Түркістан облысына жа­саған жұмыс сапары аясында Парламент Мәжілісінің депу­таттары, «AMANAT» партия­сы­ның фракция мүшелері Қайрат Балабиев, Ерлан Аб­диев және Темір Қырықбаев Кентау қаласындағы бірқатар нысанның жұмыс барысымен танысты.
Нысандардың жұмысымен танысты
1,066
оқылды

Парламенттегі партия өкілдері алдымен «AMANAT» партия­сы­ның сайлауалды бағдарламасының Жол картасында қамтылған «Кен­тау Сервис» мемлекеттік ком­муналдық кәсіпорнында болып, №5 жылуэнергоорталығын қайта жаңарту жұмыстарының ат­қа­рылуын қадағалады. Стратегиялық мәні бар нысандағы модерниза­ция­лау жұмыстарының барысын, сондай-ақ «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәс­лихатының депутаты Алтын­сары Үмбетәлиев, партияның өңір­лік филиалы атқарушы хат­шы­сының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатына Кентау қа­ласынан сайланған депутат Қа­лыйма Жантөреева аралап көрді. 

Жылу қуатын өндіру және та­сымалдау қызметін атқаратын кә­сіпорынның негізі 1934 жылы қаланған, ал 1952 жылы мұнда қуат өндіру қондырғылары ор­натылған. Кәсіпорында 3 бірлік ТП-35 типті қазандықтар, 3 бірлік ТП-35 У типті қазандықтар, ПР-5-35/5 БМЗ типті №3 турбоге­нераторы және К-7-35 ЧССР типті №6 турбогенераторы жұмыс жүргізеді. Жоба бойынша №5 жылуэнергоорталықтың жылу қуатын сағатына 168 Гкал өндіреді деп белгіленсе, қазір қолданыстағы жылу қуаты сағатына 126 Гкал құрайды. Электр қуатын өндіру бойынша белгіленген қуаты 17,5 МВт/сағ болса, қолданыстағы қуаты 5,5 МВт/сағ болып отыр.

Кәсіпорын теңгеріміндегі жылу құбырларының жалпы ұзын­дығы 169 шақырымды құ­райды. Оның ішінде 38,2 шақы­рымы магистралды жылу құбыр­лары болса, 130,8 шақырымды ішкі орамдық жылу құбырлары құрайды. Кентау қаласы бойынша орталықтандырылған жылуға қо­сылған 14 045 абонент бар. Жылу тұтынушылар қатарында 106 бюд­жеттік мекеме, 2 295 жеке сек­тордағы тұрғын үй, 347 көпқабатты тұрғын үй, 441 коммерциялық нысан тіркелген.

Биыл жылыту маусымына да­йын­дық барысында қазандық­тарды, жылу жүйелерін және қо­салқы қондырғыларды қайта құру жұмыстарының сметалық құны 13 701,1 млн теңге болып белгіленген. Нысандағы құрылыс-монтаж жұ­мыстарына мердігер ұйым ретінде «ЭМ-Холдинг» ЖШС техникалық қадағалаушы мекеме санатында «Атакама» ЖШС болып анық­талып, келісімшарт түзілген. Жал­пы, бүгінге дейін 3,0 млрд теңге қар­­жы қаралып, қазандықтардың құрылыс-монтаж жұмыстары ат­қа­рылуда. Қазір 5-шы, 6-шы, 7-ші, 12-ші қазандықтардың жөн­деу жұ­мыстары 100%-ға аяқталып, Кен­­т­ау қаласы әкімдігінің 23.10.2023 жыл­ғы №312 қаулысы­мен 30 қазан­нан бастап жылу беру маусымы басталған. Қазір кәсіп­орын штат­тық режимде жұмысын атқаруда.

Айта кету керек, Кентау қа­ласын сапалы жылумен қамтуда 8 дана жылу қазандығын, қосалқы электр стансасын, 21 шақырымды құрайтын магистралды құбырлар мен 81 шақырымды құрайтын ішкі орамдық жылу құбырларын қайта құру жұмыстарын екі кезеңде жүр­гізу жоспарланған. Оның ішінде бірінші кезеңде 6,6 шақырым ма­гистралды жылу жүйесін және 4 кері сорғы стансаларын қайта құру жұмыстары белгіленіп, 4,7 шақы­рым құбырларды монтаждау жұ­мыстары аяқталып, іске қосылған. Қалған 1,9 шақырым құбырларды ауыстыру жұмыстары биылғы жылы жалғасын табатын болады. Екінші кезең бойынша 14,5 ша­қырым магистралдық жылу құ­быр­ларын қайта құру жұмыстарын жүргізу жобасы мемлекеттік са­раптамадан өткізу бастамасы ат­қарылып, құрылыс жұмыстары биыл басталмақ. Осы және өзге де атқарылған жұмыстарды кәсіп­орын басшылығы мен қала әкім­дігінің жауапты азаматтары Пар­ламент өкілдеріне баяндады.

Жылу беру жұмыстарының сапасына байланысты тұрғын­дардан көптеп шағым түсіп жат­қанын айтқан депутаттар жауапты тұлғалардан неліктен үйлерде жылыту жүйелері қалыпты болмай отырғанын сұрады. «Қаңтар айы­нан бастап сайлаушылармен тұ­рақты кездесулер өткізіп келеміз. Халықпен өткен жүздесудің бар­лығында дерлік жылу жетіспейді деген шағым көп айтылуда. Тұр­ғындардың талап-тілегін ескере отырып, Кентаудағы жылуэнер­го­орталығына келіп, кәсіпорынның бүгінгі қызметін арнайы көру үшін келдік. Орталықта төрт жылу қа­зандығы жұмыс істеп, жылу қуаты 60 пайыз ғана болып отыр. Бұл мәселені Кентау қаласының әкім­дігімен, партиялық құрылым­дар арқылы тұрақты бақылауымызға аламыз. Халық жасаған төлеміне сай сапалы жылу алуы керек», – деді Парламент Мәжілісінің депутаты Қайрат Балабиев. 

Жылу беруші ұйымның және кәсіпорындағы жөндеу жұмыс­тарына жауапты мердігер ұйым­ның қызметін жіті бақылауда ұстау керектігі жөнінде Парламент өкілдері Ерлан Абдиев пен Темір Қырықбаев та мәлімдеді. Қала әкім­дігі мен тиісті облыстық ұйым­дарға осы мәселе жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. 

Парламент Мәжілісінің де­путаттары Қаратау тәжіне балан­ған кеншілер қаласындағы жұмыс сапары жаңа кәсіпорындардың жұмысымен танысу кездесуле­рі­мен жалғасты. Парламент өкілдері BNK Group LTD ЖШС-ның жаң­бырлатып суару машиналарын жасау жобасымен танысты. Құны 1,2 млрд теңгені құрайтын инвес­ти­циялық жоба бойынша 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, сұ­ранысқа ие жаңа технология­лармен ауыл шаруашылығына қажетті суару техникалары құрас­тырылмақ. Ал «КазОйлЭнерджи» ЖШС-ның өндірістік алаңына барған депутаттар өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу және оны утилизациялау жобасымен танысты. Жеке кәсіпкер Руслан Мұратұлы жүзеге асырып жатқан инвестициялық жобаның құны 24 млрд теңгені құрайды. Жылына 100 мың тоннаға дейін өндірістік қалдықтарды өңдейтін кәсіпорын 1 500 адамды жұмыспен қамтып, қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға үлесін қоспақ. Қазір мұнда өндірістік алаңды дайындау жұмыстары қарқын алып, құжетті құрал-жабдықтар әкелінген. Өн­діріс орны биыл тестілік режимде жұмысын бастайтын болады.

Жұмыс сапары барысында Парламенттің төменгі палата өкілдері Мемлекет басшысының саяси, экономикалық және әлеу­меттік реформаларының мәнін ашып айтып, Парламент Мәжілі­сінің заң шығару ісіндегі бастама­лары жөнінде кең көлемді мағлұ­маттар берді. Парламенттегі пар­тиялық фракцияның жұмыс нәти­желерімен таныстырып, өкілді мемлекеттік биліктің халық тара­пынан білдірілген сұраныстардың орындалуы жөнінде ақпарат берді. 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы