Тіпті, ол бұрынғыдай алғашқы ондықтан да көрінбеді.
Әлемде орыс тіліне қызығушылық күрт азайды
2,436
оқылды

Бұл туралы Aikyn.kz  inbusiness.kz -ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Duolingo – дүниежүзіндегі тілдерді үйренетін ең танымал мобильді қосымша.  Осыған байланысты ол жыл сайынғы есебінде әлем бойынша миллиондаған пайдаланушыларының өз қосымшасы арқылы 2023 жылы қандай тілдерді үйренгені туралы деректерді саралаған. Одан әлемде қандай тілдер барынша сұранысқа ие екенін, адамзаттың қызығушылығы мен мүддесі жыл сайын қалай өзгеріп отыратынын білуге болады.

Сондықтан бұл материал да "Duolingo Language Report 2023" есебі аталған қосымша арқылы тіл үйренген пайдаланушылардың 2022 жылғы 1 қазан мен 2023 жылғы 1 қазан аралығындағы деректеріне негізделген, – дейді inbusiness.kz сайты.

Көшбасшы тіл қайсы?

Талдау қорытындысында анықталғандай, әрине, ағылшын тілі көш бастады. Халықаралық қоғамдастық арасында бұл тіл сол бойы ең танымал шет тілі болып қалды.

Әлемде жұрт үйренуге ең ынтық тілдер рейтингісінің алғашқы ондығы келесідей:

• Ағылшын тілі;

• Испан тілі;

• Француз тілі;

• Неміс тілі;

• Жапон тілі;

• Корей тілі;

• Итальян тілі;

• Хинди тілі;

• Қытай тілі;

• Португал тілі.

Биылғы жылы ағылшын тілі бірден 122 елде ең танымал шет тілдері арасында "№1" атанды. Осы жылы азаматтары ағылшыншаны үйренуге барынша құлық білдірген осы елдердің қатары алғаш рет Ауғанстан, Мальдив, Мальтамен толықты. Демек, мысалы, миграциялық дағдарысты бастан кешіп жатқан Америкаға енді осы елдерден де эмигранттар толқынын күтуге болатындай.

Көптеген мемлекетте ағылшын тілі күнделікті тіршілікте қолданылмағанымен, ол экономикалық қызмет, мысалы, шетелдік инвесторларды тарту, туризм, сондай-ақ академиялық ақпарат алмасу, айталық, әлемдегі ғылыми жаңалықтарды ақпарат көздерінен, ғылыми журналдардан бірінші болып оқып, білу үшін қажет етіледі.

Кейінгі жылдары ағылшын тіліне Азиядағы шәкірттер көбірек қызығушылық білдіре бастады. Үндістандағы (40%), Вьетнамдағы (50%) және Қытайдағы (54%) шәкірттердің көбісі ағылшын тілін білім алу және кәсіби мансапта өсу үшін үйренеді.

Рейтингтен көріп тұрғанымыздай, жыл сайын тізімде болатын орыс тілін португал тілі ығыстырған. Одан бөлек, украин тілінде сөйлейтіндер саны күрт өскен.

"Сарапшылардың пікірінше, бұл факт аса маңызды 2 мәдени бетбұрысты көрсетеді. Біріншіден, орыс тіліне деген әлемдегі сұраныс Украинадағы соғыс салдарынан құлдырады. Екіншіден, халықаралық қоғамдастық, соның ішінде туристер тарапынан да Бразилия мен Португалияға деген қызығушылық артып келеді. Португал тілін үйренуге аймақтың лидері саналатын Бразилияның көршілері де ынта-ықылас танытуда. Нәтижесінде, Боливия, Парагвай, Уругвай және Венесуэлада халық көп үйренетін шет тілдері арасында португал тілі екінші орынға шықты", – делінген "Duolingo Language Report 2023" есебінде.