Марқұмның ағасы Қайрат Нүкенов «Ертысбаев live» YouTube арнасына берген сұхбатында бірнеше жаңа деректерді айтты.
«Кінәлі емес деді»: Салтанат Нүкенованың ағасы оның өліміне қатысты жаңа деректер айтты
Фото: әлеуметтік желіден
14,171
оқылды

Экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты тергеу аяқталды. Бұл туралы заңгер Жанна Уразбахова әлеуметтік желіде хабарлады. Тараптар іс материалдарымен танысып, қорғаушылық өтініштерін бергеннен кейін іс шешім қабылдау үшін прокуратураға жіберіледі. Марқұмның ағасы Қайрат Нүкенов «Ертысбаев live» YouTube арнасына берген сұхбатында бірнеше жаңа деректерді айтты, – деп хабарлайды Aiqyn.kz Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

Ол Байжановтың отбасы кездесуге шақырғанын айтты.

«Қуандық Бишімбаевпен қылмысқа бірге қатысқан Байжанов тергеуде Салтанаттың пульсін тексергенін, ұйықтап жатыр деп ойлағанын айтты. Қазір ол күдікті ретінде қамауға алынды. Қайғылы жағдайдан соң Байжановтың отбасы, ата-анасы, әйелі Астанада мені кездесуге шақырды. Олар Байжановтың кінәлі емес екенін, Қуандықтың ықпалында болғандықтан, осындай әрекетке барғанын, тек берілген тапсырманы орындағанын айтты. Түрлі бұйрық берілуі мүмкін, бірақ өлімге қатысты бұйрықты орындап, оған көмектесу тапсырманы орындау емес, қылмысқа қатысы бар деп есептеледі. Олардың кешірім сұрайтынын, балаларын қорғайтынын білдім. Шындық ашылмайынша, ол бәрібір қылмысқа қатысы бар деп есептеледі. Жалпы, ол балаларының тағдырын ойлап, шындықты айтқаны жөн»,  деді Қайрат Нүкенов. 

Сондай-ақ ол кейбір видео, фотолардың сақталмағанын айтты.

«Салтанатқа ұқсайтын екі қыздың келгені, Бишімбаевпен сөйлескен жазбалары сақталмаған. Олар неше сағат отырған, не туралы сөйлескен, соның бәрі тергелуі керек. Сол кезде бізге оқиға анық бола бастайды. Салтанатқа ұқсайтын қыз тергеу кезінде мүлде басқа нәрсе айтты. Оның қорқып отырғаны түсінікті. Адамгершілік тұрғысынан қарасақ, қылмыскердің жағында болғаны дұрыс емес. Сол үшін шындықты айтқаны жөн деп есептеймін. Бұл біз үшін маңызды»,  деді ол.