Бірер күн бұрын жауынгерлік жаттығулардан кейін соң сарбаз өзін нашар сезінген соң дереу ауруханаға жатқызылған.
Жетісу облысында әскерге аттанғанына 3 ай ғана болған сарбаз қайтыс болды
1,185
оқылды

Жетісу облысында әскерге аттанғанына үш ай ғана болған сарбаз көз жұмды. Қыркүйек айында ғана әскерге шақырылған Әмір Байтұрғанов өз өмірін елге қызмет етуге арнамақ болған екен, – деп хабарлайды Aikyn.kz «Астана» арнасына сілтеме жасап.

Әмір үнемі спортпен айналысатын мықты жігіт болған. 2023 жылғы 21 желтоқсанда оның отбасына жағымсыз хабар жеткен – Әмір комаға түсіп қалған. Ал сағат 6:20-да жас жігіт қайтыс болған.

Белгілі болғандай, бірер күн бұрын жауынгерлік жаттығулардан кейін Әмір өзін нашар сезініп, қызуы көтеріліп дереу ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлер ыстығын уақытша түсіре алған көрінеді.

Қорғаныс министрлігі Бас әскери-медициналық басқарма басшысының орынбасары Берік Ілиясов сарбаздың өліміне жіті инфекциялық менингит себеп болуы мүмкін дейді.

Бірақ туыстары өлімнің бұл себебіне сенбейді. Олардың айтуынша, ұлы ұзақ уақыт бойы бүйрегі ауыратынына шағымданып келген.

«Бұған дейін ол бүйрек ауруы бойынша медициналық бөлімшеге бірнеше рет жүгінген. 28 қарашада ол бөлімшенің медициналық қызметінің басшысына УДЗ жасату үшін хабарласқан. Тек 6 желтоқсанда қалаға барып, УДЗ-ге түсіп, екі жақты пиелонефрит деген диагноз қойды. Медициналық бөлімшеге сол күні түскенімен 3 күн ғана емделді», – деді Мұрат Байтарғанов.

Туыстары өлімге ұзаққа созылған пиелонефрит себеп болды деп есептеп, қайғылы оқиғаның әділ зерттелуіне үміттенеді. Қорғаныс министрлігі бүйрек ауруы мен өлім арасындағы байланысты жоққа шығарады.