Түнгі он екіні асыға күтіп, аспанға «жұлдыз» ататын Жаңа жылдың басталуына бір-ақ күн қалды. Мейрам алдында қаланың кез келген бұрышында сатылып жатқан түрлі отшашуларға тыйым салынғанын білсе де, оны сатушы да, сатып алушы да сауданы қыздырып тұр. Жаңа жылды шырша мен отшашусыз елестету мүмкін емес. Жаңа­жылдық символға айналған отшашудың пайдасы қайсы, зияны қандай? Оған сонша шығындалу қажет пе?
Отшашумен ойнама сен!
1,282
оқылды

Қазір жаңа жылдың ғажабын іздеп әуре болмайсыз. Сатылы­мына тыйым салынса да, Аста­на­дағы бірнеше ірі сауда орта­лықтарының жанынан ашылған дүкендерден отшашудың түр-түрін табасыз. Бірнеше рет ата­тын отшашудың орташа бағасы – 15 мың теңге. Мұны сатып ал­ған жұрттың қалтасы тағы да шығындалады. Фейерверк ат­қан­­дар 69 мың теңге айыппұл ар­қалайды. Бағасын біліп, сату­шы­дан сауданың жағдайын сұ­рап едік, ол: 

«Жаңажылдық отшашу мен шамдарды Ресей мен Қытайдан әкелеміз. Адамдар бағасына қара­май алып жатыр. Бірақ өткен жылдағыдай саттық дей алмаймын. Айыппұлдың айы­бы­нан аяқ тартатындар да бар ғой. Біздің Жаңа жыл бұйым­дарын сатуға лицензиямыз бар. Сондықтан да адам қарасы қалың болатын сауда орталық­тарының маңайында ашылдық. Елордада бірнеше нүктелеріміз де бар. Дүкендегі тауарымыздың бағасы тым қымбат емес, әрі атқан адамға қауіпсізі көп. Мы­са­лы, қолында ұстап емес, адам­дардан алыс жерге тік тұрғызып атуға болатын отшашу бар. Әртүрлі эффектпен атыла­тын отшашуды алсаңыз сіз де өкінбейсіз», – деді.

Осы дүкеннен фейерверк са­тып алған қала тұрғыны «Жыл сайын жаңа жылды от­шашу­мен қарсы аламыз. Бұл – балалары­мыздың таңдауы. Әр жылы мұндай заттардың жаңа түрлері шығып жатыр ғой. Оларды бір бай­қап көруге қы­зы­ғу­шылығы­мыз туғандық­тан, Жаңа жыл жақындағаннан бастап сауда орындарын аралай бастаймыз» деп мерекеге қызу дайындықта екенін айтты.

Жақында әлеуметтік желіде тараған қызық ақпаратқа көзі­міз түсті. Қазақтардың фейер­веркті көп жаратыны сонша, қытайлық өндіру­шілердің өзі қазаққа арнап фейерверктер жасап жатыр екен. Мысалы, «Бәйтерек» деп аталатын петар­дың құны қарапайым отшашу­лардан әлдеқайда қымбат. Ал Қытай халқының жартысына жуығы отшашудан бас тартқан, сонда оның бәрін тек қазақтар үшін шығарып жатқандай. Шығыс халықтарында арнайы отшашу ататын орындар да бар. Бізге де фейерверкті аспанға атпас бұрын осы отшашардың отанына айналған елдің бұл тәртібін үйрену керек сияқты.

Отшашу атқаныңыз үшін айыппұл бірден салынбайды. Мұн­дайда халықтың «Үй таңда­ма, көрші таңда» деген нақылы еске түседі. Көршіңіздің жаса­ған алғашқы шағымына 18 мың теңге төлейсіз. Айыппұл түнгі сағат 22:00-ден кейін ха­лық­тың тыныштығын бұзғаны үшін салынады. Бірақ бұл күні «ты­­­ныш» ұйықтайтын жұрттың өзі болмасы анық. 

Жаңа жылдағы қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында пиротехникалық бұйымдарды тек лицензиялары бар маман­дан­дырылған дүкендер мен сауда орындарынан алу керегін айтқан ІІМ әкімшілік Полиция комитетінің басқарма бастығы Асылбек Идрисовтың кеңесі бірқатар ақпараттық порталда айтылып жүр. 

«Ең алдымен сатушыдан өнімге сәйкестік сертификатын талап ету қажет. Әрбір пиро­техникалық бұйым үшін мемле­кеттік және орыс тілдерінде оны қолдану жөніндегі нұсқау­лығы болуы тиіс. Бұйымның сыртқы қаптамасы дұрыс­тығына және сақтау мерзімінің міндетті түрде назар аудару қажет. Егер де тауар мерзімі өтіп кетсе, тауарлық түрі жоғалса, онда ол пиротехника­лық бұ­йым­ды пайдалануға болмайды», – дейді ол. 

Ескі жылды артқа тастап, Жаңа жылды отшашумен қарсы аламын десеңіз, барлық талап­тарды орындап, пиротехника­ларды тиісті рұқсат етілген дүкендерден ғана алып, маман айтқан кеңестерге құлақ түре жүргеніңіз абзал. 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ