Азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту, қазақстандықтарды толғандыратын маңызды және көкейкесті мәселелерден хабардар болу керек.
Азаматтардың өзекті мәселесін шешуге жәрдем береміз – депутат
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі
1,467
оқылды

Сенат депутаттарының еліміз өңірлеріндегі осы мақсаттағы жұмысы жалғасып жатыр. Қарағанды облысы да халық қалаулыларының сапарынан тыс қалған жоқ.

Сенаторлар Серік Шайдаров пен Советбек Медебаев Қарағанды облысындағы Қаражал қаласында болды және жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. Онда бірқатар проблемалық мәселелер талқыға салынды. Кездесуге қатысушылар сумен жабдықтау, автомобиль жолдарын жөндеу, сондай-ақ электр желілерін қаланың коммуналдық меншігіне қайтару мәселелеріне депутаттардың назарын аударды.

«Азаматтарға маңызды мәселелерді бірге талқылау және оларды шешуге жәрдемдесу – депутаттардың өңірлерге сапарының басты мақсаты. Сенаторлардың сапары еліміз халқының барлық саладағы тыныс-тіршілігіндегі проблемалармен танысуға және оларды шешуге қандай заңнамалық көмек көрсету керек екенін анықтауға мүмкіндік береді», - деді сенатор Шайдаров.

Парламентшілер жергілікті мәслихат депутаттарымен кездесу өткізді. Онда өрт сөндіру депосы мен жаңа мектептің, балабақша мен көпсалалы аурухананың құрылыстарын қаржыландыру, сондай-ақ кәріз желісін қайта жаңарту және жолдарды жөндеуге қатысты мәселелер талқыланды. Сенаторлар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы өңірлердегі тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей байланысты екенін атап өте келіп, айтылған мәселелер мен ұсыныстарды назарда ұстайтынын айтты.

Депутаттар Мемлекет басшысының «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген, еліміздің алдағы бес жылға даму бағыты нақты көрсетілген сұхбатын Қаражал қаласының активімен бірге талқылады.