«Астана Опера» үшін 2023 жыл айтулы іс-шараларға, премьераларға, гастрольдер мен патша көңілді көрермендердің ду қол шапалағына толы болды.
«Астана Опера» 2023 жылды қорытындылады
1,506
оқылды

Әлбетте, театр үшін репертуарды кеңейтудің маңызы зор. 2023 жылы «Астана Опера» сахнасында қойылған спектакльдер қатары бірнеше үздік опералармен және балеттермен толықты. Мамырда әлемге әйгілі хореограф Иржи Килианның классикалық биді ұнататын жандар арасында таңданыс пен үлкен резонанс туғызған «Кіші өлім» балеті ұсынылды. Режиссер Еренбақ Тойкенов пен дирижер Руслан Баймурзин қойған Дж.Россинидің «Алжирдегі италиялық қыз» операсы репертуардың тағы бір мақтанышына айналды. Театр сахналарында сирек ұсынылатын бұл қойылым әлемнің 12 елінен әртістер шақырылған «Опералия» халықаралық фестивалі бағдарламасының сәнін келтірді.

«Астана Операдағы» әйгілі әрі көпшілік көптен күткен премьера романтикалық балеттің символына айналған Г.Левенскольдтың «Сильфида» балеті болды. Спектакльдің қоюшысы ретінде «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратова тер төкті.

Репертуардағы 2023 жылдағы тың дүниелердің ішінде Ц.Кюидің «Етік киген мысық» опера-ертегісі де бар. Барлығына бала кезден таныс оқиға желісі бойынша қойылған спектакльді театрдың ең кішкентай жанкүйерлері әлдеқашан ұнатып үлгерді. Сондай-ақ өтіп бара жатқан жылда елордалық театрда алғаш рет П.Чайковскийдің «Иоланта» туындысы шырқалды, бұл операны Халықаралық опера академиясының солистері «Астана Опера» Симфониялық оркестрі мен хорының сүйемелдеуімен орындады.

Премьералармен қатар, 2023 жылы театр сахнасында көпшілік ұнататын екі балет жаңартылды. Патрик де Бананың «Дала үні» мен Раймондо Ребектің «Бетховен – Мәңгілік – Махаббат» балеттері екінші рет өмірге келді.

«Астана Опера» үшін гастроль – маңызды оқиға. Өнер көрсетулер географиясын кеңейте отырып, театр труппасы өз өнерімен бөлісу және шетелдік көрермендерден жаңа эмоциялар алу мүмкіндігіне ие болады. Жоғары шеберлігінің арқасында елордалық театрдың әртістерін еліміздің өңірлерінде де, сондай-ақ әлемнің әйгілі сахналарында да әрдайым тағатсыздана күтеді.

2023 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен балет труппасы Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық театрының сахнасында, ал опера труппасы С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрында зор табыспен өнер көрсетті. 71-ші жазғы Любляна фестивалі аясында балет әртістері Словенияда жарқын өнер көрсетіп, екі күн ішінде 10 мыңға жуық көрермен жинады. Ал қазанда «Астана Опера» опера труппасы «Видеть музыку» VIII халықаралық музыкалық театрлар фестивалінде Дж.Россинидің «Жібек саты» спектаклін ұсынып, қалың көрермен жинады.

2023 жылы «Астана Опера» хоры «Хайнувка» халықаралық фестивалінде тағы да үздік деп танылды. Ұжым өз өнерімен қарсыластарынан басым түсіп, бас жүлдеге ие болды. Сонымен қатар  әртістер Варшавада қазақ музыкасының үлкен концертін беріп, поляк көрермендерінің жүрегін жаулады.

Желтоқсанда тарихта тұңғыш рет «Астана Опера» Дубайда өнер көрсетті. Қазақстандық труппаның «Дубай Опера» сахнасындағы гастролі нағыз мерекеге айналды. Г.Ф.Гендельдің «Мессия» ораториясы орындалды, ал П.Чайковскийдің «Щелкунчик» балетінің көрсетілімінде бес рет аншлаг болды.

2023 жылы «Астана Операның» бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алан Бөрібаев Будапеште С.Прокофьевтің «Соғыс және бейбітшілік» операсының жаңа венгриялық қойылымын зор жетістікпен жүзеге асырды, сондай-ақ Словения ұлттық операсының сахнасында П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсын таныстырды. Есімі дүниежүзіне мәшһүр маэстроның жетекшілігімен биыл Ахмет Жұбанов пен Ғазиза Жұбанованың «Құрманғазы» операсынан сюита алғаш рет орындалды.

Осы жылы жеке ұсыныстар нәтижесінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, «Астана Опера» опера труппасының директоры Азамат Жылтыркөзов, «Құрмет» орденінің иегері Абзал Мұхитдин, театрдың жетекші солистері Бақтияр Адамжан, Айгерім Бекетаева, сондай-ақ Шұғыла Әдепхан, Анастасия Заклинская және тағы басқалары әлемнің түкпір-түкпірінде өнерлерін паш етті.

2023 жыл опера труппасының жас әртістері, ASTANA OPERA Халықаралық опера академиясының түлектері Гүлдана Алдадосова, Әлихан Зейнолла, Азат Мәлік, Дінмұхамед Көшкінбаев үшін де табысты болды. Бұл жас әншілер беделді байқаулардың лауреаттары атанып, әлемнің танымал театрларында өнер көрсетуге шақырту алды.

Гүлдана Алдадосоваға К.Станиславский және В.Немирович-Данченко атындағы Мәскеу академиялық музыкалық театрынан, сондай-ақ П.Чайковский атындағы Концерт залынан шақырту келді.

Әлихан Зейнолла Италияның Пезаро қаласында өткен Россини опера фестиваліне қатысты және Opera Crown Tbilisi халықаралық вокалистер байқауының арнайы жүлде иегері атанды, ал келер жылы оны Италияда Дж.Россинидің «Реймске саяхат» операсындағы Граф Либенсков пен Кавалер Бельфиоре партияларында және Венгриядағы Ф.Листтің Музыка академиясының сахнасында күтеді. Бұдан бөлек, жас тенор З.Палиашвили атындағы Тбилиси опера және балет театрының сахнасында Дж.Россинидің «Севильдік шаштараз» операсындағы Граф Альмавиваның партиясында дебют жасайды.

Желтоқсан-қаңтар айларында Азат Мәліктің Еуропадағы гастрольдік кестесі өте тығыз, олардың қатарында Венгрия мемлекеттік операсы сахнасындағы Дж.Пуччинидің «Богема» спектакліндегі бірнеше өнер көрсету бар.

Жуырда ғана Opera Crown Tbilisi вокалистер байқауында үшінші орын мен арнайы сыйлыққа ие болған Дінмұхамед Көшкінбаевтің кәсіби опера әншілерінің «Большая опера» халықаралық телевизиялық жобасының жеңімпазы атанғаны белгілі болды. Әрі  бұл бастамасы ғана...

Елордалық театр қонақжайлық дәстүрі бойынша өтіп бара жатқан жылы Алматы, Қарағанды, Тәжікстан, Өзбекстаннан шығармашылық ұжымдарды қабылдады. 22 желтоқсанда «Астана Операда» үлкен оқиға – кәсіби шығармашылық ұжымдар мен жекелеген өнер қайраткерлерін қолдауға бағытталған Umai-2023 екінші ұлттық сыйлығын табыстау рәсімі өтті.

2023 жылды қорытындылай отырып, ASTANA OPERA Халықаралық опера академиясының алғашқы шығарылымын айтпай кетуге болмайды. Жас әртістерге өздерінің орындаушылық шеберліктерін жетілдіруге мүмкіндік беретін бірегей жоба әлеуеті зор вокалистердің тұтас шоғырын даярлады, енді бұл түлектердің алдында опера өнерін қадірлейтін жандардың жүрегін жаулау міндеті тұр. Академия қызметін жалғастыруы үшін үстіміздегі жылы Қазақстаннан және алыс-жақын шетелдерден дарынды әртістердің жаңа курсы жинақталды.

Жыл бойы «Астана Опера» әдеттегідей әлеуметтік бастамаларға баса назар аударды. Театр бірқатар қайырымдылық концерттерді, театр сабақтарын және балалар мен ересектерге арналған басқа да шараларды өткізді.

2023 жыл соңына таяп қалғанымен, театр маусымы жалғасуда. Опера және балет жанкүйерлерін алда «Астана Опера» труппасымен жаңа таңғажайып кездесулер, премьералық қойылымдар мен сырлы әрі шытырман өнермен тілдесуден алатын жарқын эмоциялар күтеді.