Қазіргі заманға сай ұтқыр және жауын­герлік жағынан қабілетті...
Әлішер Сүлейменов: Армия – шекара тұтастығы мен егемендіктің кепілі
4,500
оқылды

Бұл – Қа­зақстан Қарулы Күштеріне берілген баға. 2023 жыл біздің армия бұрын­ғыдан да мықты әрі заманауи бола түскенін көрсетіп отыр. Осы ретте әскери саладағы жыл қоры­тын­ды­сын білмекке Қорғаныс ми­нистрінің кеңесшісі Әлішер Сүлей­меновпен әңгімелес­кен едік.

– Әлішер Асқарұлы, бүгінде Қарулы Күштердің еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен бейбітшілікті сақтаудағы рөлі қандай?

– Қарулы Күштер кез келген уақытта, қандай да болмасын қауіпке дайын болу керек. Армия – мемлекет деген ұғымның негізгі элементтерінің бірі. Тәуелсіздіктің, шекара тұтастығының және егемендіктің кепілі. Әскер әрдайым стратегиялық тежеу факторы ретінде есепке алынады. Сол себепті ешкімнің де біздің елге қарсы агрес­сивті әрекет етем деген ойы болмауы керек. Қарулы күштердің еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен бейбітшілікті сақтаудағы рөлі осында.

– Қарулы Күштердің қару-жарақпен және әскери техникамен жарақтануына кеңірек тоқтала кетсеңіз. Сонымен қатар аумақтық қорғаныс әскерлерінің дамуында қандай өзгерістер бар?

– Қару-жарақпен және әскери техни­камен сапалы жарақтандыру жұмыстары жалғасуда. Қорғаныс министрлігі қару-жарақ пен әскери техника нарығына, да­мыған елдердің армияларындағы үрдістерге, қарулы қақтығыстардағы жауынгерлік жаңаша іс-қимыл тәсілдерін ескере отырып, әскерлерді жарақтандырудың перспектива­лық бағыттарына жүйелі негізде талдау жүргізіп отырады. ҚР ҚК-ні дамыту және әскерлерді жарақтандыру мәселелерін іске асыру үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын қайта жарақтандыру және қорғаныс-өнеркәсіп кешенін 2030 жылға дейін дамыту Тұжырымдамасы» бекітілді. Биыл 70-тен астам әскери техника мен 196 автокөліктің, арнаулы техникалар­дың модификациялары сатып алынды. Бұдан бөлек, Үкіметтің авиациялық парк пен ӘШҚҚ құралдарын қайта жарақтандыру және жаңарту бағдарламасының орында­луына тоқталатын болсақ, қазақстандық тарап пен еуропалық Airbus Military авиация концерні арасында жасалған келісімшарт шеңберінде авиапарк С-295 әскери-көліктік ұшақтарымен толықтырылды. Сонымен бірге Ми-35 және Ми-171Ш жаңа көліктік-жауынгерлік тікұшақтары жеткізілді. Биылғы жылдың соңына қарай «ТОР-2М» батареясын жеткізу жоспарланып отыр. 

Қазіргі заманғы ұрыстарда барлау құралдары, жоғары дәлдіктегі қару-жарақ және ұшқышсыз басқарылатын авиацияның рөлі айтарлықтай өзекті. Мемлекет бас­шысының тапсырмасымен ұшқышсыз бас­қарылатын авиация паркін ұлғайту жұмыс­тары жалғасып жатыр. Тамыз айында соққы беруші Anka дрондарының бірінші легі ұрыс тәжірибесіне қолдануға жеткізілді. Бүгінгі күні ұшқышсыз ұшатын аппараттар паркінде Wing Loong-1, Anka және Skylark барлау ҰҰА-лары барын атап өту керек.

Келесі маңызды бастаманың бірі – Қор­ғаныс ведомствосы дайындаған «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» заң жобасы. Аталған құжатта аумақ­тық қорғаныс жүйесіне қаржыландырудың тиісті көлемімен нығайтылған мемлекеттік сектордың жекелеген саласының форматын беру, мемлекеттік органдардың елдің аумақ­тық қорғанысын қамтамасыз етудегі функ­циялары мен өкілеттіктерін белгілеу, бейбіт және соғыс уақытында аумақтық қорға­нысты ұйымдастыру мен жүргізу тәртібін айқындау көзделген.

– Қарулы күштердің жауынгерлік дайын­дықтағы жетістіктері туралы хабардармыз. Халықаралық форматта әскерлердің жауын­герлік дайындығы, басқа елдермен озық прак­тикалық тәжірибе алмасуы туралы да білгіміз келеді. Биыл өткен қандай халықаралық оқу-жаттығуларды атап өтер едіңіз?

– Қорғаныс министрлігі белгілі бір халықаралық шарттар негізінде Қазақстан Республикасының әскери оқу орындарында, білім беру ұйымдарында, сондай-ақ ше­телдік білім беру ұйымдарында әскери кадрларды дайындауды және қайта дайын­дауды жүзеге асырады. Ұлттық қорғаныс университетінде жыл сайын біліктілікті арттыруға арналған 20-дан астам курс өткізу қарастырылған. Әскери оқу орындарындағы оқу процесі Қарулы күштердің жауынгерлік дайындық жоспарымен тығыз байланысты. Тыңдаушылар мен курсанттар әскерлермен бірлесіп, барлық жаттығуларға қатыса алады. 

ҚК-нің әскери қызметшілерін шетел­дерде оқыту мемлекетіміздің қажеттілігіне сәйкес, негізінен Қазақстан Республикасы­ның әскери және азаматтық оқу орындарын­да оқытылмайтын мамандықтар бойынша жүргізіледі. Шет мемлекеттердің әскери оқу орындарында қазақстандық әскери қызмет­шілердің біліктілігін арттыру курстары – Қарулы Күштерді жоғары білікті кадрлармен толықтыру және әскери кадрларды дайын­даудың қазіргі заманғы тәжірибесін зерделеу жөніндегі шаралар кешенінің маңызды құрамдас бөлігі.

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі Түркия, Үндістан, Пәкістан, Ресей, Беларусь, Литва, Қытай, АҚШ және Ұлыбританияның жоғары әскери оқу орын­дары мен оқу орталықтарында қазақстандық әскери қызметшілерді дайындауды жүзеге асырады. Олардың көпшілігі радиоэлектрон­дық және радиотехникалық барлау, геоақ­параттық жүйелер, инженерлік қызмет, ұшу аппараттарын басқару жүйелері және әс­кери-теңіз мамандықтары бойынша білім алады.

Биыл Қазақстан армиясының әскери қызметшілері «Кыш–2023», «Мызғымас бауырластық–2023», «Аңырақай–2023», «Достарым–2023», «Өзара іс-қимыл–2023», «Жауынгерлік достастық–2023» және тағы да басқа халықаралық оқу-жаттығуларға қатысты. 

– Бүгінде Қазақстанның бітімгерлік күштері БҰҰ-ның бірнеше елдегі мис­сияларына қатысып, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өз үлестерін қосуда. Миссияларға қатысатын бітім­герлерді дайындау мен оларды әлеуметтік қамсыз­дандыру туралы айта кетсеңіз.

– 2023 жылы Батыс Сахара, Орталық Африка Республикасы, Мали және Ливан аумақтарындағы миссияға 19 әскери қызметші тартылды. 2014 жылдан бастап алар болсақ, миссияларға барлығы 598 әскери қызметші, оның ішінде 5 әйел әскери қызметші қатысты. Олар­ды теориялық және практикалық дайындау Алматы қаласындағы Бітімгерлік опера­циялар орталығында өтеді. Сонымен қатар 2022 жылдың 1 тамызында Біріккен Ұлттар Ұйымы ҚР ҚК-нің Минадан тазарту ор­талығының базасында өткізілетін «Жары­лыс қаупі бар заттарды залалсыздандыру» курсын сертификаттады. 2023 жылғы 1 қаңтарда Біріккен Ұлттар Ұйымы ҚР ҚМ-нің Бітімгерлік операциялар орталығы база­сында өткізілетін «БҰҰ штаб офицерлері» және «Азаматтық халықты қорғау» курста­рын ратификациялағанын айта кету керек.

Ұлттық контингент бітімгерлік опера­цияға қатысу кезеңінде үш еселенген ақшалай үлеспен (жалақымен) қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ олар ұрыс қимылдарына қатысушыларға теңестірілген. Бітімгерлік операциядан оралған соң мемлекеттік органдардың (ұйымдардың) қаражаты есебінен кемінде күнтізбелік жеті күн, бірақ жиырма бір тәуліктен аспайтын мерзімге санаторлық-курорттық емделуге жіберіледі. Бұдан өзге, бітімгерлік операцияларға қатысатын (қатысқан) әскери қызметшілерге екі аптаға (14 тәулікке) созылатын қосымша демалыс беріледі. Ол жыл сайынғы дема­лысқа қосылып отырады. Бітімгерлік опера­цияларға қатысу кезеңінде әскери қызмет­шінің бір айы бір жарым айға жеңілдікті шарттармен есептеледі. Сонымен бірге әрбір бітімгерге бітімгерлік операцияға қатысу кезеңінде БҰҰ-дан әрбір күнтізбелік ай үшін 1 428 АҚШ доллары мөлшерінде төлем көзделген (ҚР ҚМ-нің үш еселенген ақ­шалай үлесіне қосымша).

– Бүгінде Қарулы күштерге цифрлық технологияларды енгізу белсенді түрде жүргізіліп жатқаны белгілі. Соңғы уақытта цифрландыру армия қызметінің қандай салаларына қатысты болды? Алдағы жыл­дарға осы бағытта қандай міндеттер тұр? 

– Дұрыс айтасыз, Қарулы Күштер зама­науи технологияларды енгізу бойынша белсенді жұмыстар жүргізуде әрі әскерді цифрландыру – Қорғаныс министрінің тұрақты бақылауында. Бұл міндеттерге байланыс жүйелерін жаңарту, басқару жүйелерін біріктіру, қару-жарақ пен техни­каны жаңарту және киберқауіпсіздік кіреді. Цифрландыру әскери операциялардың тиім­ділігі мен дәлдігін арттырып қана қой­майды, сонымен қатар әскери қызметшілер­дің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Оларға әртүрлі жағдайлар мен сценарийлерде тап­сырмаларды сәтті орындауға көмектеседі.

Соңғы жылдардағы соғыстар мен қарулы қақтығыстарды талдау бүгінгі күні кикілжің­дер парадигмасының мазмұны ең бір түбе­гейлі өзгерістерге ұшырағанын көрсетеді. Мұның себебі электрониканың қарқынды дамуында, қолбасшылар мен командирлер­дің қолында барлау, басқару, жою және қам­тамасыз ету күштері мен құралдарын функционалды түрде біріктіретін түбегейлі жаңа ақпараттық жүйелердің пайда бо­луында. Бұл – бірлестіктің негізі заманауи жүйелік-техникалық шешімдерін, желілік технологияларды және желіні басқару принциптерін кең ауқымда іске асыру деген сөз. Қазіргі әскери қақтығыс­тарда әскер­лерді басқаруды ғарыштық барлау және радионавигация жүйе­лерімен, деректерді берудің кең жүйе­сімен қамтымай, сондай-ақ барлық негізгі функция­ларды автомат­тан­дырмай, басқару пункттерін пайдалану тиімсіз болады. Заманауи армияда автомат­танды­рылған басқару жүйелерін енгізу әр­түрлі деңгейдегі әскерлерді басқару­дың сенімділігі мен өміршеңдігін, икем­ділігі мен жа­сырын болуын едәуір арт­тырды. Бейбіт уа­қытта әскерлерді бас­қарудың заманауи автоматтан­дырылған жүйелері нақ­­ты ұрыс қимыл­да­рына барынша жа­қын әскерлер мен бөлімше­лерді жат­тығу алаңы ре­­­тін­де пай­да­­­лануға мүм­­­кін­дік бе­­реді. Әс­кер­лер мен бөлімшелер­ді оқыту­дың мұндай мүм­­кіндік­тері қару-жарақ пен әскери техниканың нақты ресурстарын ай­тарлықтай үнем­дейді. Сонымен қатар басқа да ресурстарға үнем жасайды. Биыл біз Әуе қорғанысы күштері үшін ақпараттық жүйені қабылдадық. Бұл еліміздің әуе кеңістігін пайдалануда авто­мат­ты режимде ақпарат массивін өңдеу қабілетін арттырды. Әуе шебімізді қорғауда шешім қабылдау уақытын бірнеше есе қысқартуға мүмкіндік берді. 

Халықпен өзара іс-қимыл мәселесіне де көп көңіл бөлінуде. Осы жерде мен кейбір өзгерістер туралы да айта кетсем деп едім. Енді азаматтарға тұрақты тұратын жерін ауыстырған кезде әскери комиссариаттарға немесе Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгірудің қажеті жоқ. Мекенжайы өзгерген кезде біз аза­маттардың әскери есебін автоматты түрде өзгертеміз. Бүгінгі таңда мұндай қызмет бір жылда 100 мыңнан астам азаматқа ұсы­нылды. Әскери қызмет өткер­меген, оның ішінде 27 жасқа толған адамдарға бұдан былай әскери билеттерді алу үшін жергілікті әскери басқару органдарына жүгінудің қажеті жоқ. Оларға бұрынғыдай әскери билет берілмейді. Оның орнына әскери міндеттіліктің мәртебесі айқындалып, әскери есебі Egov жеке кабинетінде көр­сетіледі. Азаматтарға жұмысқа орналасу кезінде әскери қыз­метке қатынасы туралы анық­тама алу үшін де әскери комиссариатқа барудың қажеті жоқ. Жұмыс беру­ші бұл ақпаратты Egov-тан өз бетінше көре ала­ды. Сондай-ақ ше­телге тұрақты тұруға кеткен кезде де әскери комиссариаттарға барудың қажеті жоқ. Біз өзіміз қажетті ақпаратты көші-қон қызметіне береміз. Сол сияқты зейнетке шықпас бұрын әскери қызмет өткергенін растау туралы анықтама алу үшін де әскери комиссариаттардың табалдырығын тоздыр­майсыз. Қажетті ақпарат зейнетақы төлем­дерін есептеу жөніндегі уәкілетті органға беріледі.

Цифрландыру бойынша да көптеген бастамаларымыз бар. Барлығын жүйелеу және цифрлық рельстерге қою үшін біз осы жылдың қаңтар айында «Цифрлық транс­формацияның жол картасы» деп аталатын цифрландыру стратегиясын қабылдадық. Онда барлық бөлімшелер мен министрлік басшылығының қажеттіліктерін ескере отырып, Қарулы Күштер түрлері мен әскер тектері қызметінің барлық аспектілері жинақталған.

– Мемлекет әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыру деңгейін арттыруға ерекше назар аударуда. Тұрғын үй, жалақы және басқа да жеңілдіктер беріледі. Бұл бағытта қандай жұмыс жүргізілуде? Жақын арада әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыру мәселелеріне өзгерістер енгізу жоспарлануда ма?

– Қарулы Күштер әскери қызметші­лерінің әлеуметтік қорғалуы мен ақшалай үлесін арттыру қорғаныс ведомствосы басшылығының ұдайы назарында. 2021 жыл­дан бастап 2021-2023 жылдарға жос­пар­ланған Қарулы Күштер әскери қызмет­шілерінің лауазымдық жалақыларын кезең-кезеңімен жыл сайын арттыру басталды. 2023 жылы ұшу құрамының лауазымдық жалақысы жоғарылатылды. Әскери меди­цина қызметкерлерінің ақшалай үлесі аза­маттық медициналық мекемелердегі меди­цина қызметкерлерінің жалақысы деңгейіне, ал жоғары әскери оқу орындары оқытушы­ларының жалақысы азаматтық жоғары оқу орындарындағы деңгейге жеткізілді. Бұдан басқа төтенше жағдайларды жою кезінде Қарулы Күштер әскери қызметшілеріне ақшалай қаражат төлеу 3 еселенген мөлшерге ұлғайтылды. Со­нымен қатар 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап әскери қызметшілердің қатардағы және сержанттық құрамдары лауазымдарының тарифтік санаттарын және әскери қызмет­шілердің әскери атағы бо­йын­ша жалақыла­рын 30%-ға арттыру; зей­нетақымен қамсыз­дандырудың кейбір мә­селелері, сондай-ақ зейнетақы төлемдерін алу­шылардың зей­нета­қы жинақтарының қал­дығын қандай да бір шектеусіз пай­да­лануға құқық беру мәселелері пысық­талуда.

– Жақында Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Мәжіліс депутаттарына «Резерв­тегі қызмет туралы» заң жобасын ұсын­ды. Қызметтің осы түрінің ерекшеліктері мен артықшылықтары туралы айтып бе­ріңізші?

– Резервтегі қызмет әскерлерді адам ресурстарымен кепілді қамтамасыз етуге және жауынгерлік даярлықтағы резервтік күштерді құруға мүмкіндік береді. Бұл заңның қабылдануы белгілі бір оң әлеу­меттік әсер етпек. Біріншіден, резервтегі әскери қызметке кірген азаматтардың та­бысы артады, олардың мемлекеттің кө­мегіне тәуелділігі төмендейді. Екіншіден, халықтың Қарулы Күштерге деген сенімі артады. Сон­дай-ақ әскери резервтегілер қазақстандық патриотизм рухында тәр­биеленетін болады.

Резервте әскери қызметті енгізу бейбіт уақытта Қарулы Күштерді ұлғайтпай-ақ қойылған міндеттерді орындауға әзір азаматтардың белгілі бір санын дайындауға мүмкіндік береді. Азаматтарды қабылдауды республиканың барлық аумағында өткізу жоспарлануда. Әскери бөлімдерді резервші­лермен толықтыру аумақтық қағидат бо­йынша жүзеге асырылатын болады. Бастап­қы кезеңде 2 000-ға жуық адамды тарту жоспарлануда. Резервшілерді облыстар мен аудандар бойынша бөлу резервтегі қызмет жоспарланған әскери бөлімдердің орна­ласуына байланысты болмақ. Заң жобасында резервшінің жұмыс орнын (лауазымын) сақтауға кепілдік беретін еңбек заңнамасына тиісті түзетулер енгізіледі. Ай сайын резерв­шілерге Қазақстан Республикасы бойынша ең төменгі жалақы төлеу жоспарланған, ал алымдар жүргізу кезеңінде негізгі жұмысы бар азаматтарға олардың орташа айлық жа­ла­қысы мөлшерінде төлемдер жоспар­ланады.

– Әскери қызметтің беделін арттыру мәселесіне келсек. Жалпы, сіз жас ұрпақтың әскери қызметке және әскери мамандыққа деген қызығушылығын қалай бағалайсыз? Қызығушылық артып келеді деп айтуға бола ма?

– Қызығушылықтың артып келе жат­қаны сөзсіз. Қарулы күштер қатарында мер­зімді әскери қызмет атқарудың тартым­дылығы мен беделін арттыру мақсатымен Қорғаныс министрлігі бірқатар нақты ұсы­ныстар әзірледі. Атап айтқанда, қолданыста­ғы заңнамаға келесі өзгерістерді енгізу мүм­кіндігін қарастыруды ұсынды. Комму­нал­дық қызметтерге ақы төлеу кезінде мер­зімді қызметтегі әскери қызметшілердің отбасы мүшелеріне, мерзімді әскери қыз­метті өткеру кезеңіне, қосымша жеңілдіктер беру. Мерзімді әскери қызмет өткеру ке­зеңіне «кредиттік каникул» беріп, оны төлеу­ді кейінге қалдыру. Сондай-ақ басқа да қосымша жеңілдіктер, оның ішінде білім беру секторы да бар. Яки, жас жігіттер мерзімді әскери қызмет өткергеннен кейін екі жыл ішінде, егер ол мемлекеттік-құқық­тық, жауынгерлік дайындықта, үлгілі қыз­метте және әскери тәртіпте жоғары нәти­желерге қол жеткізген кезде ЖОО есебінен, біздің гранттар жөніндегі бағдарламамыз шеңберінде тегін жоғары білім алуға, сондай-ақ ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына ҰБТ-ны есепке алмай түсуге, оқу орнының қабылдау ко­миссиялары өткізетін әңгімелесу нәти­желері бойынша ҰБТ-ны есептемегенде кез келген қазақстандық ЖОО-на ақылы не­гізде түсуге құқылы. Олар жоғары оқу ор­нын­да оқыған жағдайда әскери кафедралар­да түсу емтихандарынсыз тегін негізде оқи алады және олардың балалары әскери оқу орындарына емтихансыз түсуге басым құқыққа ие болады. Бүгінде жеңілдетілген білім беру бағдарламасы жұмыс істейді. Биыл еліміздің 70-тен астам жоғары оқу орындарынан 3 000 жеңілдікті білім беру гранттары табыс етілді. «Кредиттік каникул» жобасы бойынша 1 млрд 875 млн теңгеге 5 мыңнан астам мерзімді қызмет әскери қызметшісінің төлемі кейінге қалдырылды. Қазір осы нормаларды заңнамалық тұрғыдан бекіту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

– Әлішер Асқарұлы, идеологиялық және ақпараттық жұмыс мәселелері қазіргі қоғамдағы басты рөлдердің бірін атқарады. Бұл бағытта жағдай қалай? Қорғаныс ми­нистрлігі Отан қорғаушылардың патриоттық сезімін қалай оятады және ведомствоның ақпараттық саясаты қалай құрылған? 

– Патриотизм Отанымызды тек өзіміз ғана өркендете алатынымызды, оның мүдделерін өзіміз ғана қорғай алаты­ны­мызды, оның одан әрі дамуын өзіміз ғана қамтамасыз ете алатынымызды түсінуден басталады. Әркім өз елінің болашағы үшін жауапты екенін сезінуі керек. Отанға деген сүйіспеншілік алаңға шығып ұрандату емес. Патриотизм – бұл жүректен шыққан сезім. 

Бүгінгі жастар – ертеңгі Отан қор­ғаушылары. Егер біз еліміздің қауіпсіз бол­ғанын қаласақ, нағыз патриот, еңбекқор, жан-жақты дамыған ұрпақты тәрбиелеуіміз керек. Қорғаныс министрлігі әскери-патриоттық тәрбие мәселелеріне ерекше назар аударады. Мысалы, биылғы маусым айында Қарулы күштердің «Спасск» оқу орталығында жыл сайынғы «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жиыны өткізілді. Оған Қазақстан Республикасының, Әзербайжан және Өзбекстан Республи­каларының командалары келді. Жиынға Қазақстан Республикасынан «Жас ұлан» республикалық мектептерінің, Астана қаласы әскери колледжінің, әскери мектеп-интернаттардың, Қарулы Күштер әскери бөлімдері мен мекемелерінің жанынан құрылған әскери-патриоттық клубтардың, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының тәрбиеленушілері және облыстық іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары қатысты. Барлығы 43 команда, яки 14 пен 17 жас аралығындағы 642 тәрбиеленуші, оның ішінде 460 ұл және 182 қыз бала жиналды. Әскери-патриоттық жиынның мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында өз Отанын қорғауға дайын ел азаматының жоғары патриоттық сезімдері мен адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру.

Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайда 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының батырлары мен ауған жауынгерлеріне қатысты артефактілер, жеке заттар, әскери жабдықтар, басқа құжаттар мен материалдар қойылған көшпелі көрмелер ұйымдасты­рылды. Қарулы күштер мен Ұлттық ұланның әскери бөлімдері қару-жарақ пен атыс қаруының көрмелерін орналастырды.

«Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысы қазіргі уақытта Қазақстанның барлық 20 облысында және қалаларында өңірлік филиалдарын ашты. Өңірлердің әкімдері бастап, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруді жетілдіру бойынша Үйлестіру кеңестері құрылды. Елде қазірдің өзінде 8 000-нан астам әскери-патриоттық клуб, «Жас сарбаз» сыныптары және Smart sarbaz үйірмелері жұмыс істейді. Оларға 260 000-нан астам адам қатысады. Біздің есептеуіміз бойынша, бұл еліміздің жалпы білім беру мекемелеріндегі оқу­шылардың жалпы санының 7,2%-ды құрайды. Жақында ғана Қарулы Күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығында «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық ән фестивалі өтті. Оған еліміздің барлық өңірлерінен 150-ден астам дарынды балалар қатысты.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Нұрлан СӘРСЕНҒАЛИҰЛЫ