Күнделікті байланысып жүрген танысыңыздан WhatsApp желісі арқылы қарызға ақша сұраған хабарлама келді ме?
Алаяқтар WhatsApp-қа қосылды
5,589
оқылды

Онда қал­таңыздағы бар ақшаны шығаруға асықпаңыз. Себебі сайттар мен әлеуметтік желілер арқылы қитұрқы әрекеттерін іске асыратындар енді WhatsApp желісіне көшті. Халықтың адал ақшасын арам жолмен жымқыратын алаяқтар танысыңыздың рөліне еніп, сіздің де сеніміңізге кіруі әбден мүмкін. 

Технология саласы кең қанат жайған сайын әлеуметтік желі арқылы жүретін  қылмыстық әрекеттер саны да азаймай тұр. Соңғы уақытта WhatsApp әлеуметтік желісінде таныстарынан қарызға ақша сұрап хат келгенін, бірақ соңында бармақ тістеп қалғанын айтқан шағымданушылар көбейді. Ресми деректерге жүгінсек, жыл басынан бері 34 мыңнан астам қазақ­стандық киберқылмыскердің  қармағына түсіп, сан соғып қалған. 

Жақында жұмыс бабымен әріптесімізді арнайы кездесуге шақырдық. Алайда кездесу уақыты жақындаған сәтте ол келе алмайтынын айтып хабарласты. Себебін анықтау үшін өзімен байланысқа шық­қанымызда, WhatsApp желісінің бұғатталып қалғанын, соның әсерінен ешкіммен байланыса алмай отырғанын айтып көңілі түсті. Оқиғаның артынша танысымыздың атынан алаяқтар айласын асырмақшы болғанын білдік. Біз өмір сүретін қоғамда болған осындай шынайы фактілерден кейін киберқылмыскерлер үшін белгілен­ген шекараның жоқ екенін аңғаруға бо­­ла­ды. Жасанды интеллект дәуірі өркендеген тұста алаяқтардың да кеңістігі кеңейіп, айла-тәсілдің түр-түрін ойлап табуда. 

Алаяқтар қарттарды алдауға көшкен

Алаяқ үшін сіздің қай қалада, тіпті жер шарының қай нүктесінде тұратыныңыз маңызды емес. Негізгісі – сіздің сеніміңізге кіріп, өзіндік стратегиясын кедергісіз жүзеге асыру. Мамандар өзге мемлекетке тиесілі нөмірден хабарлама келсе, оған сақтықпен қарауға шақырады. Онымен қоймай алаяқтардың қарт адамдарды алдауға көшкені жайлы Алматы қаласының тұрғындарынан шағым келіп түскен. Бұл ақпаратты Алматы қаласы Полиция де­партаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек те жоққа шығармайды:

– Мұндай алаяқтық деректер туралы жақын туыстарыңыз бен достарыңызға, әсіресе қарт адамдарға ескертіңіз. Егер сізге полиция қызметкерлері қоңырау шалса, олардың сізден ақша сұрауға құ­қы­ғы жоқ екенін есте сақтаңыз. Әңгіме­лесуді бастамас бұрын сұхбаттасушы өзін таныстыруы керек. Бұл ақпаратты «102» арнасы арқылы тексеріп алыңыз. Бейтаныс адам телефон соқса, оның сізге нені және қалай айтқысы келетініне назар аударыңыз. Әдетте, алаяқтар асықтыруға, шатастыруға және ықтимал салдарын айтып қорқытуға тырысады. Кез келген ақпарат тексерілуге тиіс, – дейді С.Әзірбек. 

Тәртіп сақшылары бейтаныс адамнан күмәнді сілтемелер көрсетілген хат келіп түссе, оны ашпауға және арадағы байланысты тоқтатуға шақырады. Қауіптің алдын алу үшін  WhatsApp немесе Telegram мессен­джерлер қосымшасында «баптаулар» одан кейін «байланыстырылған құрылғы­ларға» өту арқылы параллель кіруді тек­се­руге болады. Егер мұнда сіз қосылмаған бөгде құрылғы көрсетілсе, бірден сессиядан шығу керек. 

Қаржылық  сауатты жетілдіру маңызды

Электрондық қаржы орталығы басқарма төрағасының орынбасары Медет Ысқақов әлеуметтік желілердегі алаяқтықтың артуын ішінара қоғамның қаржылық және ақпараттық сауатының жеткілік­сіздігімен байланыстырады. Желіде алдау әдістері туралы білімнің болмауы адамдарды алаяқтардың алдында әлсіз етеді. Мұның соңы қаржылық шығын­нан бөлек, өзге де жағымсыз сал­дарға әкеліп соғуы мүмкін. Ме­дет Болатбекұлы алаяқтық деңгейін төмендету үшін адамдарды алаяқтық белгілерін тани білуге үйрету және желіде қауіпсіз мінез-құлық дағдысын дамыту арқылы ақпараттық сауаттылықты жақсарту қажетін атап өтті.

– Телефон артындағы алаяқтар фишинг­тік қоңыраулар, әлеуметтік желілер, алаяқтық SMS немесе электрон­дық пошталар, жалған веб-сайттар арқылы алдау, адамның жеке ақпаратын ашу немесе қаржылық операциялар жасау үшін әртүрлі амалдарды пайдалануы мүмкін. Тағы бір ескерерлік маңызды ақ­парат – жеке ақпаратты ашық дерек­көздерде жарияламау. Бұл адамға қаржылық қауіп төндіруі мүмкін. Қажетті ақпараттан хабардар болмау, қауіпсіздік шараларының жеткіліксіздігі ауыр зардаптарға әкеледі. Аталған мәселе цифрлық қауіпсіздік туралы білім беру саласында барынша на­зар аударуды және жеке деректерді қорғаудың тиімді саясатын әзірлеуді талап етеді, – дейді Электрондық қаржы орталығы басқарма төрағасының орын­басары М.Ысқақов.

«Әлеуметтік желі арқылы алаяқтарға екі рет алданып қалдым»

Алматы қаласының тұрғыны Айгүл (ред-есімі өзгертіліп берілді) осыдан бірер ай бұрын Kaspi қосымшасы арқылы төлем жасаймын деп, қалтасындағы 110 000 теңгесінен айрылған. Бұл Айгүлдің басынан өткерген алғашқы оқиғасы емес. Кейінірек WhatsApp пен Telegram желісі арқылы байланысқа шыққан алаяқтың арбауына түсіп, көлемді мөлшердегі ақшасын жоғалт­қан. Кейіпкеріміздің сөзінше, қаражат қолды болғаннан кейін телефон артындағы алаяқ әп-сәтте Айгүлді танымайтынын айтып, жауапкершіліктен басын алып қашқан.

– Әлеуметтік желі арқылы алаяқтарға екі рет алданып қалдым. Алғашқысы Kaspi Red арқылы қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырамыз деп 110 000 теңгемді жымқырды. Барлығы заңды екенін және Kaspi Red-тен ақша түсетінін айтты. Kaspi қосымшасына SMS хат жіберіп, сол жерден «төлем жасау» деген тетікті бассам ақша автоматты түрде түсетініне сендірді. Соңында бір тиын ақша түспеген соң полицияға хабарлайтынымды ескерттім. Бірақ ол еш шімірікпестен: «Хабарлай бер, кімді қорқытып отырсың? Кешігіп түседі деп айттым ғой», –  деді...

«Кенеттен мені «танымай қалды»

Қазір криптовалюта арқылы ақшаңызды көбейтемін деген арбау сөзбен жарнама күшін қолданып, теріс пиғылын іске асыратындар көбейді. Айгүл де сондай бір жарнаманың соңынан еріп, алаяқтың құрбанына айналғандардың бірі.

– Бірде әлеуметтік желіден жарнама мәтіні келді. Төменде сілтемесі көрсетілді. Сол сілтеме арқылы WhatsApp-қа өттім. Біз телефон артында отырған адаммен осы қосымша арқылы сөйлестік. Қарасам, іскер жап-жақсы көрінетін әйел адамның суретін қойған. Бірінші ақшаңызды көбейтеміз деп 15 мың теңге аударуымды сұрады. Әрі қарай 800 000 теңге ұттыңыз деген хабарлама келіп түсті. Бірақ қомақты соманы алу үшін 60 000 теңге комиссия төлеуім тиіс екен. Ақшаны қайда аударайын деп сұрағанымда, екі телефон нөмірі берілді. Ешқандай шот айтылмады. Тіпті, менен аударымды растайтын түбіртекті де сұрап алды. Айтылған нөмірге ақшамды аударған соң, уәде етілген ақшаның қайда екенін сұрадым. Бірақ ол кісі кенеттен мені «танымай қалды». «Мен сізді танымаймын. Сізден ақша сұраған жоқпын. Мүмкін алаяқтардың ісі шығар», –  деп өзгеріп шыға келді. Одан бөлек, біз Telegram арқылы байланыста болдық. Осы жағдайдан кейін бір-бірімізбен сөйлескен чатты ашып қарасам, алаяқ арада болған жазбаның барлығын өшіріп тастапты, – дейді бір емес екі рет тұзаққа түсіп қалғанына күйінген Айгүл. 

Алаяқтың басты құралы – адам психологиясы

Алаяқтың басты құралы – адам психологиясы. Ол әлеуметтік желі қол­дану­шысының ішкі жағдайына кіріп, бойына сенімділік қалыптастыру үшін пихологиялық тәсілдің түр-түрін қолдана­ды. Психолог-психотерапевт Серікгүл Сәли киберқылмысты ұйымдастырушылар арнайы психотиптегі адам екенін айтады. Маманның сөзінше, олардың логикалық ойлау қабілеті өте мықты. Алаяқ қиыннан қиыстырып, әрбір дүниені бүге-шігесіне дейін қарастырады. Адамның санасын бірден жаулап аларлық іс-әрекеттерге барып, арнайы жүйемен жұмыс істейді. Мұндай алаяқтар кез келген жерде ұрлықты оп-оңай жүзеге асыруға қауқарлы.

– Алаяқ дегенін сәтті іске асыру үшін алдымен телефон артындағы кезекті құрбанының жағдайын сұрап немесе белгілі бір ақпаратты бөлісіп, нық сенімділікпен сөйлей отырып эмоциялық байланыс құрып алады. Адамның айтқан сөзін мұқият тыңдап, қызығушылығын білдіріп, қамқорлық танытып тұрғандай сауалдарын қоя бастайды. Алаяқ арада эмоциялық байланыс орнағанын сезсе, осы байланысты тоқтатпай, керісінше әрі қарай жалғастырып әкетеді. Бізде көп жағдайда аузы күйіп, қомақты сомасын жоғалтқаннан кейін жағ­дайға мән беріп қарай бастайды. Аңқау халық бар жерде, міндетті түрде ұрлықшылар да табылады, – дейді ол.

«Жағдайды көзбе-көз отырып сөйлесуге бағыттаңыз»

Егер жақындарыңыз немесе бейтаныс адам телефон арқылы қарызға ақша беруіңізді сұрап өтінсе, мән-жайдың түбіне үңіліп қараңыз. Психолог ең алдымен белгілі бір мөлшерде қарыз сұраған танысыңызды кездесуге шақыруға кеңес береді. Өйткені жүзбе-жүз отырып талқылаған кезде визуалды байланыстың нәтижесінде жағдай белгілі болады.

– Алаяқтың әрекетіне алданып қалмас үшін ең біріншіден, тікелей өзіне хабарласып ахуалды анықтау керек. Егер ол танысыңыз болса, жағдайынан хабар алыңыз. «Иә, келе ғой. Жүзбе-жүз отырып, үйде сөйлесейік. Кездесейік, не жағдай болды?», – деп ашық әңгімеге тартсаңыз әрі қарай оның ниеті белгілі болмақ. Тағы бір ескеретін жайт, адам жазба хабарлама арқылы сөйлескен соң, бірден шешім қабылдамауы тиіс. Бейтаныс адам хабарласса, ол кісінің өзінен ортақ таныстарыңыз туралы сұраңыз. Ешқашан асығыс шешім қабылдамаңыз. Қазір алаяқтың өзінен бөлек, оның жақын­дары, таныстары болуы мүмкін. Қарызға ақша сұраған танысыңызды кездесуге шақы­рыңыз. Шынайы кездескен сәтте көзіңізге тіке қарай алмай, жан-жағына жалтақтап отырса, демек бұған күмәнмен қарау керек. Жүзіңізге тіке қарап жағдайды толық түсіндірсе, сондай-ақ арада сенім ұялататындай қарым-қатынас болса, мұны сіз де сезесіз. Сол себепті оқырман­дарға жақыныңыз немесе бейтаныс біреу ақша сұрап хабарласса, жағдайды көзбе-көз отырып сөйлесуге бағыттаңыз деп айтар едім, – дейді психолог-психотерапевт С.Сәли.

Ақпараттық қауіпсіздік мамандарына хабарласқанымызда, олар әлеуметтік желілер арқылы іске асатын алаяқтық фактілерді әлемдік деңгейде тоқтату әзірге мүмкін емесін алға тартты. Ең бастысы азамат ақпараттық қауіпсіздіктің талаптарын сақтап, өзін-өзі алаяқтардың шабуылынан қорғай білуі керек. Осы тұста қаржылық және құқықтық сауат­тылық­тың да салмағы зор. Себебі ақшалай операцияларды жүзеге асыруда логика мен дағдылардың арқасында қаражаттың жұмсалуын қамтамасыз ете аласыз. Ал қалтасындағы әрбір тиынның қайда, не үшін жұмсалып отырғанын бақылауда ұстаған адамалаяқтың құрған тұзағынан да алыс болмақ. Сақ болайық!

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы