Қазақстан мен Ресей арасында 300-ден астам шарт пен келісім жасал­ған.
Тоқаев Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас жөнінде айтты
Фото: Sputnik.kz
1,216
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаев Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында Қазақстан-Ресей қарым-қатынасы жайлы айтып, биыл көктемде Ресейде өтетін президент сайлауы­на қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz

– Биыл Ресейде ғана емес, АҚШ-та, Ұлыбританияда, Үндістанда, Әзер­байжанда және басқа да мемлекеттерде сайлау өтеді. Сондай-ақ Еуропарламент депутаттары сайланады. Әрине, біз осы сайлау науқандарын жіті бақылап отырамыз. Ресейде өтетін президент сайлауы­ның біз үшін мәні зор екені сөзсіз. Өйткені Астана мен Мәскеу арасында өте жоғары деңгейде қарым-қатынас орнаған. Ресей Қазақстанның негізгі серіктесі әрі одақтасы екені бар­шаға аян. Өткен отыз жылда мем­лекет­аралық байланыстардың іргесі беки түсті. Екі ел арасында 300-ден астам шарт пен келісім жасал­ған. Бар­лық саладағы екіжақты ынтымақ­тас­­тық тетіктері жұмыс істеп тұр. Жоға­ры деңгейдегі саяси диалог қарқын­ды дамып келеді.

Біз көпжақты құрылымдар аясында, сондай-ақ өңірлік тұрақтылық пен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында ықпалдаса әрекет етеміз. Былтыр Владимир Путин Қазақ­станға ресми сапармен келді. Бұл екіжақты қатынасты жандандыра түскен негізгі оқиғалардың бірі бол­ғаны анық. Біз келіссөз барысында мемлекеттеріміздің стратегиялық серіктестігі мен қарым-қатынасы шынайы достық сипатынан айнымайтынын тағы да нақтыладық, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президеттің айтуынша, Ресей – Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктесі. Екі елдің та­уар айналымы 2023 жылдың бастапқы 10 айында 21,4 миллиард доллар болды. Өйтетін жөні де бар, біздің шекарамыз құрлықтағы ең ұзын шекара саналады.

Бұдан бөлек ғылым-білім және мәдени-гумани­тарлық саладағы қарым-қатынасты нығайтуға әрдайым айрықша мән бері­леді.

– Биыл орыстың ұлы ақыны Алек­сандр Пушкиннің туғанына 225 жыл толады. Бұл – Ресей ғана емес, Қазақ­стан үшін де маңызды оқиға. Өйт­кені Пушкин – хәкім Абай сияқты, қос ха­лықтың достығы мен мәдени байла­ныстарының басты символының бірі. Ресей Федерациясының әлемдік сая­сатта аса маңызды рөл атқараты­нын және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі екенін ұмытпаған жөн. Ресей Президенті Владимир Путин – сөзімен де, ісімен де жаһандық ахуал­ға ықпал ететін тұлға. Ресейдің ұста­ны­мымен бүкіл әлем санасатыны жа­сырын емес. Бұл мемлекеттің қаты­суын­сыз дүниежүзінде бірде-бір проблема шешілмейді. Ол айдан анық. Сондықтан Ресей секілді алпауыт елдегі президент сайлауының халықаралық мән-маңызы қашан да жоғары және оған әлемнің көптеген елі назар аударады, – деді Мемлекет басшысы.