік олимпиадаларда жүлделі орындарды жеңіп алды. Олардың арасында Жекен Ақжол, Айдарбай Асылан, Айжарық Ақберен, Джаббарова Эмилия, Чайка Ксения, Гельдт Виктория, Гильманова Аида сияқты студенттеріміз бар. 2 курс магистранты Скендирова Мәншүк «Алматы ұстазы» байқауына қатысып, қала бойынша биология пәнінен ең үздік 10 ұстаздың тізіміне енді. 

Спорт бағытында да жетістікке жетіп жүрген студенттеріміз саны жетерлік, солардың ішінде  ерекше атап өтетіндері 2-курс студенті Пернебаев Ерасыл тоғызқұмалақтан ерлер арасында ҚР чемпионы, спорт шебері, осы жылы XII студенттер арасындағы жазғы универсиада чемпионы атанды. 1-курс студенті Ринатов Санжар Алматы облысы бойынша «Стенд ату» Гран-При жарысында  1-орынға ие болды.

Студенттеріміз қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. 3 курс  студенті Тұрдалы Нұргүл Алматы қаласы, Медеу ауданы бойынша жастар ісі жөніндегі орталықта төраға орынбасары, қалалық деңгейдегі көптеген іс-шараларды ұйымдастырушы болса, 2 курс студенті Ибадулла Дариға Алматы қаласы "Аманат" партиясының «Жастар рухы» ұйымына институтымыздан жауапты көшбасшы болып тағайындалған. 2 курс магистранты Есенбекова Қаракөз қалалық дебат ойындарының және магистранттар арасындағы ғылыми конференциялардың жеңімпазы атанған. 2 курс биология мамандығының студенті Жұмагерева Аяжан өзінің өнерімен  Талдықорған қаласында өткен үлкен жобалардың бірі «Жетісу аруы – 2023» байқауының жеңімпазы атанды, енді Аяжан «Қазақстан Аруы-2023» байқауында бақ сынайтын болады. 

Сонымен қатар, жыл сайын университет деңгейінде тұрақты түрде өтетін  «Студенттік апталық» байқауларында алдыңғы орындарды иеленіп жүр. Біздің студенттер бірнеше жыл қатарынан «Ең үздік студенттік өзін-өзі басқару ұйымы» номинациясының иеленушілері болып келеді. Жалпы алғанда, Жаратылыстану және география институтының білім мен ғылымға ұмтылатын талантты, белсенді жастары қазірдің өзінде жан-жақты тұлға ретінде қалыптасып жатыр деп сеніммен айтуға болады. 

Әңгімеңізге рақмет!