Бір отбасы мүшелерінің өмірлері қиылды және 1 кішкентай сәби дене жарақатын алып, ауруханада жансақтау бөлімінде жатыр.
"Жерлеу рәсіміне бара жатқан". БҚО-да бір үйдің 4 адамы қаза тапқан жол апатына қатысты тың дерек шықты
1,261
оқылды

Батыс Қазақстан облысында болған жантүршігерлік жол апатына қатысты жаңа деректер айтылды,  деп хабарлайды Massaget.kz Батыс Қазақстан облысының Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Жол апаты 9 қаңтарда сағат 17.17-де Жаңақала-Чапаев тасжолында болды. Toyota Estima және Hyundai Santa Fe көліктері Ақбалшық пен Пятимар ауылдары арасындағы жолда соқтығысқан. БҚО Денсаулық сақтау басқармасы өкілі жол апатынан 5 адам қаза тапқанын, 1 жас 9 айлық бала зардап шеккенін айтты. Ол ауруханаға жеткізілген.

Бүгін Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінде брифинг өтті. Ведомство бастығы Арман Оразалиев болған оқиғаның егжей-тегжейін баяндады.

"Жол апаты кеше Чапай-Жаңақала-Сайхын облыстық маңызы бар тасжолының 103-шақырымында болды, салдарынан 5 адам қаза тапты. Бір отбасы мүшелерінің өмірлері қиылды және 1 кішкентай сәби дене жарақатын алып, ауруханада жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл жерде де жүргізуші қарсы жолаққа шығып кетіп, қарсы бетте келе жатқан көлікке соқтығысып отыр. Сонымен қатар  автокөліктің дөңгелегі қысқы шинаға ауыстырылмаған, яғни жазғы шинамен жүрген", деді Полиция департаменті өкілі.

Сонымен қатар  полиция мәліметінше, қайтыс болған отбасы Жаңақала ауданында тұрған. Көлікте ер адам, екі қызы, немересімен әйел болған. Олар жерлеу рәсіміне бара жатқан.

Айта кетейік, Полиция департаменті мәліметінше, 10 күн ішінде облыста 11 жол апаты болып, салдарынан 12 адам қаза тапты, 21 адам әртүрлі дәрежедегі жарақат алған. Мәселен, 6 қаңтарда Орал қаласында "Окружное шоссе" айналма жолында 3 көлік соқтығысып, 1 адам қаза тапты. 7 қаңтарда "Орал-Атырау" республикалық маңызы бар тасжолының 62-шақырымында Шевроле Нексия жүргізушісі қарсы келе жатқан Тойота Ипсум көлігіне соқтығысты, салдарынан 3 адам қаза тауып, 8 адам жарақат алды. Сол күні Казталов-Жәнібек тасжолында ВАЗ-2110 жүргізушісі қарсы келе жатқан Шевроле Лачети көлігімен соқтығысты, салдарынан 1 адам қаза тапты. 

Ал 2023 жылы 445 жол апаты болды, оның салдарынан 107 адам қаза тапты, 540 адам әртүрлі дәрежедегі жарақат алды.

"Жол апаттарының негізгі себептері маневр жасау қағидаларын бұзу, жылдамдық режимін асыра пайдалану. Жолаушылардың назарына қала мен аудан арасында такси қызметін пайдаланғанда, рөлі оң жақтағы көліктерге отырмауыңызды сұраймыз. Себебі мұндай көлікті басқаратын жүргізушілер басып-озу кезінде қарсы бағытта келе жатқан көлікті өз жолағынан қарсы бетке толық шыққанша көрмейді. Бұл көліктердің жол апаттарына ұшырау қаупі өте жоғары. Біз рөлі оң жақта орналасқан көліктердің жүрісіне тыйым сала алмаймыз, сондықтан мұндай көліктерге отырған кезде өміріңіз бен денсаулығыңызға қауіп төнетінін ескертеміз! Сонымен қатар  көлікке отырар алдында дөңгелектерінің қысқы шинаға ауыстырылғанына назар аударыңыз. Жолда абай болыңыздар!"  деп ескертті ПД өкілі.