Салық органының өкілі үш ай қатарынан 100-ден аса тұлғадан мобильді аударым қабылдау бойынша бұзушылық анықталған жағдайда қандай шара қолданылатынын айтты.
Мобильді аударымдарды бақылау: салық қызметінің назарына іліккен тұлғаларға қандай шара қолданылады?
767
оқылды

Биыл 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі басталды. Демек бизнес өкілдері мен жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайы декларация тапсыруға міндетті. Бүгін ӨКҚ-де өткен брифингте Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаменті өкілдері мобильді аударымдарды бақылауға байланысты журналистердің сұрағына жауап берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz nur.kz-ке сілтеме жасап.

Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Айжан Бекееваның айтуынша, жалпы, камералдық бақылау салық төлеушілерге заң бұзушылықтарын өз бетінше жою мүмкіндігін беруге бағытталған.

Салық органының өкілі үш ай қатарынан 100-ден аса тұлғадан мобильді аударым қабылдау бойынша бұзушылық анықталған жағдайда қандай шара қолданылатынын айтты.

 "Анықталған бұзушылықтар бойынша хабарлама жіберіледі. Салық төлеуші бұзушылықтармен келісетін болса, ол жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек немесе табыстың декларацияланбаған сомасын қосымша декларацияға көрсетіп ұсыну тиіс (бұзушылық түріне қарай). Ал салық төлеуші бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, ол бұзушылықтардың жоқтығы туралы түсініктеме жазып және оны растайтын құжаттарды беруге құқылы", - дейді Айжан Бекеева.

Мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерінің сөзінше, хабарлама орындалмаған жағдайда салықтық тексеру тағайындалады, оның барысында банктерден шот бойынша толық ақпарат сұратылады және бұзушылықтардың бар/жоқтығы туралы нақты шешім қабылданады.

Жеке кәсіпкерге тіркеусіз қызмет жасағаны үшін 15-тен 100 АЕК-ке дейін айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Кірістерді жасырғаны үшін – төленбеген салық сомасының 200 пайыз мөлшерінде, ал қайталанған жағдайда 300 пайыз айыппұл салынады.

Чек бермегені үшін – 15-тен 50 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған.

Осы ретте салық органы қызметкері бақылау шаралары адал салық төлеушілерге әсер етпейтінін еске салып өтті. Жоғарыда айтылғандай, бақылау шаралары тіркеусіз жұмыс істейтін немесе кірісін жасыратын кәсіпкерлерге ғана әсер етеді.