Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» сұхбатын оқи отырып, көкейде жүрген біраз сұраққа жауап алдым.
Осыдан кейін қоғамда зорлық-зомбылық азаятынына сенемін – ғалым
1,428
оқылды

Президентіміз 30 жыл бойы қордаланған мәселелерді шешуде біраз жұмыс атқарылғанын, атап айтқанда, экономиканы әртараптандыру және монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту жұмыстарына баса назар аударылғандығын атап өтті. 

Осы орайда, шағын және орта бизнесті қолдау, «Бизнестің жол картасы – 2025» атты бағдарлама шағын бизнесі бар бұқара халықтың кішігірім кәсібін дамытуға үлкен мүмкіншілік беріп отырғанына куә болып отырмыз. Әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды кешенді қолдау Кодексі де қағаз жүзінде қалмай нақты іске асырылып жатқанына қуантып отырғаны сөзсіз.

Кәсіпкерлікті қолдау – өз кезегінде отандық өнім түрі, сапасы және санының артуына жол ашып, кейбір тауар түрі бойынша импорттық тәуелділіктен арылуға, бәсекелі экономика құруға мүмкіншілік береді. Сонымен қатар, әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды, әйел мен бала құқықтарын қорғауға арналған тиімді шара мен Кодексін қарастыру – мемлекеттің ең қымбат қазынасы адам мен адам өміріне баса мән беріп, заң тұрғысынан қорғауды күшейтіп, қоғамдағы зорлық-зомбылықты азайтуға өз үлесін қосатынына сенімім мол.

Сұхбатта Президент қосарланған билік жүйесі мен Қаңтар оқиғасына да тың көзқарас білдіріп, көңілге қонымды уәжін айтқан екен. Қандай жағдайда да, Қаңтар оқиғасы ескі жүйенің 30 жылдық салғырттығының көрінісі екені және ол жүйенің енді келмеске кеткені белгілі деңгейде айқындалғандай болғаны сөзсіз. Тағы бір қуантарлық жайт, Президент лауазымына бір рет қана жеті жылға сайлану мәселесіне Президент нүкте қойды. Сұхбатта отын-энергетика саласы мен АЭС салу-салмау мәселесі көтеріліп, өзекті мәселелерге жауап берді. Әсіресе, «АЭС салуды халық шешеді» деген Президенттің қорытынды сөзі халықтың да көкейіне қонарына бек сенімдімін. Сұхбаттан бұқара көкейінде жүрген талай сұраққа жауап алды. Қазақстанның экономикасын көтеруде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара еңбектенетініне үмітім мол.

Сана Қанатбекқызы, Сәтбаев университетінің жетекші ғылыми қызметкері