«Еттің бәрі қазы емес, иттің бәрі тазы емес» деген халқымыз тазы итті бұрыннан ерекше қастерлеген.
Тазы да қазақтың бренді
1,156
оқылды

Жеті қазынаның қатарына қосылған таза қанды құмай тазылар ертеде құры­ғын сүйреткен ұры мен құйрығын сүйреткен бөріден жұртты аман сақ­таған әрі саятшылықтың сәнін келтірген. Ал Қазақ­­­станда екі мыңнан астам тазы бар екені анықталды.

Тазы мен төбеттің ұлтымыз үшін бағалы екені бағзыдан белгілі. Ит тұқымдарының ішінде ұшқыр тазы ерекше көзге түседі. Текті жануардың тұқымы қазақ жерінде жеті мың жыл бұрын пайда болған екен. Ол кезде тазының құны бір үйір жылқыға тең болған деген ақпарат бар. Құны жоғары тазы тұқымы сымбатты денесімен, бітім-болмысымен ерекшеленген. 

«Тазыны сақтап қалу үшін жасалуы керек іс-шараларға келетін болсақ, ең алдымен, бұл ит тұқымының дұрыс есебін жүргізу қажет. Өзге тұқымдармен араластыруға, будандастыруға жол бермеуіміз керек. Біз қазірдің өзінде құжаттар пакетін даярлап жатырмыз және келесі жылы тазыны қазақы тұқым ретінде тануға өтінім беруді жоспарлап отырмыз. Біз тазыны да, төбетті де сақтауға, көбейтуге  және одан әрі жетілдіріп, дамытуға тырысуымыз керек», – дейді Қазақстан Кинологтер одағының президенті Бауыржан Серікқали.   

Жазық далада да, тауда да аңщылардың теңдессіз көмекшісін тұтас әулетімен асырап келе жатқан адамдар да бар, жеті қазынаның бірін тек аңшылар  емес, әуесқойлар да  тәрбиелеп жатыр. 15 жылдан бері тазы асырап жүрген Сағыныш Темірбеков қазір тіркелмеген тазының көп екенін айтты. «Тазы – ақылды ит. 3 тазым бар. Таза қанды тазыларға екі айынан бастап міндетті түрде берілетін дәрумені болады. Ал 8-9 айлығында өтпелі кезеңнен өтеді, үй жануарларына, құстарға тиісе бастайды. Бұл кезде иесі оны аңшылыққа үйрете бастауы керек. Тазының қасқырға шабатынын естіген жұрт көп.  Иә, расында, шапқан қасқырын қашырмай ұстап тұруға тазының қауқары жетеді. Ол үшін жануардың жағдайын жасау керек», – дейді  атбасарлық итбегі.

Қазақтың тазы тұқымы – халықтың жеті бірдей құндылықтар тізбегі келтірілген жеті қазынаның бірі. Біз табиғаттың осынау бірегей жаратылысын ұрпағымыз үшін, ұлттық құндылығымыздың жойылып кетпеуі үшін сақтауға міндеттіміз. Ертеде тазы итінің аштықтан құтқарғанын тілге тиек еткен Зоология институты биоценология және аң аулау зертханасының меңгерушісі Константин Плахов:

«Тазы үйдегі мысықтар үшін қауіпсіз, балалармен жақсы дос деуге болады. Баламен балаша ойнап кетеді. Кезінде қазақы ауылдарда балалар оған мініп ойнаған. Яғни, бұл – өте жақсы ит  тұқымы, оның бойында қазақ халқының менталитеті жатыр. Үлкен кісілердің айтуынша, ертеде аштық жылдары тазы иттер ауыл тұрғындарын асыраған, аштықтан құтқарған. Аңшы иттер  иесіне адал, оларға олжа тауып әкелу үшін барын салған. Осыдан-ақ ертеде аңшы тазылардың үлкен дайындықтан өткен жоғары класы болғанын байқаймыз», – деп пайымды пікірін білдірді.

Мамандардың айтуынша, тазы тұқымының көпшілікке танылуына үлкен кедергі халықаралық кинологиялық федерация тарапынан мойындалмауы себеп болған екен. Айта кетейік, ертеден тұрмыста қолданылып келген «тазы» атауы парсы тілінен еніп, «ұшқыр», «епті», «таза» деген ма­ғы­на­ны берген. Тазы – біздің баға жетпес мұрамыз. Ол  Қазақстанның алтын бренді болуға тиіс.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ