Сенат депутаттары Нұртөре Жүсіп, Сұлтанбек Мәкежанов, Нурия Ниязова, Жанна Асанова және Ләззат Қалтаева Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерімен және Алматы қаласының активімен кездесті.
Сенат депутаттары Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерімен кездесті
1,484
оқылды

Депутаттар кездесулер барысында былтыр азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға, сондай-ақ ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған заңдар мен қабылданған шаралар туралы айтып берді.

Сенаторлар Парламент қабырғасында жұмыс істеп келе жатқан «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобына назар аударды. Оның негізгі мақсаты – еліміздегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты заңнамалық қамтамасыз етумен үйлестіру, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламентінің азаматтық қоғам институттарымен, Қазақстан халқы Ассамблеясымен этносаралық қатынастарды оңтайландыру саласындағы өзара тиімді іс-қимыл болып табылады.

– «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Парламент депутаттарының бастамасы бойынша ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайту мақсатында құрылған болатын. Бұл алаң құрылған сәттен бастап Парламент пен азаматтық қоғам институттары және Қазақстан халқы Ассамблеясы арасында күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді талқылау үшін этносаралық қатынастар саласындағы пікірлесуге арналған ерекше тұғырнама ретінде қызмет етіп келеді», – деді «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобының жетекшісі, сенатор Нұртөре Жүсіп.

Депутаттар әңгіме барысында оңтүстік астананың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне де ерекше назар аударды. 

Сенатор Сұлтанбек Мәкежанов Алматы қаласы креативті индустрияны дамытуға арналған хаб және бизнесті дамыту алаңы екенін және осылай бола беретінін атап өтті. Мемлекет сондықтан жергілікті атқарушы органдар атынан кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетуі тиіс. Кездесуде денсаулық сақтау, білім беру және қала тұрғындарын әлеуметтік қолдауға қатысты бірқатар мәселелер де талқыланды.

Тараптар сенаторлар сапарының қорытындысы бойынша бірқатар өзекті мәселелер туралы пікір алмасты. Депутаттар отырыста көтерілген барлық тақырыптар мен ұсыныстар тиісті мемлекеттік органдардың назарына жеткізілетінін айтты.