Онлайн-платформа тиісті лицензиясыз букмекерлік қызмет көрсеткен.
«1WIN»: онлайн казино ұйымдастырғандарға  халықаралық іздеу жарияланды
Фото: wing.com.ua
876
оқылды

Алматы облыстық ҚМА департаменті Қазақстан, ТМД және алыс шетел аумағында жұмыс істеген «1WIN» онлайн-казиносының заңсыз қызметіне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр,  деп хабарлайды Aikyn.kz

ҚМА баспасөз қызметінің мәліметінше, онлайн-платформа заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырумен қатар, мыңдаған отандастарымызды тартып, тиісті лицензиясыз букмекерлік қызмет көрсеткен.

Ақшалай қаражат интернет-эквайринг арқылы аутентификациясыз қабылданған, бұл тіпті кәмелетке толмағандарға да құмар ойындарға қатысуға мүмкіндік берді.

2023 жылдың өзінде-ақ онлайн-казино айналымы шамамен 4 млрд теңге болған. Қазір тергеу жалғасып жатыр. Онлайн-казино сайты бұғатталды, төрт ұйымдастырушыға халықаралық іздеу жарияланды. Тәркіленуге жататын мүлікке және жалпы сомасы 1,5 млрд теңге ақшалай қаражатқа тыйым салынды. Сондай-ақ  Mercedes-Maybach S500  және  Lamborghini Huracan  автокөліктері тәркіленді.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етілуге жатпайды.

Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстан заңнамасына сәйкес, елде онлайн-казино қызметіне тыйым салынғанын, ал букмекерлік қызметтер тиісті лицензия болған жағдайда ғана көрсетілетінін ескертті.

«Агенттіктің  АФМ Insider Telegram ботына экономикалық құқықбұзушылық фактілері туралы хабарлауыңызға болатынын естеріңізге саламыз»,  делінген хабарламада.