2024 жылы Қазақстан кәсіпкерлік белсенділік белгілері бар мобильді аударымдарды жалпыға бірдей декларациялаудың екі кезеңінде тексеріледі.
2024 жылы кімдердің мобильді аударымы тексеріледі?
sputnik.kz
66,727
оқылды

ҚР Қаржы министрлігі  Мемлекеттік кірістер комитетінің мәлімдемесінше, кейбір қазақстандықтар кәсіпкерлік қызметтен жеке тұлғалардың шоттарына түскен мобильді ақша аударымдары мен  кәсіпкерлік қызметтен түскен кірісті жосықсыз жасырады екен. Яғни, төлем қабылдағаны туралы түбіртек бермей, кәсіпкерлікпен айналысады.

Осыған байланысты Қазақстанда азаматтардың алған мобильді аударымдарын кезең-кезеңімен тексеру басталды. Оған кәсіпкерлік қызметтен түскен табыс белгілері бар операциялар ғана жатады. Заңға сәйкес, бұған бір жеке тұлғаның  қатарынан 3 ай ішінде 100 және одан да көп әртүрлі тұлғалардың банк шотынан кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға арналмаған ақшалай қаражат алуы жатады.

Оларды қалай анықтайды 

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне кәсіпкерлік қызметтен кіріс алу белгілері бар тұлғалар туралы мәліметтерді береді. Бұл ретте олар жеке сәйкестендіру нөмірлерін (ЖСН) жібереді, оған жоғарыда аталған критерийлерге сәйкес келетін тұлғалар ғана жатады. Яғни,  3 ай қатарынан әртүрлі жіберушілерден 100 және одан да көп ұялы аударым алған  азаматтар.

Жалпыға бірдей декларациялауға қатысы

Ақпарат жалпыға бірдей декларациялау кезеңдеріне сәйкес беріледі. Яғни, 2023 жылы банктер 2022 жылы активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсырған мемлекеттік қызметкерлер, оларға теңестірілген тұлғалар және олардың жұбайлары туралы мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына тапсырып қойды. Ал 2024 жылдан бастап мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері мен олардың жұбайларының тізімдері қалыптасады. Осылайша, алдағы жылы жалпыға бірдей декларацияның бірінші және екінші кезеңдерінің қатысушылары туралы 2023 жылғы ақпарат берілмек.

2025 жылдан бастап оларға жеке кәсіпкерлер (ЖК), заңды тұлғалардың басшылары мен олардың жұбайлары, ал 2026 жылдан бастап 2025 жылдан  декларация тапсыруға тиісті қалған қазақстандықтар қосылады.

Ақшалай аударымдар қалай тексеріледі?

Есепті жыл ішінде кәсіпкерлік қызметтен кіріс алу белгілері бар аударымдар алған қазақстандықтарға қатысты алдымен бақылау жүргізіледі, оның ішінде жеке тұлғаның: 

·         салық органдарында есепке тұруы; 

·         табыс пен мүлікті көрсетпеуі; 

·         кірісті кемітуі бақыланады.

Тұтастай алғанда,  бақылау салық төлеушілерге бұзушылықтарды өз бетінше жоюға, яғни жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге немесе аударымдар арқылы алынған кірістердің декларацияланбаған сомасын көрсететін қосымша декларация тапсыруға мүмкіндік беруге бағытталған. Олар бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, растайтын құжаттарды қоса бере отырып, олардың жоқтығы туралы түсініктеме беруге құқылы. Хабарлама орындалмаған жағдайда салықтық тексеру тағайындалады. Оның барысында банктерден жеке тұлғаның шоты туралы толық ақпарат сұратылады және бұзушылықтардың бар немесе жоқтығы туралы нақты шешім қабылданады.

Табысын жасырғандар қалай жазаланады?

ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті жеке кәсіпкерлікті тіркеусіз жүзеге асырғаны үшін 15-тен 100 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл салу түрінде әкімшілік жауапкершілік көзделгенін атап өтеді. 2024 жылы бұл сома 59 430 теңгеден 396 200 теңгеге дейін жетеді.

Сондай-ақ кірісті жасырғаны үшін – төленбеген соманың 200% мөлшерінде айыппұл салынады. Бұзушылық қайталанған жағдайда – 300%-ға өседі. Ал чек бермегені үшін – 15-тен 50 АЕК-қа дейін (198 100 теңге) айыппұл салынады. Мемлекеттік кірістер органдары жоғарыдағы өзгерістердің адал салық төлеушілерге әсер етпейтінін және тек заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталғанын баса айтты.