Қазір республикада Мемлекет басшысының барлық деңгейдегі білім беру саласын нығайту жөніндегі бірқатар маңызды бастамаcы іске асырылуда.
Оқу-ағарту саласында жетістік көп
1,850
оқылды

Атап айтқанда, осы жылдың айшықты оқиғаларының бірі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының басталуы болды, оның аясында 740 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы 369 мектеп салынбақ. Биылғы білім беру саласындағы жаңа жобалар мен қол жеткізілген нәтижелер туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтып берді.

Биыл ел бойынша 137 мың оқушыға арналған 165 мектеп пайдалануға берілді. Осылайша, 12 апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқытатын 29 мектеп бойынша мәселе шешілді. 210-нан астам мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ биыл «Жайлы мек­теп» ұлттық жобасы аясында 461 мың оқу­шыға арналған 217 мектептің құ­ры­лысы басталды (екі ауысымда). Ми­нистрдің айтуынша, Білім беру ин­фра­құрылымын қолдау қоры құрылған сәттен бастап (жемқорлардан қайта­рылған қаражат) арнайы шотқа 151,9 млрд теңге түскен. Нәтижесінде, жал­­пы сомасы 96,5 млрд теңгеге 76,7 мың оқушыға арналған 62 мектептің құрылысы қаржыландырылды. Биылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 28,6 мың оқушыға арналған 17 мектеп пайдалануға берілді.

Елордадағы жобалық қуаты – екі ауысымда 2 400 орынға арналған №96 мектеп-гимназиясы осы жемқор­лар­­дан алынған қаражат есебінен са­лынған. Сол сияқты Тәуелсіздік күні қарсаңында Ақмола облысының Жал­тыркөл ауы­­­лында 300 оқушыға арналған мектеп ашылды. Ол да Білім беру инфрақұры­­лымын қолдау қорының қа­ра­жаты есебінен 1,5 млрд теңгеге са­лынған. Бұл мектепте 21 оқу кабинеті бар. 250 оқушы білім алады. 1 қыркүйекте СҚО Тайынша қаласында пайдалануға берілген 600 оқушыға арналған заманауи мектепке де аталған қордан 2,2 млрд теңге құйылған. Ауылдағы ескі мектеп ғимараты бұрын басқа мақсатқа қолда­­нылған және апатты жағдайда болған екен.

Президенттің Сайлауалды бағдарла­масын іске асыру мақсатында 718 мектеп 1 067 заманауи химия, физика, биология, STEM және робототехника кабинет­терімен жабдықталды. 1 қыркүйектен бастап 1,6 млн бала тегін ыстық тамақпен қамтылды, олардың ішінде 1,4 млн бастауыш сынып оқушысы және әлеу­меттік осал топтардан шыққан 200 мың­нан астам бала бар. Мемлекеттік білім беру ұйымдарында оқушылардың қауіп­сіздігін күшейту үшін тиісті жүйелер, атап айтқанда, бейнекамералар, дабыл түймешелері, турникеттер орна­тылып, жұмысы қамтамасыз етілген. Облыстарда балаларды тасымалдау үшін автобустар сатып алынды.

«Балабақшаға есепке алудың бірың­ғай базасы» әзірленіп, іске асырылуда. Екі облыста балабақшаға есепке алу жүйесі пилоттық режимде жұмыс істей­ді. 2024 жылы толық іске қосу жоспар­ланған.

Биылғы қаңтар айында мұғалімдердің жалақысы тағы 25%-ға өсті. Осылайша, 4 жыл ішінде мұғалімдердің жалақысы 2 есе көбейіп отыр. Қыркүйек айынан бастап 98 мыңға жуық тәрбиешінің жалақысы 30%-ға артты.

Сондай-ақ биыл колледж сту­дент­терінің стипендиясы 50%-ға көте­рілді. Колледж студенттеріне арнал­ған жаңа­дан 13 жатақхана ашылды. ТжКБ ұйым­дарында мемлекеттік білім беру тапсы­рысы 133 мың орынға дейін ұлғайтылды.

«Білім берудегі өзгерістердің 1 000 көш­­басшысы». Президенттік жастар кадр резервінің үлгісі бойынша мықты педагогтер қатарынан кадр резервін іріктеу және даярлау жөніндегі бағдарлама әзірленіп, іске асырылуда. Білім беру ұйымдарында тәрбие сапасын арттыру бойынша «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» қабылданды.

Азаматтарға жоғары білімді қолже­­тім­ді етудің қосымша тетігі ретінде «Ке­лешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйе­сін әзірлеу басталды. Жүйе аясында балаға арнайы шот ашылып, оған мемлекет 60 АЕК (5 жастағы балаларға) мөлшерінде бастапқы білім беру капи­талын салады. Онда ата-аналардың ерікті жарналары, 5%-7% мөлшерінде жыл сайынғы мемлекеттік сыйлықақы және инвестициялық табыс қаражаты жиналатын болады. Айына 1 АЕК мөлшерінде ең төменгі жарна салынатын болса, бала 18 жасқа толғанша 3,3 млн теңгеден астам қаражат жиналады. Ата-аналардың ерікті жарналары, мысалы, айына 3 АЕК-ке дейін жетсе, 7 млн тең­геден астам қаражат жинау мүмкін бо­лады. Сонымен қатар жүйе аясында ха­лықтың әлеуметтік осал топтарын қол­дау шаралары көзделген. Грантқа түскен жағдайда талапкер жиналған қаражатты тұрғын үй сатып алуға жұмсай алады.

Н.ҚОСАЙ