Сонымен, «Бюджет ко­дексі ту­ралы» заң жобасы Мәжілістің былтырғы 27 жел­тоқсан күнгі ең соңғы Жалпы отырысында екінші оқылымға өтті. Дегенмен құжат әлі де шикі деуге негіз бар.
Бюджет кодексі: жобада шикілік көп
коллаж: Елдар ҚАБА
865
оқылды

Үкімет үкілеген жоба

Жаңа Бюджет кодексінің жобасын былтыр қыркүйекте Парла­­­мент­ке жол­данар алдында Үкіметте таныс­­­­тыр­ған оны әзірлеуші органның басшысы, Ұлт­­тық экономика министрі Әлібек Қуан­­­­тыров болатын. Сол кезде көп жаңа­­­шыл­­­дықты құлағымыз шалып, көңіліміз мар­­­қайған. Құжат сыңайы әжептәуір жетілдірілген екен. Мәселен, енді Ұлттық қордың ақшасын оңды-солды жұмсауға тыйым салынады. Одан берілетін ны­­­сана­лық трансферттер тек маңызды ин­­­фрақұрылымдарға жұмсалады. Ол санат­­­қа жұмыс орындары мен қосымша салық түсімін беретін өндіріс ошақтары, яки фаб­­­­рика-зауыттардың құрылысы не тір­­шілікті қамтамасыз ететін инфра­­­құ­ры­лымдар жатады.

Одан бөлек, ел бюджеті оңтайлан­­­ды­­рылған – яки шашыраңқы фрагменттік ережелері бір жүйеге келті­­ріліп, нақты­­лаушы нормалар заңға тәуелді норма­­­тивтік-құқықтық актілер деңгейіне түсі­­­рілген. Бұрын екі құжат болған бюд­жет­­тік бағдарлама мен бюджеттік өтінім бірік­­­тірілген. Енді бюджеттік бағдарла­­­малар­­­дың әкімшілері «бюджеттік сұрау» деген бір құжат да­йындайды. Бұл ретте даму жоспарын тұрақтандыру және бюд­ж­­еттік бағдарлама форматын өзгерту ар­қылы стратегиялық және бюджеттік жоспар­­­­лаудың өзара байланысы қамта­масыз етіледі.

Көптен айтылып жүрген «Блоктық бюд­­жеттеу» ұғымы да енгізіліпті. Синга­­­пурлық осы үлгі бойынша тұрақты си­­­паттағы базалық шығыстар блогын 3 жыл­­­­­­ға белгілеу ұсынылып отыр. Яки, өзгер­­мейтін шығыстар жыл сайын егжей-тегжейлі қарастырылмайды. Оларға мем­­лекеттік органдардың әкімшілік шы­­ғыстары және мемлекеттік қызмет­­­­терді көрсету, зейнетақы, жәрдемақы, субси­­дия төлеу сынды жыл сайынғы қайталана­тын тағы да басқа шығыстар жатады. Әдет­те осы базалық шығыстар бюджеттің жалпы көлемінің шамамен 50-60 пайыз болатынын ескерсек, бұл бюджеттік бағ­дар­­­ламалар әкімшілерінің де, уәкілетті ор­гандардың да жұмысын азайтпақ. «Блоктық бюджеттеу» рәсім­­­дерді оңай­лату, икемділігін күшейту және бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің дербестігін арттыру мақсатында енгізіліп отыр. Ол үшін стратегиялық мақсаттар айналасын­­дағы бюджеттік бағдарлама­ларды ұлғайту қарастырылуда. Бір мақ­­сатқа арналған екінші, үшінші бюджеттік бағдарлама­­­­ларды ашуға тыйым салатын тікелей нор­ма енгізілмек.

Айта берсе, өзгеріс көп. Жаңа кодекс «Мемлекеттік қаржыны басқару» деген бөліммен толығыпты. Яки елдегі бюджет саясатына, мемлекеттік қаржыға және оның тұрақтылығына қатысты нақты анық­тама берілген. Бұдан былай бұл бө­­лім мемлекеттік қаржының жағдайын талдау және салық-бюджет саясатын айқындаудың негізі болмақ. Әрі барлық қарыз, яғни мемлекеттік түрі де, мемлекет кепілдік берген борыш та, квазимем­­­лекеттік сектор субъектілерінің берешегі де есепке алынып, топтастырылады. Бұл өзгеріс борышты тиімді басқаруға мүм­­­кіндік бермек. Жаңа кодексте бюд­жеттен тыс қорлар туралы тармақтар енгізілгені сынды тағы да басқа жаңалық көп.

Парламентте күл-паршасы шықты

Ел қазынасының етек-жеңін қым­­­­та­ған жаңа құжатты Парламентте 10 қазан күні Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин таныстырды. Оның ай­­­туынша, құжат бас-аяғы жи­­­нақ­­­талып, жалпы мазмұны 28 пайызға оңтай­­лан­­­дырылған. Бюджет процестерін же­ңіл­­­­­­дету үшін «шығыстарға шолу» деген жаңа құрал енгізіліпті. Ол міндетті түрде бюд­­­жеттік, стратегиялық және инвести­­­циялық бағыттар бойынша жүргізілетін болады. Одан бөлек, Парламент қарайтын құжаттардың тізбесі кеңейтілуде. Бұл би­ліктің заң шығарушы тармағының бюд­жет­ті бақылаудағы рөлін күшейтпек. Жыл­дық есепті қарау кезінде ірі квази­сектор субъекті басшыларының, Ұлттық банк, Жоғарғы аудиторлық палата және Жоғарғы Сот төрағаларының бюджеттен алынған қаражат бойынша баяндамасы тыңдалатын болады. Бұл бір жағы диви­денд саясаты мен қаржылай қарыз мә­селесін қамтымақ.

«Сонымен қатар бюджеттік процесті 1 маусымда, яки әлеуметтік-экономи­­­ка­лық даму болжамы қалыптасқаннан кейін бастау ұсынылып отыр. Бұл шы­­­ғыстар ли­­­­митін блоктарға бөлу арқы­­лы жүзеге асады. Тұтастай алғанда, бюджетті жоспар­­лау процесі жүйелі әрі нақты нә­тижеге және оны қаржыландыруға ба­ғыт­­­талып, ал Бюд­­жет кодексі стра­­­тегия­­лық құжатқа айнала­­­­ды. Өйткені нормалар дәйекті түрде рет-ретімен орналасты­­­рыл­ған. Әуелі бюджеттік процеске тікелей бай­ланысты стратегиялық жоспарлау элементтері қарастырылады, сосын мем­ле­кеттік қаржы негіздері, содан кейін ғана бюджеттік жоспарлауға кезек бері­леді», – дейді вице-министр.

Осылайша, Парламент Мәжілісінің қарауына түскен құжат ә дегеннен-ақ сын­ға іліккен еді. Депутаттардың қойған сұрағы көп болды. Әлі пісіп-жетілмеген тұстарға назар аудартылды. Оңтай­­­лан­дыру, нақтылық, үнемділік, жауап­­­кер­шілік, жеделдік жайы айтылды. Мә­­­жі­лістің осы арынын байқағаннан болар, таныстырылымнан екі жарым айдан соң өткен алғашқы оқылымға министрдің өзі келді. Әйтсе де, ол бұрынғы айтылғандарға жаңаша ештеңе қоса қоймады.

«Қазіргі заңнамаға сәйкес, бюджеттік жоспарлау ақпан-наурыз айларынан басталып 30 желтоқсанға дейін 9-10 айға созылады. Сол үшін де бюджеттік про­цесс шектен тыс бюрократи­за­цияланған, стра­­­­те­­гиялық және бюджеттік жоспарлау екі бөлек деген сынға алынып жүр. Биыл­­ғы қаржыны келер жылы пай­далануда қиын­шылықтар бар. Содан көптеген жо­ба ұзақ­­­­қа созылып кетіп жатыр. Жаңа кодекс жо­басында бюд­жеттік процесті екі есеге жуық қысқар­татын және жеңіл­­­дететін бір­қатар норма қарастырылған. Сондай-ақ жаңа ко­дексте ел дамуының 10 жылдық көкжиегі бар ұзақмерзімді болжам да қа­­­рас­­­­тырылмақ. Бұл басқа құжаттарды әзір­­­леу үшін базалық ана­­­лити­­­калық құжат болады. Онда жаһандық сын-қатерлерді ескере отырып, ел дамуы­­ның сценарий­ле­рі айқындалады», – деді Ұлттық эконо­мика министрі Әлібек Қуан­тыров.

Министр, саған айтам, Премьер, сен тыңда!

Бір-бірін қайталаған министрлік бас­шыларына жаңа бағыт көр­сетіп, тың ой салған депутаттар болды. Олар нақтылық, ашықтық, мақсаттылық, тиімділік жайын сөз етті. Мәселен, Мәжі­­лістің Әлеуметтік-мәдени даму комите­тінің төрағасы Асхат Аймағамбетов әр­­түрлі деңгейде, яки ау­дандық, облыс­тық және республикалық дәрежеде бюджетті басқарған адам ретін­де жаңа кодекстің негізгі мәселелерді шеш­пейтінін айтады.

«Жаңа Бюджет кодексінің концеп­­­­ция­сына сәйкес енді қаржыландыру нақ­ты міндеттер мен көрсеткіштерге сәй­кес бөлінуге тиіс. Осы ретте әкімшілерге бел­гіленген мақсаттарға жету үшін қар­­жыны қайта бөлу еркіндігі берілген. Бұл – дұрыс қадам! Бірақ бірнеше сұрақ бар: бұл көр­сеткіштерді кім және қалай құрасты­­рады және олардың әдістемесі мен реле­вант­тылығы қандай? Әдетте бұл көрсет­кіш­терді министрліктердің өзі құ­­­рас­­­­­­­­тыра­ды, әрине бұл мемлекеттік органдар үшін ыңғайлы болар, алайда шынайы мәселелерді көрсете бермейді. Біз бұл салада жұмыс істедік, бұны қалай істеу керек екенін білеміз: Біздегі мемле­­кеттік жос­­­парлау жүйесі күрделі. Соңғы үш жыл ішінде мемлекеттік бағдарламалар ұлттық жобаларға ауысты­рылды, ал ол қабылдан­­­ған ұлттық жоба­ның көбі кейін­нен жо­йыл­­­­­ды. Содан кейін жаңа концеп­­­циялар қабылданды, оларға тіпті түзету­лер енгізі­­ліп те үлгерді. Сондықтан да Бюд­­­­­жет ко­­дек­­сін жаңа Салық кодексі­мен және жаңа мемлекеттік жоспарлау жүйе­сі­мен үйлес­­тіру маңызды еді. Алайда бая­­ғы жартас сол жартас күйі қалып отыр. Бәрі­нен бұрын көрсеткіштерді мемле­кеттік орган­­дардың өз бетінше анықтай­­тын бабы сол күйі қалдырылып отыр», – дейді ол. 

Депутат бюджетті түзету, өтінімдердің ашықтығы, бюджеттен тыс қорлар, транс­­­ферттер мақсатын өзгерту мәселе­леріне де тоқталды. Мысалы, қолданыс­­тағы заң бойынша Үкімет бюджетті өз бетінше 10%-ға дейін түзете алады екен. Былтыр осылайша 8 рет түзету енгізген. Енді бұл көлемді 10%-дан 15%-ға дейін көбейту ұсынылып отыр. Ал Парламенттің бюд­жетті нақтылау санын бір реттен арттыр­мау керек деп ұсынған. Асхат Қанатұлы мұнымен мүлдем келіспейтінін айтады. Сол сияқты әртүрлі бюджеттен тыс қор­­­дың көбейіп кету мәселесі де шешімін таппай отыр. Бұл қорлар ашық болуы ке­рек және барлық қаражат мін­детті түрде бюджет арқылы және қазына­шылық арқылы өтуге тиіс. Бюджеттік өтінімдер­­­­дің ашықтығы да өз алдына бір проблема. Өйткені бюджетті қарағанда депутаттар мұндай өтінімдердің мазмұ­нын көрмейді, мемлекеттік органның жалпы қажеттілігін және олардың бас­тапқыда не сұрағанын білмейді. Сол се­бепті ақпараттық жүйені ашық ету керек. Әрі онда Қаржы ми­­нистрлігінің шектеу­­лерінде қолдау тапқан шығын­дарды ғана емес, сонымен бірге бюджеттік бағдар­­­лама әкімшісінің жалпы қажеттілігін де көрсету қажет.

«Жаңа кодексте әкімшілікке жалпы сипаттағы трансферттер арқылы бөлінген қаражатты басқа мақсаттарға бағыттау мәселесі де шешілмеген. Мысалы, мек­­­­тептерді салуға немесе мұғалімдердің жа­­лақысына арналған трансферттер болған кезде, әкімшілік осы қаражатты басқа қажет­тіліктерге бағыттап, бастапқы мәсе­лені шешпей, кейін Қаржы министр­лігіне қосымша қаражат сұрап келген. Сол сияқты игерілмеген қаражатты келесі жылға ауыстыру механизмі де қарасты­­­рылмаған. Маңызды және ұзақмерзімді шы­ғындарды уақытылы келесі жылға ауыстыру мүмкіндігін беру өте маңызды, бірақ осыған арналған нақты тетік жоқ», – дейді депутат Асхат Аймағамбетов.

Осы ретте «AMANAT» партиясы фрак­­­­­­­циясының мүшесі көтеріп отырған тағы бір жайт – Үкімет резервінің шексіз өсуі. Ол бұл қордың көлемін нақты шек­теуді ұсынады. Ал ондағы бюджет қара­­­жаты мақсатсыз жатпай, мемлекеттік ор­­гандарға нақты мақсаттарға бөлінуге тиіс. Айталық, Үкiмет резервінде 2023 жыл­­­ға алдын ала мақсаттарға 276 млрд теңге көлемінде қаржы қарасты­рыл­ған. Бастап­­­қыда бұл сома 618 млрд болған екен. Кейіннен қарсы сын-пікірлерге байла­­ныс­ты қысқартылған. Десе де, түбегейлі шешілмей отыр. Өйт­кені Үкімет резервіне 2024 жылға – 417,3 млрд, 2025 жылға – 343,6 млрд, ал 2026 жылы 702,2 млрд теңге салынып отырғаны осыны аңғар­тады. Былтырғы соманың басым бөлігі, яки 265 миллиарды Үкіметтің шұғыл шығын­дарына қарасты­­рылған. Қалғаны «қалдық принципі» бойынша: Қазақстан мен басқа мемлекет­тердің аумағындағы табиғи және техно­гендік сипаттағы тө­­тенше жағдай­ларды жоюға, түрлі деңгей­дегі соттар қабылдаған шешімдер аясын­дағы мін­деттемелерді орындауға, табиғи және техногендік си­пат­тағы төтенше жағ­­­­дайларды жою ке­зінде халықтың тірші­лігін қамтамасыз етуге арналған. Осы­­нау қарайған ақша­­­ның қаншалықты тиімді жұмсалып жат­қаны туралы осы уақытқа дейін нақты есеп жоқ. Депутаттар көтеріп отырған мәселелер бір бұл ғана емес.

«Жалпы, орталық мемлекеттік орган­дар мен әкімдіктердің арасында тиімді бір байланыс қажет. «Бюджет кодексі туралы» заң жобасынан аңғарғаным, біраз мемле­кеттік орган стратегиялық даму жоспарла­рындағы өздері межелеген индика­­тор­лар­ға жете алмаған. Жазылған жос­па­ры бір басқа да, ісі бір басқа. Бұл – үлкен проб­­­­­­­­­лема. Осындай мәселелер аймақтар­­дың әлеуметтік-экономикалық дамуына тіке­лей әсер етеді. Мысалы, өткен жыл­дар­дан бастап Көлік министрлігі жол құры­­­лы­сына мақсатты трансферт бөлген, бірақ ол игерілмеген. Себеп: мердігер жоқ, ба­ры бір-бірімен соттасуда немесе құжат­­­­­тары дайын емес. Соның кесірінен жоба­­­­лар жылдарға созылады, содан келіп құны қымбаттайды. Мәселен, Солтүстік Қазақ­­­­стан облысының әкімдігі жобаның қым­­­­бат­­­­тауы мен түзетілуіне байланысты 600 орындық екі жатақхананың құры­лы­­сын аяқтауға 2024 жылға 1,7 млрд теңге мөл­­шерінде бюджеттен қосымша қаражат сұрап отыр. Өйткені қолданыстағы заң­намаға сәйкес жергілікті бюджеттік ин­вес­тициялардың сметалық құнын ұлғай­­туға байланысты шығыстар тиісті жер­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­гі­­­­­­­­­лікті бюджет қаражаты есебінен жү­­зе­ге асырылуы қажет. Осындай мәсе­­ле­­лер жаңа Бюджет кодек­­­сінде қалай шешіледі? Бұл үшін қан­дай нақты шара­лар қарастыры­лған?», – дейді Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов.

Қоғам не дейді?

Бюджет кодексінің жобасы тек Пар­­ламентте емес, сарапшылар ортасын­да да талқыға түсіп жатқаны жасырын емес. Өйткені бұл құжат – ел қазынасын тү­гендейтін, ел ырысын арт­тыратын заң. Сондықтан да Қазақ­­стан­ның дамуына бейжай қарамайтын қай азамат үшін де ортақ игіліктің тиімді жұмсалғаны маңыз­ды. Ал тиімділік үнем­нен басталады.

«Соңғы үш жылда мемлекеттік орган­дар түрлі форум мен конференцияны ұйымдастыруға 77 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсаған. Оған квазимем­лекеттік сектордың осындай шығында­рын қоссақ, бұл сома тіпті 100 миллиард­тан асады. Ендеше тоқтайтын уақыт келді емес пе? Ақшаны той тойлауға емес, ин­фра­құрылымдарға бөлу керек. Өйткені жылыту жүйелерінің ескілігінен көптеген қалада мыңдаған азамат үйінде тоңып отыр. Ал олардың проблемасын шешіп бермей, Rixos-тың жылы конференц­зал­дарында ақылды кейіп танытып, қы­зыл сөз қуғаннан не өнеді? Негізі, басым­дық­­­тарды бірнеше жыл бұрын өзгерту ке­рек еді, бірақ той тойлауға құ­мар­лығы­мыз жеңіп кетіп отыр», – дейді «Әділдік жо­лы» РҚБ Атқарушы дирек­торы Дидар Смағұлов.

Қоғам белсендісінің сөзінің жаны бар. Өйткені былтырғы қысты «төтенше жағ­даймен» өткізген болсақ, биыл Үкіметтің тілімен айтқандағы «техникалық ақау­лықтар» болған қалалардың қатары кө­бейіп отыр. Олар – Екібастұз, Риддер, Теміртау, Степногорск, Ақтау, Көкшетау, Балқаш, Атырау және Жаңаөзен қала­лары. Ендеше халық қиын жағдайда отыр­ғанда оның көз алдында ақшаға са­тып алынған имидж қаншалықты нәти­­желі болуы мүмкін. Бұған консал­тингтік қызметке жұмсалатын шығындарды қосы­ңыз. Ашық дерек көздеріне сүйен­сек, бұл мақсатқа жылына орташа есеп­пен 25 млрд теңге бөлінеді екен. Ендеше осын­­ша қаржыны сарп қып әкімдіктер мен министрліктердің көлде­нең көк аттының кеңесіне жүгінгені, мемлекеттік менеджменттің сапасынан да хабар бер­­гендей. Десе де, тақырыбымыз сапаны емес, санды септеу болғандықтан, Бюд­жет кодексіне қайта оралалық.

«Жаңа Бюджет кодексі Үкіметтің мем­­­­­­­­­­лекеттік қаражат пен активтерді бас­қаруын қадағалаудағы Парламенттің рөлін төмендетіп отыр. Олай дейтініміз, еліміз мықты Парламенті бар Прези­­­денттік модельге көшті. «Күшті Пре­­зи­­дент – ықпалды Парламент – есеп бе­ретін Үкі­мет» формуласы орнықты. Бірақ жаңа Бюджет кодексі бұл формуланы б­ұ­з­ып отыр. Өйткені дамыған елдерде толық­­қанды бюджет жүйесін құру бүкіл мемле­­кеттік сектордың қаржылық қыз­­меті Парламент арқылы қоғам ал­дында есеп бер­ге­німен сипатталады. Парламент бекітетін және бақылайтын мемлекеттік бюджеттер мемлекеттік сек­тор­­дың барлық кірістерін, шығыс­­­­тарын, активтері мен міндетте­мелерін толы­­ғымен қамтуы керек. Бірақ бізде Парламент  бар­­лық мемлекеттік қаржы­ның бір бө­лігін ғана қамтитын Республи­­калық бюджетті бекітеді. Ал Қазақстанда рес­­публикалық бюджет те, тұтастай алған­да бүкіл эконо­­мика да мұ­найға өте қатты тәуелді. Енде­­­­ше шикізат­тық емес бюджет тапшылығын бақы­лау ерекше маңызды. Парламент бюджеттің осы негізгі пара­­метрін бекітіп, қатаң бақы­лауға алуы ке­рек. Бірақ қолда­­­ныстағы заң бойынша да, жаңа кодекс жобасы бойынша да заң шығару­­­шы орган мұны техникалық тұр­­ғыдан жасай алмайды. Өйткені мемле­кеттік қаржының өте үлкен бөлігі Пар­ла­менттің бақы­­­­лауынан тыс жатыр.

Ал жаңа Бюджет кодексі болса, бүкіл атқарушы биліктің (жергілікті атқарушы органдардан басқа) барлық кірісін, шы­­ғыстарын, активтері мен міндет­­­темелерін толығымен республикалық бюджетке енгізудің орнына мемлекеттік қаражаттың қомақты бөлігін Президент пен Үкіметке өз қалауы бойынша бюд­­жеттен тыс жұм­­сауға мүмкіндік беріп отыр. Соңғы кездері Үкімет бұл мүмкіндікті асыра пайдалана бастады. Ең соңғы ірі мысал: 2023 жылдың төртінші тоқсанында ол Ұлт­тық қордан «ҚазМұнайГаз» ҰК акция­ларын сатып алу арқылы экономиканы 1,3 триллион теңгеге бюджеттен тыс қар­жыландырды. Шындығында, олай етуге қажеттілік жоқ болатын. Ал бұл дегеніміз болашақ ұрпақ­­тың несібесі», – дейді Halyk Finance бас­қарма төрағасы­ның кеңес­шісі Мұрат Темірханов анали­тикалық орталықтың сайтындағы есе­бінде.

Сарапшының айтуынша, Пар­­­ла­ментті айналып өтіп, Ұлттық қор­­ды және басқа да бюджеттен тыс мем­ле­кеттік қаржы­­­ларды пайдалану атқару­шы биліктің Парламенттің, тіпті халық­­тың ал­дындағы жауапкершілігін төмен­­детеді. Оның үстіне, мұнайдың баға­­­­сы жоғары боп тұрғанда Ұлттық қорды пай­далану көле­мінің күрт өсуі макроэконо­микалық сая­сатқа қайшы және Қазақстан эконо­­микасына ұзақмерзімді зиян кел­тіреді. Осы ретте Halyk Finance аналити­­калық орталығы өз тарапынан нақты ұсы­­ныстар дайындап, Парламенттің жұ­­­мыс тобына ұсынған екен. Онда Бюджет кодексінде барлық мемлекеттік қаражат қамтылуы керек екені айтылған.

Нұрлан ҚОСАЙ