Қайғылы оқиға салдарынан үш адам қаза тапты, тағы алты адам зардап шекті.
Оралдағы дәмханада болған жарылыстан қаза тапқандардың кім екені белгілі болды
943
оқылды

Кеше, 6 қаңтарда Оралдағы дәмханада шыққан жарылыстан қаза тапқандарды жерлеу рәсімі өтті, – деп хабарлайды «Мой город».

Қайғылы оқиға салдарынан үш адам қаза тапты, тағы алты адам зардап шекті. 6 қаңтарда Достық ауылында қаза тапқандардың бірі – 19 жастағы Маргарита Мұхамеджанованың жерлеу рәсімі өтті. Маргарита – студент, даяшы болып жұмыс істеп жүрген. Сол түні 12-де жұмысын аяқтап, құрбыларымен шай ішуге қалған. Маргарита – үйінің үлкені және жалғыз қыз еді. 

Сонымен қатар, Егіндікөл ауылында тағы бір марқұм – екі баланың әкесі, 32 жастағы Руслан Қаржаубаев жер қойнына тапсырылды. Жарылыс кезінде ер адам бетон плиталардың ортасында қысылып қалған. Туыстарының айтуынша, марқұм автокөлік жөндеумен айналысқан, ал дәмханаға тамақтану үшін кірген. Жарылыс кезінде қасында болған досы Бегайдар Аткешев аман қалған. Қазір ол ауруханада политжарақат бөлімінде жатыр.   

Үшінші адам - Ерхан Тоқпаевты жерлеу рәсімі Алмаз ауылында өтті. Ол да дәмханаға достарымен тамақтану үшін келген. 

Тағы екі адам – Өзбекстан азаматтары жансақтау бөлімінде жатыр. Олардың бірі бас аспаз, екіншісі кәуап пісіруші болған. Тағы бір зардап шеккен қыздың операциясына ақша жиналған. Қажет қаражат әлі де жиналып жатыр. Зардап шеккен барлық адамның жағдайы тұрақты ауыр. Тағы бір адам амбулаторлық ем қабылдап жатыр.   

Еске салайық, 4 қаңтарда Оралдағы дәмханада жарылыс болып, үш адам қаза тапқаны хабарланған болатын. ТЖД күшімен қираған құрылымдардың астынан 6 адам құтқарылды, оның 5-еуі медициналық мекемелерге жеткізілді, 1 адам ауруханаға жатудан бас тартты.

ТЖД, полиция, жергілікті атқарушы органдар мен жедел медициналық жәрдем күштері, барлығы 190 адам және 50-ден астам техника жұмылдырылған. Оқиға орнында зардап шеккендер мен қаза тапқандардың туыстарына психологиялық көмек көрсетілген болатын. 

Артынша облыстық прокуратура өкілдері дәмхана ғимаратын жалдаушы ұсталғанын хабарлады.