Алтын кенішіндегі шұңқырға құлап кеткен автобус­тың табылмай жатқанына алты күннен асып, жетінші күнге кетті. Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шә­ріп­ханов мұндай күрделі жағдайдағы апаттың Қазақ­станда алғаш рет болып отырғанын жеткізді. Өйткені опырылған ойықтың тереңдігі – 150 метрдей.
Карьер қауіпсіздігіне кім жауапты?
934
оқылды

4 қаңтарға қараған түні «Майқайыңалтын» АҚ-на қарасты шахтаның жанында топырақ опырылып, автобус шұңқырға түсіп кетті. Көліктің ішінде жүргізу­шіден бөлек, үш құтқарушы болған. Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары бірнеше сағаттан кейін шұңқырдан екі адамның де­несін алып шықты. Олар – 24 жастағы Сарқыт Берліқан мен 53 жастағы Олег Тышке­вич. Енді бір құтқарушы мен жүргізуші әлі табылған жоқ.

Төтенше жағдайлар қызметінің 9 қаңтар күні таратқан мәліметіне сүйенсек, кеніш аумағында күндіз-түні жұмыс істеп жатқан құтқарушылар мен ауыр техникалар ойықтан 70 мың текше метрден астам топырақ пен тау жынысын шығарған. Автобус жатыр деп шама­­­ланған жерге жету үшін әлі де тереңдету жұ­мыстарын жүргізу қажет. «Іздеу жұмыс­­­­та­рына барлығы 142 адам, 49 техника, 3 ки­но­­ло­­­гиялық есеп және 2 ұш­­қышсыз ұшу ап­­­параты (дрон) жұмылдырылды. Бү­­­гін топырақтың қозғалысын және шұңқыр­­дың түбін өзгерту үшін ТЖД құтқарушыларын маркшейдер ма­ман­мен бірге ойыққа түсіру жоспарланған», – делінген өңірлік ТЖД-ның 9 қаңтардағы хабарламасында.

Апаттың айтып келмейтіні анық. Алайда «алдын алудың да жолдары бар» дейді ма­­­ман­дар. Себебі аталған кеніште қайғылы оқиға бұдан бұрын да тіркелген. 2015 жылы 12 ма­­­мыр­­­да Павлодар облысының Баянауыл ауда­нындағы кеніш карьерінің ішіндегі вагонет­каның үстіне тау массасы опырылып құлап, бір адам ауыр жарақат алып, ауруханада көз жұмған болатын. Сол кездегі Индустрия­­­лық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті аумақтық департаментінің басшысы Марат Келдібеков апаттың себеп-салдарын зерделеу үшін ко­­­миссия құрылатынын да уәде еткен. Өкі­­­­нішке қарай, алтынын алуды білген компания адамын сақтауға мән бермей отыр. Кісі өлімі 9 жыл өткенде тағы тіркелді. Оған қо­са, 2014 жылы қыркүйек айында «Май­­­қайыңал­­тын» АҚ-на қарасты «Алпыс» ке­­­нішіндегі жұмысшылар еңбекақының тө­­­мендігі мен жұмыс уақыты ережесінің сақ­­­тал­­­­­­­мауын айтып, кеніштегі ауыр жағдайға ша­­ғымданған болатын.

«Жаман айтпай, жақсы жоқ». Десе де, ай­­­дың – күннің аманында автобусты жұтып қой­­­ған мұндай апат еліміздің басқа өңірле­­­рінде қайталануы мүмкін бе? Сәтбаев уни­вер­­­ситеті Тау-кен ісі кафедрасының профес­­­соры Ердулла Сердалиевтің сөзінше, Қазақ­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­стан­­­дағы көптеген кеніш ХХ ғасырдың 30-40 жыл­­­­дары ашылып, содан бері үзіліссіз жұмыс істеп келе жатыр. Жер қойнауында жат­қан пайдалы қазбаларды игеріп алу бары­­­сында таужынысы массивінің табиғи күйі бұ­­­зылады, ол әрине орнына келмейді. Яғни, жерастында бос кеңістіктер пайда болғаннан ке­­­йін оның бастапқы орнықтылығы жойы­­­лады. Міне, осындай себептерден массивте опы­­­­рылыстар, бұзылыстар болып, оның сал­­­дары жер бетіне де әсер етіп, осындай Май­­­қайың кенішінде болған апатты жағ­­­дайларға алып келуі мүмкін», – дейді ол.

Тау-кен ісінің маманының айтуынша, қа­уіпті жағдайдың алдын алу үшін негізгі әдістің бірі – кен ор­­­нындағы массивті үзі­ліссіз бақылап, мони­­­торинг жасап отыру. «Егер массивте қандай да бір өзгерістер байқалса, дер кезінде оны бе­­­кемдеп, геомеха­­­никалық процестер жіті ба­­­қы­­­лауда болуы қажет. Екіншіден кен орын­­­дарының тау-кен геологиялық, тау-кен тех­­­­никалық шарттары бірдей емес, әр кен орнының өзіндік ерекше­­­ліктері бар. Осыған орай кеніштің инженерлі-техникалық құ­­­рамы мен жұмысшылар құра­­­мын жыл сайын өнеркәсіп қауіпсіздігінің та­лаптарына үйретумен қоса, сол кеніштің мүмкін болатын қауіп көздерін, оның болу себептерін, қол­­­да­­­нылатын қарсы шараларды да үйреткен дұрыс болар еді. Ол үшін білім беру бағдар­­­ла­­­маларының мазмұ­­­нына, құ­рылымына және тақырыптық жоспар­­­ларына көңіл бөлу керек»,– дейді маман.

Қазақ жерінде кені таусылып, пайдалы қаз­балары азайған соң тастап кеткен, қарау­­­сыз қалған карьер мен шахта көп. Әсіресе, Қарағанды мен Шығыс Қазақстанда көптеген шахта ашық-шашық жатыр. Эколог мамандар шала көмілген шахталардан қоршаған ортаға зиянды улы химикаттар тарайтынын айтады. Былтыр 18 маусымда Қарағандыда да қайғылы жағдай болды. 16 жастағы бозбала Май­­­­­құ­­дық­­­­­­­тағы тас карьерге жиналға суға шомы­­луға барып, батып кетті. Осыдан кейін барып, ашық жатқан карьер топырақпен көмілді.

«Таусылған кенорындарына заң бойынша рекультивация жасалуы керек, яғни шахта толық қауіпсіздендіріліп, жер бедері көгал­­­дан­­­­­­­дырылуы қажет. Кеніштерде жұмыс істей­­­тін маркшейдер деген маман бар, кез келген жерас­ты қазбасына жол көрсетіп, пайдалануға рұқсат беретін солар. Сол маркшейдерлер кені игеріліп алынғаннан кейін де шахта, карьер­лердің жай-күйін бақылап, қабылдап алып отырғаны дұрыс болар еді», – дейді тау-кен маманы Ердулла Сердалиев.

Дегенмен өндірістік барлауға, шикізат өндіруге қаражатты көптеп салатын жеке ком­­­пания кен орнын қайта қалпына келтіруге келгенде сараңдық танытатыны рас. Себебі ол едәуір қаражатты қажет етеді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитеті ұсынған мәлімет бойынша, бүгінде көмір қоры балансындағы жойылған шахталардың үлесі – 0,47 % болса, резервтік шахталар – 45,3%. Бұл тұрғыда Қарағанды облысы бойынша 11 шахта жойылған. Мәселен, 1995 жылы Теміртаудағы Qarmet комбинатына қарасты 15 шахта жұмыс істеп тұрса, қазір сегізі қалған. 

Былтыр Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының тұрғындары «Бектау» карьеріне қатысты мәселе көтеріп, шағымданған бола­­тын. Осыған орай облыстық Экология депа­­р­таматенті 2023 жылдың 28 қарашасы мен 12 желтоқсаны аралығында «Дәнекер Жол» ЖШС-на қатысты жоспардан тыс тексеру жүр­­гіз­­­­ген. «Тексеру барысында кәсіпорынның қор­­шаған ортаға эмиссияларға рұқсаты және «Бектау» кен орнына рекультивациялық жұ­мыс­­­­­тарға мемлекеттік экологиялық сарап­­­тама қорытындысы бар екені анықталды», – деп хабарлады облыстық Экология де­­­­­­­пар­­­­­­­­­та­­­­­­менті. Кейіннен анықталғандай 26 қарашада аталған мердігер ұйым тасты ұнтақтау және карьердің бетін жоспарлау үшін жарылыс жұмыстарын жүргізген. Алайда мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысында жарылыс жұмыстары көз­­­делмеген. «Осы факті бойынша департамент ҚР ӘҚБтК 328-бабының 1-бөлігі және 332-бабының 2-бөлігі бойынша жал­пы сомасы 488 504 теңгеге әкімшілік айыппұл салды. Сондай-ақ департамент мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытынды­­сын­­да көзделмеген жарылыс жұмыстарын жүргізу бөлігінде кәсіпорын қызметіне ты­йым салу туралы талап арыз жолдады. Қазір іс сотта қаралып жатыр», – деп мәлімдеді ведомство.

Жер асты кендерін алу үшін қазып алын­ған топырақ үйінділері (отвалдар) Ұлытау облысында да жетерлік. Жезқазған қаласы­­ның тұрғыны, қоғам белсендісі Жүрсінбай Лекеров ашық карьерлерді аршу кезінде алынған үйінділер туралы жергілікті әкімдікке сұрау салғанымен нақты жауап ала алмағанын айтады. «Бір топ адам «Сарыарқа» қоғамдық бірлестігінің атынан сауал жолдадық. Ол бойынша әкімдіктен: «Сәтбаев қаласы–Жезқазған кенті–Жезді кенті жолы бойында­­ғы солтүстікке қарай орналасқан №1 үйінді «Восток» кен-тау компаниясы» ЖШС-ның атында, Сәтбаев–Малшыбай көлік жолы бойындағы Сәтбаев қаласының шекарасы аумағындағы үйінді «Қазақмыс Корпора­циясы» ЖШС-ның атында екендігін мәлім­дей­­­міз» деген жауап алдық. Бірақ үйінділерді рекультивация жасау бойынша қандай жұмыстар атқарылғаны туралы әзірге нақты мәлімет жоқ», – дейді Ж.Лекеров.

Шығыс Қазақстан облысы да кеңестік кезеңнен бері келе жатқан кен орындарының қалдықтарынан зардап шегіп келе жатқан өңірдің бірі. Мысалға, Алтай қаласының аума­­­­ғындағы 1949 жылы ашылған «Капи­­тальная» шахтасынан шығатын қалдықтар Красноярка өзенін ластап жатқанына біраз уақыт болды. 2019 жылы Красноярка өзенінен алынған сынамада цинктің шекті концентра­­циясы мөлшері 35,7 есеге артқан. Мұндағы ауыр ме­­­­тал­­дар Красноярка өзенінің бір сала­­­сы Бере­­­зовск өзенін де лайлауда. ШҚО-ның Экология департаменті Шубинск кені­­­шінде рекульти­­­вациялық қабатты қалпына келтіру, дренажды жинау және тазарту жұ­­­мысы орындалмауына байланысты 2019 жылы №397 бұй­­­рық негізінде кеніштегі тау-кен жұмыстарын тоқтатқан.

Қазақстанда ұзақ жылдан бері шешімін таппай келе жатқан экологиялық апатты орынның бірі – Маңғыстау облысындағы «Қошқар-ата» қалдықтар қоймасы. Бұл шы­нымен де аймақтағы ең көне және өзекті экологиялық проблемалардың бірі. «Қошқар атаға» 1965 жылдан бері улы радиоактивті өндірістік қалдықтар төгіле бастаған. Эколо­­­гия және табиғи ресурстар министрлі­­­­гінің дере­­­­­гінше, онда барлығы 105,0 млн тонна қалдық орналастырылған. «Оның ішінде радиоактивті қалдық – 51,8 млн тон­на, жиын­­тық белсенділігі 11,2 мың кюри. Орна­­ластырылған қалдықтар­­­­дың жалпы ауданы 6 600 гектар құрайды», – делінген министрлік жолдаған мәліметте. 

«Қошқар ата» қоймасын залалсыздандыру туралы бастама көтерілгеніне бірнеше жыл­­дың жүзі болды. Жергілікті халық пен эколог мамандар үздіксіз дабыл қаға берген соң жұ­мыс қолға алынған. 2020 жылы мердігер бо­­лып «Павлодар өзен порты» АҚ анықталып, 15,5 млрд теңге сомасына шарт та жасалды. Алай­­да аталған шарт орындалмай, жобалау-сметалық құжаттамасы бірнеше рет қайта түзеті­­­­ліп, жобаның құны да бірнеше есе өсіп кетті. «Қошқар ата» қоймасын улы қалдықтан тазар­­ту жұмысы әлі де созыла түсер ме еді кім білсін. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2021 жыл­­­­­­­ғы қыркүйекте Маңғыстау облысына жұмыс сапарында Үкімет пен облыс әкім­­дігіне «Қошқар ата» қалдық қоймасындағы жұмыстарды үш жыл ішінде аяқтауды тапсы­­­­рып, нақты міндеті белгілеген еді. Министрлік дерегінше, осыдан кейін 2021 жылдың 10 қарашасында республикалық бюджеттен 1,0 млрд теңге аударылған. «Мердігер 2021 жы­­лы 30 арнайы техникамен рекультива­­­циялық жұмыстар жүргізді және 266,2 гектар жерге 70-ге жуық адам 819,3 мың м3 топырақ құйды. Бөлінген 1,0 млрд теңге толығымен игерілді», – деп көрсетіліпті ведомстводан жолданған мәліметте. Президент пәрменінен кейін 2022 жылға республикалық бюджеттен 3,0 млрд теңге бөлініп, 905 гектарға рекуль­­тивациялық жұмыстар жоспарланған, бірақ «Мемсараптама» РМК Батыс филиалы 2022 жыл­ғы 22 қарашада түзетілген жобаның мемлекеттік сараптамасын жойды. «Түзетіл­­ген жобалау-сметалық құжаттаманың тараты­­луына байланысты мердігер 2022 жылы тек 253 гектар жерге рекультивациялық жұмыстар жүргізді, келісімшартқа сәйкес тамыз айында 890,1 млн теңге төленді. Осыған байланысты, жұмыстар тоқтатылды және қараша және желтоқсан айларында 2,1 млрд теңге көле­­мінде қалған қаражат игерілмеді. Содан кейін Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Р.Склярдың 23.12.2022 жылғы тапсырмасына сәйкес, Маңғыстау облысы әкімінің орын­­басары Н.Қилыбайдың төраға­лығымен өткен техникалық кеңесте республикалық бюджет­тен және жергілікті бюджеттен 90/10 пропор­­­цияда нысаналы трансферт қаражаты есебі­­нен жобаны түзету мен қаржыландыруды бас­­­тау туралы заңнамада белгіленген тәртіп­пен шешім қабылданды. «Бүгінде басқарма жал­пы сметалық сомасы 49,5 млрд теңгеге түзетілген жобаны бекітті. Бұл жоба 31.10.2023 мемлекеттік сараптаманың қарауына жібе­­рілді», – делінген министрлік жауабында.

Жердің асты-үстін қазып, табиғи бай­­лықты игеріп отырған мемлекет жалғыз біз емес. Әйтсе де, басқа елдерде талап жоғары. Дүние­­­жүзілік банктің мәліметінше, АҚШ, Канада мен Чили мемлекетінде – «Зиян келтірме!» қағидаты шегелеп тұрып бекі­тілген. Яғни, тау-кен жұмыстарын баста­мас бұрын, кәсіпорын алдымен қазба жұмысы аяқталған соң нысанды жою жоспарын қоса ұсынуы керек. Қазақстан да осындай тәжі­­­рибені енгізуге болады. Gulstan жобасы­­ның құрыл­­тайшысы әрі жетекшісі Гөзел Құлжа­­баева қараусыз қалған жерлерге екінші өмір сый­лап, ашық карьерлерді көгалдан­дырудың тиімді жолы бар дейді. «Шетелде жақсы кейс­тер жетерлік. Осылардың ішіндегі маған ең жақыны – өнеркәсіптік учаскелерге рекуль­ти­­­­вация жүргізіліп, ауылшаруашылық жерлеріне айналдыру, ормандар отырғызу. Мәселен, Батыс және Орталық Еуропада халықтың тығыздығы мен урбанизация дең­­гейіне байланысты бұрынғы кен орындарын саябақтарға немесе ауылшаруашылық жер­­лері­не айналдырды. Германияда кенді тау­ларға, бұрынғы тас көмір өндірісінің орны­на орман отырғызды. Цзянсу провинциясының билігі бұрынғы шахтада үлкен бақша-саябақ кешенін құруда. Мұндағы идея саябақты әртүрлі ағаш пен бұта, сондай-ақ жабайы және мәдени гүлдері бар ботаникалық баққа айналдыру. Тіпті, оның аумағында өсімдік­тердің «Қызыл кітапқа» енген түрлерін өсіру­ді де қолға алуда. Әр елде ұлттық саябақтар са­­лынуда. Қазақстан жағдайында осы тәжі­рибені енгізуге болады», – дейді ол.

Ғалымдардың зерттеуінше, бүгінде Қазақ­­­станда 90 млн гектардан астам жер эрозияға ұшыраған оның 29 млн гектары ауыл шаруа­­­­­шылығы мақсатында пайдаланып отырған жер. Бір ғана 2018 жылдың өзінде елімізде 35 млн гектардан астам жер сортаңданып, 17 млн гектарға жуық жайылымдық ресурстар тозып кеткен. 

«Негізі мұндай объектілерді қайта қал­пына келтіру сол кәсіпорындардың есебінен жүргізілетін заңдар күшейтілуі керек. Енді шенеуніктердің, сәулетшілер мен экологтар­дың міндеті – табиғатты қалпына келтіру және жұмыс істемейтін кәсіпорындарды за­ма­науи инфрақұрылымдық нысандарға ай­налдыру болуы шарт. Табиғаттың өсімдіктер арқылы өзін-өзі тазарта алатын құпиясын адамзат әлі толық бағалаған жоқ. Бұл өндіріс­тік аудандардағы қоршаған ортаны жақсартуға ықпал етеді, топырақты эрозиядан қорғайды, гидрологиялық режимін жақ­сартады. Нә­­­тижесінде, құнарлы қабат тез қа­лып­­таса­­ды», – дейді Г.Құлжабаева. Сөз жоқ құнарлы топырақ, күтімдегі жер климаттық өзге­­­рістерге де төтеп беріп, жемісін де мол бере­ді. Сон­­­дықтан мамандар жерді бейбере­кет пайдаланып, бүлдіріп жатқан компания­­ларға тоқтау салып, жаңа технологияны талап ететін уақыт жеткенін айтады.

Бауыржан БАЗАР