Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы талқыланды.
Бағдарлама жалғасын табады
1,173
оқылды

4 жыл бұрын бағдарлама Жамбыл облысында пилоттық режимде іске асырыла бастады. Өңір кооперация тетігін пайдалана отырып, ауылдық елді мекендерді кезең-кезеңімен дамыту бойынша Жол картасын әзірледі. Кооперативтердің жұмысы бір ауыл – бір өнім қағидаты бойынша жүргізілуде.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанатбек Мәдібектің мәлі­метінше, осы кезеңде 62 ауылдық елді мекен бағдарламамен қамты­­лып, 8,6 мыңға жуық адам несие алды. Несиелерді қайтару көрсеткіші 99,5%-ды құрайды. Ауылдық округтердің 250-ге жуық тұрғынын біріктіретін 62 кооператив құрылып, 700-ден астам техника сатып алынды. Ал мал саны 100 мыңнан астам басқа өсті. Сондай-ақ 6 құрама жем, 7 сүт өңдеу, 3 ет өңдеу цехы жұмыс істейді.

Келесі жылы бағдарламаға 24 ауыл­дық округті енгізу жоспарла­нуда. Бұл округтерде өсімдік шаруа­шылығы өнімдерін өндіру, отбасылық құс фермалары мен оны қай­та өңдеу кәсіпорындары сияқты типтік жобаларды ауқымын кеңейту жоспарлануда. Сондай-ақ ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өткізу аясын кеңейту жөніндегі жобалар қарастырылып жатыр. Осылайша, Таразда коммуналдық базардың құрылысы аяқталуда. Оның бір бөлігі шығарылған өнімді сату үшін ауыл тұр­ғын­­­­­дарына немесе олардың кооперативтеріне тегін беріледі. Жамбыл өңірінен айырмашы­лығы сол, елдің шығыс бөлігі алғаш рет ауылда табысты арттыру бағдарламасын сынап көрді. 

Абай облысында мал шаруа­шылығы басым бағыттардың бірі саналады. Сондықтан аймақ бағдарламаға қатысушылардың өнімдерін сатып алатын негізгі жобаларды анықтауға көбірек көңіл бөліп отыр. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Шалқар Байбековтің айтуынша, мұндай жобаның мысалы ретінде шамамен 10 млрд теңгеге салынып жатқан ет өңдейтін кәсіпорын құрылысын айтуға болады. Жаңа кә­­­сіпорын мал шаруашылығы өнімдерін сатып алуды және қайта өңдеу­ді ұйымдастырушы ретінде әрекет етуге дайын.

Көршілес Шығыс Қазақстан облысының табиғаты мен климатты бағдарламаны ауыл шаруашылығының барлық бағыты бойынша жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Өзге өңірлерден ерекшелігі сол, облыстағы әр аудан «Жеке қосалқы шаруашылық – кооператив – қайта өңдеу – өткізу» тізбегін қалыптастыру бойынша жұмыс істеп жатыр.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың ақпараты бойынша, Тарбағатай ауданының ауыл тұрғындарына балық аулауға арналған қайықтар мен құрал-саймандар сатып алу үшін несие бері­леді. Құрылған кооперативтер өнім­ді қайта өңдеуді және өткізуді қамтамасыз ететін «Ұлтарақ» өңдеу зауытына жеткізеді. Осылайша, кластер қалыптастырылады. Айта кетейік, бүгінде аталған кәсіпорын өнімдерінің 70%-ы Ресей мен Қытайға экспортталуда. Осындай тетіктер басқа бағыттар бойынша да жүзеге асырылады. Мәселен, аймақ бал өндіру ісімен де танымал. Енді облыс шетелдік инвесторлармен бірлесіп, омарташылардың өнімін қайта өңдеу кәсіпорнын салуды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар аймақ азық-түлік қауіпсіздігін және оның бағасын тұрақтандыруды қолдауға ниетті. Осы мақсатта, биыл ауыл шаруашы­лығы өнімдерінің ірі көтерме-тарату орталығы іске қосылды. Сондай-ақ ҚХР және РФ шекарасында тағы 2 орталық салу жоспарланған. Олар өңір тұрғындарын қажетті өніммен қамтамасыз ету және өзге елдерге экспорттау үшін пайдаланылады.

Келесі жылы облыс туристік саланы дамытуды жоспарлап отыр. Осы мақсатта «Ауыл аманаты» бағ­дар­ламасы аясында 4 жатақхана, 3 қонақ үй, 4 жол бойындағы кафе және 2  пантоемдеу орталығын салу көзделген.

«Өңірлердегі оң тәжірибені өзге облыстармен бөлісу қажет. Біздің басты мақсатымыз – тиімді жүзеге асы­ру арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттыру. Осыған байланыс­ты «Ауыл аманаты» бағдарламасын «Ауыл – ел бесігі» жобасымен, сондай-ақ жастарды жеңілдікпен несиелендіруге, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін грант беруге, мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарын ашуға бағытталған басқа да бағдарламалармен байланыстыру қажет. Олар­ды сабақтастыру арқылы айтарлықтай нәтижеге қол жеткізуге болады», – деді Тамара Дүйсенова.