Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Egemen Qazaq­stan газетіне берген сұхбатында елімізді жаңа экономикалық модельге көшіру міндеттерінің маңызын ерекше атап өтті. Бұған әділ және бәсекеге қабілетті эко­номикалық жүйе құру, эконо­миканы әртараптандыру, инфра­құрылымды жаңарту, бизнесті қолдау және инвестиция тарту кіреді.
Қуатты экономикалық серпіліс күтіп тұр
2,204
оқылды

Соңғы жылдары еліміз біртіндеп өң­­­деуші өнеркәсіпті дамытуға баса назар аударуда. Үкімет мәліметіне сүйенсек, бүгінде Қазақстанда өңдеуші өнеркәсіп көлемі бойынша кен игеруші өнеркәсіпке жетті және одан әрі өсім көрсетуде.

Өңдеуші өнеркәсіпте жаңа өндіріс орындарын ұйымдастыру үшін жеңілде­­тілген несиелендіруді қоса алғанда, 600 миллиард теңгеден астам бюджет қара­жаты қарастырылған. 2023 жылдың қоры­тындысы бойынша жалпы құны 1,6 трил­лион теңгеге жуық шикізаттық емес са­ла­­ларда 300-ге жуық жаңа жоба енгізілді: оның ішінде 800 миллиард теңгеге жуық сомаға 170 жоба өңдеуші өнеркәсіпке тиесілі.

Машина жасау саласын өндірісті жаң­ғыртудың нақты драйвері және елдегі өнеркәсіптің бәсекелестік артықшылығын айқындайды. Сонымен қатар ол тұтыну нарығының тұрақты жұмыс істеуін әрі толтырылуын қамтамасыз етеді және саланың технологиялық өзегін дамытудың негізі болып табылады. Біз Үкіметпен бірлесіп, саланы жаңғырту, оның негізгі көрсеткіштерін, бүкіл өңдеуші өнеркә­сіптің дамуына машина жасау үлесінің маңызын арттыру бойынша бірқатар шара­ны жүзеге асырудамыз. Біздің мінде­тіміз – жоғары өңдеу кластерлерін құру.

Қазақстандағы машина жасаудың біре­гейлігі оның жан-жақтылығында. Өнеркәсіп 37 ішкі секторды қамтиды. Олардың ішінде теміржол, ауыл шаруа­шылығы, энергетика, мұнай-газ, тау-кен металлургия, электро­техника, көтеріп-тасымалдағыш машина жасау, автомобиль жасау, қорғаныс өнер­­­кәсібі және т.б. Салада бір жұмыс орны аралас салаларда 8 жұмыс орнын тудырады. Қазіргі Қазақ­станның машина жасау саласында 5 410-нан астам кәсіпорын жұ­мыс істейді, жұ­мыс­­­­шылар саны 120 мыңнан астам адам­­­ды құрайды. Әлемде ең көп саты­латын дәл осы машина жасау өнімдері. Әлемдік экспорттың 41%-ын машина жа­сау өнімдері құрайды.

Бүгін машина жасау саласы жоғары мультипликативті әсерге ие, өнеркәсіптің күрделі әртараптандырылған сегменті, ол тұтастай алғанда экономиканың басқа салаларына тиімді әсер береді және бәсе­кеге қабілеттілікті арттыруға, эконо­ми­­­ка­ның күрделенуіне, техникалық прогрес­ке және халықтың өмір сүру сапасының жал­пы өсуіне ықпал етеді. Біз тек құрамдас бөліктер мен қосалқы бөлшектерді ғана емес, со­нымен қатар түпкілікті өнімді шығарумен айналысамыз. Бұл электро­воздар, тепло­­­воздар, жүк және жолаушы­лар вагондары, тракторлар, астық жи­найтын комбайндар, автомобильдер, мұнай-газ, тау-кен өнер­­­кәсібінің жабдық­тары, ЖЭО (жылу электр орталықтары) және МАЭС-қа (мемлекеттік аймақтық электр стансасына) арналған энерге­тикалық жабдықтары және т.б.

Мемлекет басшысы 2019 жылғы бірін­ші Жолдауында отандық өңдеуші өнер­кәсіпті, оның ішінде машина жасауды қол­дау бойынша бірқатар тапсырма берді.

Оларды жүзеге асыру үшін Үкімет ма­шина жасауды дамытудың 2019-2024 жыл­дарға арналған Жол картасын, «Өнеркә­сіптік саясат туралы» заңды қабылдады, Қазақстанның өнеркәсіпті дамыту қоры құрылды.

Одан бөлек, машина жасаудың бәсе­кеге қабілеттілігін арттыру, оның ішінде өңдеуші кәсіпорындарды қолже­тімді шикізатпен қамтамасыз ету бойынша бір­қатар шара қабылданды.

Машина жасау саласын мемлекеттік қолдау шаралары Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген машина жа­сауды дамытудың 2019-2024 жылдарға ар­налған Жол картасын мерзімінен бұрын жүзеге асыруға ықпал етті.

Жол картасында 2024 жылдың соңына дейін өндіріс көлемін 1 триллион теңгеден 2,6 триллион теңгеге дейін жеткізу міндеті қойылған. 2022 жылдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 3,1 трлн теңгені құрады. Яғни, соңғы 4 жылда өндіріс көлемі 3 есе, ЖҚҚ (жалпы қосылған құн) көлемі 2 есе өсіп, 1,5 трлн теңгені құрады, НКИ (нақты көлем индексі) 1,9 есе өсті. Тапсырма мерзімінен бұрын орындалды.

Мұндай нәтижелерге Мемлекет бас­­шысының жеке қолдауының арқасында жеттік. Сандардан-ақ көруге болады – Қазақстанда жоғары өндірістерді табысты дамыту үшін барлық алғышарт бар. Ма­шина жасау соның дәлелі. Енді алға қой­ған мақсатқа жетуді тоқтатпау маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбатында 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін екі есеге ұлғайту толығымен қол жеткізуге болатын мақсат екенін атап өтті.

2022 жылғы 29 желтоқсанда Мемлекет басшысы Үкіметке машина жасауды да­мы­тудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын. Ол 2023 жылдың мамыр айында Машина жасаушылардың XI форумында талқыланып, бизнестің пікірін ескере отырып, 2023 жылғы 7 қарашада құжат Үкімет қаулысымен бекітілді. Кешенді жоспардың жүзеге асуы Президент алға қой­ған мақсатты жүзеге асыруға айтар­­­­лық­­­тай ықпал етуде.

Жоспарға 7 бағыт бойынша 79 іс-шара енгізілген. Бұл отандық өндірушілерді қол­жетімді бағамен шикізатпен қамта­­­масыз ету, басымдықты және қолжетімді қаржылан­дыруды қамтамасыздандыру, отандық өн­дірушілерді салықтық жеңіл­­дік­термен ынталандыруды жақсарту, бі­лікті кадр­­лармен қамтамасыз ету және ғы­лыми-зерттеу және тәжірибелік-кон­структорлық жұмыстарды (ҒЗТКЖ) да­мыту, машина жасау өнімдерін өткізуді ынталандыру, техникалық реттеу жүйесін жетілдіру, сала секторларына арналған мақсатты қолдау шараларын жүзеге асыру.

Кешенді жоспардың нысаналы ин­дика­­­­торлары – өндіріс көлемін 4,5 есеге арт­­­ты­руды қамтамасыз ету және атаулы өнім кө­­ле­­мін 11,3 трлн теңгеге жеткізу. 2028 жылға қарай жалпы қосылған құн 1,3-тен 5,9 трлн теңгеге дейін, НКИ (нақ­ты көлем индексі) жылына кемінде 10%-ға, экспорт көлемін 3 есеге, еңбек өнімді­­­лігін 1,9 есеге, инвес­­­тицияны 1,5 есеге арттыру жоспар­лануда.

Мұндай құжат елімізде алғаш рет қа­былданып отыр. Бұл машина жасау сала­сын ғана емес, сонымен қатар бүкіл өң­деу­ші өнеркәсіпті одан әрі дамыту үшін маңызды. Біз Кешенді жоспарды сәтті және уақытылы жүзеге асыру үшін бар күш-жігерімізді саламыз.

Отандық машина жасау саласы қар­қын­ды дамып, оң нәтижелер көрсетуде. Осы­­лайша, 2023 жылдың 11 айында НКИ (нақты көлем индексі) 127%-ды құрады. Машина жасау өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 3,6 трлн теңгені құрады. Инвес­­тиция көлемі – 199 млрд теңге. 2023 жыл­дың 9 айында экспорт көлемі 2,8 млрд долларды құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда өсім 43%-ды көрсетті.

Президент сұхбатында Үкімет эконо­­миканы басқарудың тың тәсілдерін қол­дана алса, ел экономикасының өсімі жай­лы айтылған жақсы болжамдар ақиқатқа айна­лады деп баса айтты. Бұл екі негізгі бағыт: ауқымды өнеркәсіп жобаларын және жүйелі реформаларды жүзеге асыру. Бірінші бағыт бойынша шетелдік инвести­ция тарту мәсе­­­лесі маңызды. Ауқымды инвестициялар экономиканы «үдетіп», жаңа өсу нүктелерін жасай алады. Бүгінде ма­шина жасау инвес­тициялық тартым­­­дылық бойынша көшбас­шы үштіктің бірі. Шетелдік әріп­­тестермен бірлескен жоба­­­лардың саны жыл сайын артып келеді. Салада General Electric, Alstom, Stadler, CLAAS, Siemens, KIA, Daewoo, Skoda және т.б. сияқты әлемдік компаниялар жұ­мыс атқарады. Бұл жерде Қазақстанда серпінді инвестициялық жобаларды жүзе­ге асыру үшін қажетті алғышарттар бар.

Екінші бағыт пен жүйелі реформаларға келетін болсақ, Мемлекет басшысының айтуынша, реформалар бүкіл экономика үшін жаңа «ойын тәртібін» белгілейді. Бұл жерде мемлекет пен бизнестің қарым-қа­ты­­­насын қайта қарауға мүмкіндік бере­тін жаңа Салық кодексінің әзірленуін айта кеткен жөн. Президент тезистеріндегі маңызды мәселе: инвесторлар үшін қо­лай­лы жағдай жасау мен бюджет кірісінің қажетті деңгейін ұстап тұру арасындағы теңгерімнің болуы. Яғни, бюджет кірісін ұлғайту және Ұлттық қорды сақтап қалу мақсатында бәсекеге қабілеттілігі төмен­деуі мүмкін отандық кәсіпкерлерді де ұмытпау керек. Қазақ­­станның машина жасаушылар одағы жаңа Салық кодексі аясында отандық машина жасау кәсіп­орын­дарына салықтық пре­ференциялар беру мәселелеріне бастамашы болды. Бұл өндіріс құралдарына есепке жатқызу әді­сін қолдану арқылы ҚҚС төлеу меха­­низмін кеңейту және металл бұйым­дарын импорттау кезінде ҚҚС төлеуді кейінге қалдыру. Біз отандық кәсіпорындар мен инвесторлар арасындағы бәсекелестік жағдайын теңестіруді ойлауымыз керек. Қалай болғанда да, өндірістегі салықтық жеңілдіктер құн тізбегі мен қосымша жұ­мыс орындарын құруға ықпал етеді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсыруымен жаңадан ашылған өндіріс орындары 3 жылға дейін салықтан боса­тылады. «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңды іске асыру мақсатында қолданы­с­тағы заңдарға елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларын бекіту, офтейк келісім­шарттар жасасу, сондай-ақ өнді­руші кә­сіпорындарды отандық шикізат­пен қам­тамасыз ету бойынша өзгерістерді дайындау бағытында жұмыстар жүргізі­луде. Бұл нормалар Мәжілісте қаралуда. Парламент заң жобаларын қолдайды деп сенеміз.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы бүгінде еліміздегі жылу электр орталықтарындағы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­­­лы­­­ғындағы ахуал мүшкіл екенін айтты. Желі­лерді жүйелі түрде жаңарту қажет және дәл осы жерде инвестиция тарту мен өз өндірісі­мізді дамыту мәселесі аса өткір. Инвести­­цияларды тарту саласындағы мем­лекеттік қолдау шаралары өндірісті оқшаулау дәре­жесін арттыруға байла­­­­нысты болуы керек. Жаңа энергия өнді­ретін кәсіпорын­дарды қайта құру және күрделі жөндеу жұмыстарын жасау үшін Қазақстанда газ және көмір турбиналарын, қазандықтар мен қосалқы жабдықтарды өндіруді жолға қою өте ма­ңызды. Бұл күрделі, жоғары техно­логиялық және капи­­талды қажет ететін жобалар, алайда олар импортқа тәуелділікті айтар­­лықтай төмендетіп, экономиканың техноло­гия­лық деңгейін арттыруға септігін тигізеді.

Бүгінде әлемдік экономикада техно­логиялық жарыс қарқын алуда. Бұның бар­лығы адамзаттың бұрын-соңды ба­сында болмаған сынақтар мен күрт өзге­рістердің кезекті дәуіріне аяқ басқанын көрсетеді. Ал осындай маңызды кезеңде Қазақстанның қуатты экономикалық серпіліс жасауға толық мүмкіндігі бар. Өңдеуші секторды, оның ішінде машина жасауды үдемелі дамыту Мемлекет бас­шы­сы жариялаған Қазақстанның жаңа экономикалық бағда­рына жедел көшуге және алдағы 5 жылда ұлттық экономи­каның көлемін екі есеге арттыру мақсаты­на жетуге мүмкіндік береді. «Өнеркәсіптік революция» деп аталатын өңдеуші сектор­ды өзгерту оңай шаруа емес, бірақ мемле­ке­тімізге аса қажет. Қазақстанды инду­ст­рия­­­­ландырудың бұл кезеңі өндірістік саясаттың даму тенденцияларын түбегейлі өзгертеді. Отандық бәсекеге қабілетті өнім шығару көлемін ұлғайту, жаңа өнер­кәсіптік кәсіпорындар салу, қол­даныс­тағыларын жаңғырту шараларын бірлесіп жүзеге асыруға күш салуымыз қажет. Ал капитал сыйымдылығы мен жоғары технологиялық өндіріс дұрыс стратегия­лық жоспарлауды және ең бас­тысы Мемлекет басшысы бел­гілеген мін­деттер­­ді тиімді жүзеге асыруды талап етеді. Мемлекеттің, бизнес қауымдас­­­тықтың, азаматтық қоғамның басын бі­рік­­тіру және бірігу қажет. Тек көптің кү­шімен ғана экономикасы қуатты ел құра аламыз. Машина жасаушылар одағы жос­парлы міндеттерді атқаруға және жаңа эко­номи­калық бағдарды жүзеге асыруға бар күш-жігерін салады.

Мейрам ПІШЕМБАЕВ,

Қазақстан машина жасаушылар одағының

басқарма төрағасы