Былтыр жыл басында Қазақстандағы күзетшілер саны 100 мыңға жақындаған-ды. Дәлірек айтқанда елімізде 94 511 күзетші болған.
Күзетке  ізет керек
832
оқылды

Сөйте тұра  осынау қызметті атқаруға маман  жетіспей жатады. Жыл сайын  еңбек нарығында күзетші іздейтіндер кездеседі. Ал бұқара әдетте  күзетшінің жұмысын  жанға жайлы,  екінің бірі  істейтін еңбек деп бағалайтыны тағы бар. Шынымен солай ма? Күзет агенттіктерінде ешқандай мәселе жоқ па? Үңіліп көрдік.

Күзет агенттіктері полицияға көмекші ретінде өздері қа­дағалай­тын нысандарда ұры­ларды ұстау (сауда орталықтары, қоймалар тағы басқа), бұзақыларды сабасына түсіру (түнгі клуб, мейрамхана, кафе-бар т.б.), тәртіпті қадағалау (ста­дион­дар, үлкен сахналар тағы басқа) сияқты басқа да көпте­ген функцияны атқарады. Бір сөзбен айтсақ, оларды поли­ция­ның қол­ғанат інілері деуге болады. Алайда олардың неге тұтқынға алу, хаттама толтыру, айыппұл салу құқығы жоқ. 

Халің қалай, күзетші?

Жалпы, былайғы жұрт күзет­шілердің сымбаты келісті, жарағы жарасты сойына қарап, күзет фир­малары ақшаны күректеп тауып жа­тыр деп ойлауы мүмкін. Бірақ мүл­дем олай емес екен. Өйткені бұл – бизнестің ең бір шы­ғыны көп түрі көрінеді. Күзет­шілерді біріншіден, униформа тауып киіндіру керек, екіншіден оқыту қажет. Байланыс құрал­дары­мен қамтамасыз етіп, ар­найы қорғаныс құралдарын алып беруі керек. Қызметтік қару ұстау міндетті нысандар болады, соған арнап арсенал жасақтау тағы бар. Қаруды сақтау және пайдалану ережелері өз алдына бір бөлек шы­ғын. Осылардың ішінде ең көп шы­ғынды қажет ететіні – оқыту. Ол үшін жылдың әр мез­гіліне арнайы жабдықталған, мамандандырылған дайындық орталығы керек. Егер мен­шігіңде болса, құба-құп. Бол­маса жалдау ақысы – тұрақты шы­ғын. Бас­тапқы әскери дайындықтан соң күзетілетін нысан түріне қарай қолданбалы әдістеме бойынша ұдайы оқытып отыру талап еті­леді. Мәселен, банкті күзетудің өз та­лабы бар болса, құбыр же­лісін қа­рауылдаудың тәртібі одан өзгеше. Дүкен, сауда орта­лық­тарында күзет жүргізудің де өз ерекшеліктері бар. Сондықтан күзетшілерді қай жағ­дайда да оқыту керек. Ал осылардың бәрі­нен бұрын ең бірінші керегі – күзет қызметін жүргізуге арнал­ған лицензия.

«Лицензияны қазір екі талап бойынша береді. Біріншісі, барлық нысанды, соның ішінде, әсіресе террористік қауіпке осал нысандарды (ТҚОН) күзетуге арналған. Рұқсатнаманың бұл түрі үшін Ішкі істер министрінің бұйрығымен ерекше сара­лан­ған біліктілік талаптары қойылады. Мәселен, мұндай күзет ұйымдарының жоқ дегенде жедел әрекет ететін екі тобы бо­луы керек. Олар жағдай шиеленіп кет­кен кезде қажет. Одан соң байланыс құ­ралдары, соның ішінде радиобайланыс құралдары мықты болуға тиіс, яки төтен­ше жағдай кезінде бұғатталып немесе өшіп қалмауы керек. Компания күзет на­рығында бір жылдан көп қызмет еткен болуы қажет, қандай да бір жұмыс тәжіри­бесі болғаны талап етіледі. Ал лицензия­ның екінші түрін алудың ешқандай қиын­дығы жоқ. Онда қарапайым талаптар қо­йылған. Мысалы, компанияның басшысы заңгер немесе бұрынғы құқық қорғау органдарының қызметкері болуға тиіс. Отыратын кең­селері болуы керек деген сияқты», – дейді «Қазақстан Рес­пуб­­­­ликасы Күзет ұйым­дарының қауым­­дастығы» ЗТБ төрағасы Анатолий Кали­нин.

Мамандардың айтуынша, бұл саладағы бүгінгі ең басты проблема – кадр мәселесі екен. Өйткені күзетші қызметкерге қойы­­латын талап қатаң. Ол міндетті түрде Қа­зақстанның азаматы болуы, 19 жастан төмен болмауы, құқық қорғау, денсаулық сақтау органдарында есепте тұрмауы, нашақор, маскүнем, психикалық ауыт­­­қуышы­­­лықтарының болмауы, соттал­маған болуы керек. Одан бөлек, физи­ка­лық денешынықтыру және спорттық нормативтер тағы бар. Қаруды қолдана білуі, психологиялық тұрақтылығы есепке алынады. Міне, осындай жоғары талап­­тарға байланысты күзетші болуға қызығу­­шылық танытатындар аз екен. Екіншіден, бұл салада жалақы тым төмен. Айталық, жеткізіп беру сервисінде істейтін курьер­лердің табатын табысы, тіпті құрылыс саласындағы қарапайым жұмысшылардың айлығы олардан екі-үш есе көп деуге бо­ла­ды, ал қойылатын талап аз. Сон­дықтан қазір зіңгіттей-зіңгіттей жігіттер­дің курьер немесе қара жұмысшы болып жүргенін көруге болады. Сол себепті мұндағы кадр тұрақсыздығы жылына кейбір күзет фир­ма­­­сында 30-50%-ға дейін жететін көрінеді. Осы үрдісті тоқтататын ешқандай тетік болмай тұр. Ең құрығанда еңбек кітап­шасы да талап етілмейді. Болмаса, күзетшілер арасында оқу-да­йын­­дықтан өтіп, тәжірибе жинаған соң талабы аз, айлығы жоғары жұмыс іздеп кетіп қалатындары көп. Сол себепті ма­мандар күзет фирмасына жұмысқа тұрарда еңбек кітапшасын немесе бұрын­ғы жұмыс орнынан мінездеме сұрауды міндеттеуді ұсынады.

«Тағы бір мәселе, қызмет ақыға қатыс­ты. Кәсіпкерлік кодексінің 116-бабында мемлекет қоғамдық және ұлттық қауіп­сіздік саласындағы бағалар мен тариф­­терді реттеуге құқы бар екені көрсетілген. Ал күзет ұйымдары дегеніміз дәл осы қоғамдық қауіпсіздік саласындағы компа­­ния­­­лар ғой, яки полиция қызметінің бұ­рынғы қызметтерін атқарып отырмыз. Ендеше біздің қызметімізге бағаны неге мемлекет бекітіп бермейді. Мәселен, нотариустар үшін бірыңғай тарифті мем­ле­кет қойып берді. Сондықтан мұнда ешқандай демпинг жоқ. Бізге де сөйтсін. Нақты бір сома түрінде тариф бекітіп бер­сін демейміз, тендерге түскенде күзет фир­­ма­ларының шығындарын есептеп, ұсынылатын баға содан төмен болмауы тиіс деп минималды тариф бекітіп берсін. Әйтпесе, тендерге түскенде арзан баға ұсы­­нудан қиналамыз», – дейді Анатолий Иванович.

Бұл мәселені Заңды тұлғалар бірлестігі «Атамекен» ҰКП арқылы Үкіметке ұсын­ған екен. Бірақ қолдау таба алмаған. Десе де, әлі де үмітін үзбей отыр. Өйткені шешімін тапқан мәселелер де бар. Соның бірі қаруға қатысты. Мысалы, күзетші­­­лер­ге тегіс ұңғылы және шолақ ұңғылы қару­ды қолдануға рұқсат. Ал оларға салынатын оқ-дәрі №7 және №8 бытыралар болған екен. Ол дегеніміз – торғай ататын оқтар, яки адамды тек қорқытқанға болмаса, 5-10 метр жерден қалың күртешені тесе ал­майды. Міне, осы мәселе былтыр көте­рілгенде ІІМ «террористік қауіпке осал нысандарды күзету кезінде №0 немесе №1 оқ-дәрісімен (картеч) әлде кәдімгі оқпен оқтауға» рұқсат берген. Оған Қаңтар оқиғасының да әсері болған екен.

Қосымша құзырет керек пе?

Полиция мен жекеменшік күзет фир­маларын «ағалы-інілі қызмет» деп атауға болады. Өйткені өздері күзететін нысан­­­­дарда күзетшілер қо­­ғамдық қауіпсіздікті қадағалай отыра тәр­тіп бұзғандарды да ұстап, ішкі істер ор­гандарына үлкен көмек көрсетіп отыр. Онысын «бұл – біз үшін міндет емес, па­рыз» дейді олар. Ендеше оларға неге тұт­қынға алу, хаттама толтыру, айыппұл салу сияқты тағы да басқа құ­­қықтарды бер­меске?

«Бұл мәселе бұған дейін де көтерілген болатын. Бірақ, меніңше әлі ерте сияқты. Өйткені күзет қызметі нарықтағы бәсеке­­лестік кезеңнен әлі өтіп болған жоқ. Компаниялар шоғыры қалыптасқан жоқ. Ашылып-жабылып жатқан фирма көп. Іргесі бекіп, жұмыс жүргізіп жатқандары­ның өзі де қызметін қалт-құлт етіп әрең жүргізіп отыр. Өйткені біздің қоғамда жеке қауіпсіздік, қоғамдық қауіпсіздікке деген мәселелерге көзқарас әлі болса тө­мен. Азаматтар барлық жауапкершілікті мемлекетке, полицияға арта салғанды жөн көріп тұрады. Күзет қызметіне ақша жұмсағанды артық шығын көреді. Сон­дықтан да арзанға жалдауға ұмтылады. Осы реттен келгенде күзет қызметіне қа­зіргі бар құзыреттен артық өкілеттілік ке­рек емес сияқты», – дейді «Сарбаз-Security» ЖШС құрылтайшысы Садуақас Әбілов.

Еліміздегі ірі кәсіпорынның қауіп­­сіздік жөніндегі маманы Денис Лазарев еліміздегі күзет қызметінің нарығы комо­тозды, яки ес-түссіз жағдайда екенін айта­ды. Оған бір себеп – бұрынғы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың ұсы­нысы­­мен енгізілген лицензияны екіге бө­лу бастамасы. Осы талаптан кейін күзет қызметінің дамуында дағдарыс туындаған.

«Бүгінде күзет қызметі екі санатқа бөлінген. Біріншісі – пульт арқылы күзету, яғни террорлық қауіпке осал нысандарды да және басқа нысандарды да қорғай алатын лицензия алғандар. Олар – элек­тронды жүйелер кешенін қолдана отырып 24 сағат орталықтандырылған мониторинг жүргізуге қабілетті компания­лар. Ал ТҚОН-ға ядролық, радиациялық, био­логиялық, химиялық, техногенді, өрт-жарылыс қауіпі бар объекттер, мелекеттік басқару нысандары, қаржылық-несиелік, ақпараттық, телекоммуникациялық инфра­құрылымдар, адам көп жиналатын орындар жатады. Екінші санаттағы компаниялар біріншісіне енбей қалған нысандарды күзетеді. Олар – құрылыс нысандары, жеке тұрғын үйлер, мейрамха­налар және т.б. Осы ретте бірінші санатта генералдар басқаратын «күзет элитасы» қызмет етеді. Мемлекет те солармен жұ­мыс істегенді қолай көреді. Ал екінші санаттағыларға қойылатын біліктілік талаптары төмен болғандықтан, онда барушылардың қарасы қалың. Онда зейнеткерлер де, әйел адамдар да бар. Кү­зет қызметіне деген көзқарас осыларға қарап қалыптасып отыр», – дейді ол.

Террорлық қауіпке қарсы тұрудың бір талабы – оқу-жаттығу кешендерін орта­лықтандырып, денешынықтыру бойынша нормативтік сынақ талаптарын бір стан­дарт­қа түсіру. Ол үшін әр өңірден бөлек-бөлек және республикадан ортақ оқу орталығын ашу қажет. «Алмаз Секьюрити» ЖШС директоры Артем Люзенің айтуын­ша, кезінде көтерілген осы мәселенің де шешімін таппағаны күзет нарығын тығырыққа тіреп отыр. Өйткені күзетші­лерге қойылатын кри­терийлерді бірізге түсіріп алмай, аталған санаттарға қажетті құрамды қалыптастыру қиын. 

«Тағы бір мәселе, қызметкерлердің ортақ мәліметтер базасын жасақтау. Бұл, әсіресе оққағарларға қатысты. Егер бар­лық ақпарат бір жерде тұратын болса, әр қызметкерден «психдиспансерден, нарко­логтан анықтама әкел», «қару ұс­тауға рұқсатың қайда?» деп сұрап отыр­майсың. Бірден компьютерден тауып ала қоясың. Жұмысқа адам іздесең де солай, мәлімет­тер базасында бос тұрған қыз­меткерлерден таңдап ала қоясың. Бірақ бұл мәселе кадр тұрақсыздығына байланысты шешілмей тұр. Сондай-ақ заң бойынша қоғамдық көліктерге бөлінген Bus Lane жолақта­рымен біздің арнайы белгілері мен жа­нып-өшетін жарық шамдары бар қыз­меттік көлік­терімізге жүруге рұқсат етілсе. Біз ол жолақты көп ретте шұғыл шақырту­ларға бара жатқан шақта қолданамыз. Бірақ сонда да болса бейнебақылау каме­ра­ларынан айыппұл келіп тұрады. Оны өшірту үшін қанша босағада бозарып кү­тіп, қанша табалдырықты тоздыру қажет. Кейде айыппұлды төлеп құтылған­ды оңай көре­міз. Осы жерін реттесе», – дейді «Сар­баз-Күзет» ЖШС құрылтайшысы Талғат Сәдуақасов.

Жалпы, еліміздің күзет қызметі нары­ғы соңғы екі-үш жылдықта тоқырау ке­зеңін бастан кешіріп жатқаны рас. Бол­маса, ТМД бойынша көш ілгері дамып кеткенімен мақтанған да кездеріміз болған. Тіпті, бұл қыз­мет «күзет» деген ұғым­­ның аясынан асып, пери­метрлік қарауылдауды айтпағанда, қарауына алған кә­сіпорынның экономикалық қауіп­сіздігіне де жауап беріп, бух­галтериясына дейін араласа алатын жағдайға жеткен еді. Көлікпен келіп тұрған тауарды жүкқұжаты бойын­ша салыстыра тексеріп, санап шығу қызметін де ұсынатын. Керек десеңіз, оқ­қағар қызметінде әрбір клиенттің жеке қауіпсіздігін дербес ай­қындайтын нор­­мативті құжаттар жазып шығуға да қабілеті жетеді. Ең бастысы, қызмет алу­шының абсолютті қауіпсіздікті сезіне алғанын мақ­сат етті. Соңғы жылдарға дейін Ішкі істер министрлігі және өзге де мемлекеттік органдармен арадағы өзара байланысы өте жоғары деңгейде болған еді. Тіпті, Қазақстанда күзетшілердің құқықтары мен міндеттері полиция қызметкерінің құқы­ғына жақын. Мұндай артықшылық посткеңестік кеңістікте ешбір елде жоқ. Мәселен, заңмен қарастырылған жағдай­ларда күзет қызметкерлері қылмыс жа­саған немесе әкімшілік құқық бұзған адамды ұстауға және өз бетінше полиция бөлімшесіне жеткізуге құқы бар. Егер ол адамда қару, әлде сол сияқты қауіпті не­месе тыйым салынған заттар болатын болса, киімін тексеріп, алып алуға рұқ­сат. Ендігі меже осы мүмкіндіктер аясын кеңейту еді. Бірақ әзірге шешімін күтер мәселе көп. Әділетті Қазақстанның эко­но­­микалық бағдарына бет алған елімізде ол меженің де мерзімі туар.

Нұрлан ҚОСАЙ