Алматыда 1-3 ақпан аралығында «Digital Almaty – 2024: Х индустриясы - Болашақтың цифрлық эволюциясы» атты цифрлық форумы өтеді.
Digital Almaty – 2024 форумы өтеді
Фото: gov.kz
652
оқылды

Цифрлық индустрияның жаңа дәуірін қалыптастыруға бағытталған алтыншы форум ой-тәжірибе алмасу үшін ШЫҰ және ЕАЭО елдерінің мемлекет қайраткерлерін, жетекші сарапшылары мен кәсіпкерлерін біріктіреді.

Сондай-ақ форум аясында “Industry 4.0 Startup Battle” атты үздік өнеркәсіптік стартапты анықтайтын ауқымды сайыс; IT-экожүйе саласындағы жобалар туралы тәжірибе, ақпараттарды бөлісетін, отандық ірі жер қойнауын пайдаланушылардың, технопарктердің, технологиялық компаниялардың көрмесі жоспарланған.

Биыл “Digital Almaty” VI форумы өнеркәсіптегі цифрлық трансформация, GovTech, 4.0 индустриясы, ESG, Smart City және басқа да салалардағы инновациялық шешімдерді ұсынатын ауқымды іскерлік бағдарламаны ұсынбақ. Панельдік пікірталастар шеңберінде халықаралық сарапшылар, сала көшбасшылары, IT және бизнес саласындағы жетекші инноваторлар қатарынан 200-ден аса спикер қатысады. Экономика мен инновация секторларында жаңа технологияларды қолдану жайында табысты кейстерін сіздермен бөліседі. Үш күндік цифрлық іс-шараға 30 мыңнан астам адам қатыспақ.

“Digital Almaty” халықаралық форумы жыл сайын әлемнің 15 елінен жетекші сарапшыларды жинайды. Биыл біз цифрлық индустрия тақырыбын талқылаймыз. Елімізде жалпы ішкі өнім өндірісіндегі негізгі үлесті өнеркәсіп құрайды. Жаңа жылда экономикалық саладағы бизнес-процестерді жақсартуға көмектесетін жаңа цифрлық шешімдер қажет. Форум алаңы осы саладағы негізгі трендтерді, жобаларды және технологияларды таныстыру және талқылау үшін зор мүмкіндік береді», - деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

Әлемдік сарапшылар мойындаған Digital Almaty шарасы былтыр цифрлық тау-кен, мемлекет басқаруын, криптобиржа, киберқауіпсіздік, білім беру және корпоративті инновацияларды талқылауда 150-ден астам спикерді жинады. Сонымен қатар, форум мектеп оқушыларына арналған “Digital Ministry Cup” атты робототехника және инженерлік жобалар бойынша алғашқы халықаралық чемпионатын өткізді. Қазақстан, Ресей және Әзірбайжаннан төрт номинация бойынша жеңімпаздар анықталды. Былтыр форум алаңында алғаш рет “Tech Garden Awards” марапаттау рәсімі өтіп, 2022 жылдың қорытындысы бойынша, өндіріс жұмыстарына инновациялық жобаларды енгізгені үшін өнеркәсіп орындары мен индустриялық кәсіпорындар марапатталды.

Форумның пленарлық отырысына ЕАЭО елдерінің үкімет басшылары қатысты. Спикерлер цифрлық инфрақұрылымның тұрақты дамуы мен телекоммуникациядағы жаңа технологияларды талқылады. “Digital Almaty” ЕАЭО елдерінің цифрлық күн тәртібін талқылайтын платформа мен үздіксіз үрдіске айналды. Биыл ол "Х индустриясы" – Болашақтың цифрлық эволюциясына назар аударта жаңа бағытты қамтып жатыр.

Еске сала кетейік, Digital Almaty ұйымдастырушылары: Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі және "Инновациялық технологиялар паркі" дербес кластерлік қоры (Tech Garden).