Кейінгі 2 жыл еліміз үшін ауқымды саяси реформалар мен маңызды оқиғаларға толы кезең болды.
Елдегі әрбір маңызды шешім – сайлау процесі арқылы қабылданып келеді
715
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еліміздің бас газеті – «Егемен Қазақстанда» көлемді сұхбаты жарық көрді. Президент сұхбат барысында мемлекетіміздің ішкі-сыртқы саясатына, қазіргі ахуалға, болашақ бағдарымызға жан-жақты тоқталып, көптің көкейінде жүрген сауалдарға нақты жауап берді.

Рас, соңғы екі жыл еліміз үшін ауқымды саяси реформалар мен маңызды оқиғаларға толы кезең болды.

Мемлекет басшысы осыдан бір жыл бұрын уәде еткен Әділетті мемлекет, Әділетті экономика және Әділетті қоғам құру қағидаттарын нақты іске асырып келеді.

Біріншіден, еліміздегі әрбір маңызды шешім – сайлау процесі арқылы қабылданып отыр. 

Елімізде саяси реформалардың негізі қаланып, олар заңмен шегенделді. Ата заңымыздың үштен бірі өзгертіліп, халық пен қоғамның саяси шешімдер қабылдаудағы үстемдігі артты. Бұл мәселе жалпыхалықтық референдум арқылы шешімін тапты.

Аралас жүйе арқылы Мәжіліс пен облыстық деңгейдегі мәслихаттар сайланса, аудан және қала мәслихаттары тек бір мандатты жүйемен жасақталды.

Жақында ғана алғаш рет аудан әрі облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы өтті. Қазірдің өзінде 1700-ден астам ауыл әкімдерін халық өзі сайлады.

Мұндай өзгерістер әлемдегі дамыған елдердің өзінде ғасырларға созылғанын білеміз. Қазақ қоғамында сайлау арқылы таңдау күнделікті жүйелі іске айналды. Бұл шешім Президенттің табандылығының арқасында жүзеге асты.

Еліміз тек саяси мәселелерді ғана емес, қоғам үшін маңызы зор әлеуметтік, экономикалық жайттарды де дауыс беру арқылы шешуге мүмкіндік алды. 

Халық өміріне, мемлекет тағдырына тікелей әсер ететін шешімдер де көпшіліктің қатысуымен және мақұлдауымен қабылданатын оң тәжірибе қалыптасты. 

Соның бірі – АЭС салу мәселесі. Президент АЭС құрылысына қатысты мәселені жалпыхалықтық референдум арқылы халық шешетінін тағы да нықтап айтты. 

Бұл – Мемлекет басшысының «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының өміршеңдігі мен нақты іске асып жатқанының айқын дәлелі.

Екіншіден, қоғамда бір президенттік мерзім – жаңа саяси моделі пайда болды. Адам құқықтарын сақтауға бағытталған нормалар күшейтіліп, тиісті заңнамалық негізбен тиянақталды.

Мемлекет басшысы қоғамдағы әртүрлі қауесеттерге ашық әрі айқын жауап берді. Бұдан былай әркім ойына келгенін істеп, Ата заңға оңды-солды өзгеріс енгізе алмайтын талапты Конституциямызда мызғымастай етіп халық бекітті.

Бұл өзгерістер тікелей Қасым-Жомарт Кемелұлының пәрменімен орындалғанын бірі білсе, бірі білмес.

Үшіншіден, біздің қоғамда «қосбилік» немесе «қосарланған билік» түсінігі жоқ. Ол тіптен болуы мүмкін емес.

Дегенмен, 30 жылға созылған бір билік жүйесінен кейінгі 2019 жылғы билік транзитін өз мүддесіне пайдаланғысы келгендер болды. Мемлекеттік мүддеден гөрі өз жеке ойларын биік қойған, ішінара ымыраласқан саяси биліктің бір тұтқасын ұстаған теріс пиғылдылар әлеуметтік шиеленісті пайдалануға кірісті.

Мұның арты Қаңтар оқиғасына әкеліп соқтырды. Бірақ, біз бір ел болып қиындықты еңсердік. Жау шапқанда жұмыла білдік. Заң мен тәртіп үстемдік ететін, ашық әрі тиімді мемлекеттік институттар жүйесін құрдық. 

Президент ауқымды саяси дағдарыстың халықпен бірге бетін қайтарып, биліктің қандай қатер болса да төтеп бере алатынын дәлелдеді.

Қорыта келе, Мемлекет басшысының ой елегінен өткен сұхбатты оқып шығып, елімізде саяси маңызды көптеген айтулы оқиғалардың орын алғанын аңғарасыз.

Адамдардың ой-санасы өзгеріп, қоғамның ортақ бірегейлігіне бастаған мемлекеттік деңгейдегі түбегейлі өзгерістерге қарай ірі қадам жасалды.

Әрбір қабылданған шешім азаматтардың өмірін жақсартуға, олардың құқықтарын кеңейтуге бағытталғаны айқын көрінеді.

 

Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі