Алматы облысындағы Жетіген ауылы Алатау қаласына айналады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті құжатқа қол қойды.
«Жетіген» жаңарып, «Алатауға» айналды
756
оқылды

Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі. Жетіген ауылына облыстық маңызы бар қала мәртебесін беруді Үкімет қарашаның ортасында Президентке ұсынған болатын.

15 мыңнан астам халқы бар Жетіген ауылы, ендігі Алатау қа­ласы, Алматыдан 45 шақырым және Алматы облысының әкім­шілік орталығы Қонаевтан 35 ша­қырым жерде орналасқан. Ақ­орданың ха­бар­лауынша, Пре­­­­­­­­­­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзге­рістер туралы « Әкімшілік-ау­мақ­тық құрылысы туралы» заңы­­­ның 9-бабына сәйкес қаулыға қол қойған. Нәтижесінде, Алматы облы­сының Іле ауданы одан Же­тіген ауы­лын бөлу жолымен қайта ұйым­дастырылды.

Қазан айында Алматы және Алматы облысының мәслихаттары Алматы агломерациясын дамыту туралы құжатты қабылдаған. Со­ны­мен қатар облыстық мәслихат G4 City жобасын іске асыруға байла­нысты жаңа қаланы қалып­тастыру және оған бірнеше елді мекенді беру жоспарын бекіткен. Алматы мен Қонаев арасында орналасқан Жаңа қалаға бизнес және логистикалық орталықтары, ойын-сауық орта­лықтары мен тұр­ғын аймақтар кіруі тиіс. Жаңа қа­лаға мәслихаттың ше­шімі бойын­ша Іле және Талғар аудан­дарының 31 елді мекені, сондай-ақ Қонаев беріледі.

Қараша айының соңында Үкімет жаңадан құрылатын Алатау қаласы отандық және шетелдік инвести­цияларды тартатын, жоға­ры әлемдік стандарттар бойынша жұмыс істей­тін Халықаралық бизнес-Хаб болуы тиіс деп хабар­лап, Дубай, Сингапур және Тяньцзиньді құру тәжірибесі не­гізге алынатынын жеткізген. Қала аумағында ерекше құқықтық ре­жим енгізу жоспарлануда. Алатау қала­сының бас жоспары 8,6 трлн теңге инвестицияны құрайды. Желтоқсан айының соңында G4 City арнайы экономикалық аймағы Alatau деп өзгеріп, алаңы 30 мың­нан 96,5 мың гектарға дейін кеңей­тілді. 

Алатау қаласының аумағы бір­қатар елді мекен қосылғаннан ке­йін 88 мың гектарды құрайды. Осы­лайша, болашақта жаңадан құ­рылған қала халқы елу мыңнан асады деп кү­тілуде. Тіпті, бір кез­дері Алматыға та­быс іздеп кеткен жастар жаңа мәр­тебемен бірге оралып, қала өмірі жандана түспек. Қала мәрте­бесін алғаннан кейін бұрыннан келе жатқан мәселелер шешіледі деген үміт те жоқ емес, жолдар жөнделіп, жаңа аурухана салынады деген жоспарда бар.

Сондай-ақ бұған дейін Алматы стансасын айналып өтетін жаңа теміржол желісінің құрылысы бас­талған болатын. Былтыр Қазақ­стан мен Қытай арасындағы теміржол арқылы жүк тасымалы 23 млн тон­надан артылып, тарихи мак­симумнан асып түскен. Биылдан бері бұл көр­сеткіш төрттен бір бөлікке өсті. Осы­­­ған байланысты негізгі ха­лықа­ра­­лық мар­шрут­тардың қиылы­сында орналасқан Алматы теміржол тора­бының жүк­темесі жоғары. Жаңа жо­ба Алматы стансасын айналып өтіп, Жетіген – Қазыбек би жаңа темір­жолына жүк ағынын қайта бағыт­тауға мүм­кін­дік береді. Жаңа фи­лиал жүк­темені 40%-ға азайтады, осы­лайша жүк жеткізу уақытын қыс­қартады. Жалпы, құрылыс жос­парына сай 130 шақырым те­мір­жол салынады, 3 станса, 13 кө­пір, 5 т / ж және 1 ав­томобиль өткелі тұрғызылады.

Кәмила ЕРКІН