Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кітап саласын дамытуға ерекше тоқталып, отандық кітап өнімдерін шығаруды арттыру бойынша нақты міндеттер қойған еді.
Қаламгерден шыққан сөз
коллаж: Елдар ҚАБА
1,483
оқылды

Мемлекеттік тапсырыс бойынша Мәдениет және ақпарат министрлігі 2022 жылы 506 мың дана таралыммен 188 әдеби туындыны жарыққа шығарса, 2023 жылы 295 мың дана таралыммен 101 әдеби кітап шығарған. 

Сонымен қатар «Жаңа қазақ әдебиеті» жобасы аясында бұрын еш жерде жарияланбаған туындылар жарияланып, 2022 жылы жалпы таралымы 30 мың дана болатын 10 әдеби туынды жарық көрген болса, былтыр тағы 14-і 42 мың дана таралыммен басылыпты. Иә, жыл сайын жеке баспаханалардан және мемлекеттік тапсырыс арқылы шығатын кітаптар саны артып келеді. Мәселен, былтыр «Мәдениет және өнер саласындағы бәсеке­лестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және мұрағат ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» республикалық бюд­жеттік бағдарламаның «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы аясында шыққан кітаптар тізімінде дүние­ден өткен қаламгерлерден бөлек, бірқатар жас ақын-жазушылардың кітапттары жарыққа шыққан. Соның ішінде Хамит Есеманның «Фәни – құбылыс», Ерғали Бақаштың «Тылсым түн», Жәнібек Әлиманның «Жұлдызым­ның жорығы», Айзада Рахымжан­ова­ның «Алтынтамыр», Алпамыс Файзолланың «Аудармалар мен сұхбаттары», Ықылас Ожайдың «Еркін ойлау», Жадыра Байбұлан­ова­ның «Сезім сөздігі» кітаптары – соның дәлелі. Осы ретте мемле­кеттің демеуімен «Жұлдызымның жорығы» поэзиялық кітабын шы­ғарған ақын Жәнібек Әлиман­ның пікірін білген едік. 

«Мемлекеттік тапсырысқа тұңғыш іліккен кітабым – осы «Жұлдызымның жорығы» өлеңдер жинағы. «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясы деген айдармен шықты. Бұған дейін қарағандылық демеу­шілердің көмегімен «Серт» деген атаумен тырнақалды туындыларым жарық көрген. Мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітаптың орны бөлек. Кітапханаларға таратылады, ел ішіне барады дегендей. Мұнда отызға дейін жазған өлеңдерімнің жартысынан көбі, 80 пайызы топтастырылды. Жекелеген өлеңдермен қатар, «Жылқышы» атты циклдық туындыларым бар. Адамның табиғаттан алыстап бара жатқаны, табиғи тепе-теңдіктің аяқасты қалып бара жатқанын жыр тілінде суреттегім келді. Тағы осы тақілеттес топтама жырларымда өмірден көрген-түйгендерімді сезімге орап, түйсік көзімен тұспалдауға тырыстым. Бүгінгі қазақ қай қазақ? Жарты есі – далада, жарты есі – қалада... Ол да бір кезде жаһандық өркениеттің тұтқасын ұстаған еді ғой, қазіргі сана-сезімі не дейді? Бұл құбылыс­тардың бәрі көркем әдебиет нұсқаларынан көрінуге тиіс деген ойдамыз. Демек, осы ұлттың баласы болғандықтан, жүрегіміз­дегі дауыс, көкейіміздегі үн, жа­ды­мыздың бейнесі – өлең­дерімде. Мазалаған сезімдер мен сұрақтар тудырған шумақтарды кім қалай бағалап, танитынын өзім де білгім келіп тықыршып жүріп, тағы бір жинақты толтырар өлең жазып қойыппын», – дейді автор. 

Сонымен қатар соңғы уақытта жас жазушылардың романға қалам сілтеуі жиілей бастады. Осыдан аз уақыт бұрын қысқа әңгімелер мен новеллаларға ден қойған жазушылар көлемі көлдей дүние­лерге бет бұра бастағаны байқала­ды. Былтыр екі жас жазушы өз­де­рінің алғашқы романдарын көп­шілікке ұсынды. Оның бірі – Абай Аймағамбет болса, екіншісі – Әлихан Жақсылық. Әлихан Жақсылық өзінің «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» атты романын екі ай көлемін­де жазып шыққанын айтады. 

«Қазір Алматы қаласындағы «АR» баспасында дайындалып жатыр. Көп ұзамай кітап сатылым­ға шығады, кітап дүкендерімен де келісім жасап отырмыз. Роман жұмыссыздықтан, қоғамдағы түрлі қыспақтан қалжыраған жастардың өмірін суреттейді. Теңіз жағасындағы қаланың тұрғындары өміріне мәз-мейрам, бәрі көңілді, күнде думан, күнде той. Бірақ жастар арасында бұл қоғамға деген көзқарас басқа болады. Романдағы басты кейіп­керіміз әлсіз, дәрменсіз көрін­генімен, басына қиындық түскен­де, қоғам тепкілеп, полиция қолын қайырып жатса да мойы­майды. Кейіпкер қанша қиын­дыққа ұрынғанымен оқырманға да ерік-жігер, мотивация береді, әділдікке шақырады. Романда бірнеше тақырыпты алып шықтым деп айта аламын. Эйджизм, студенттер проблемасы, бағамен қорқыту, оқудан шығару, полиция­ның ізге түсуі, жалпы адамзат азабына қатысты әлемдік проб­лема­ларға да назар салдым. Өйткені біз әлемнен бөлек емеспіз, бөлшегіміз, сондықтан әр адамның басындағы болып жатқан тағдыр сол қоғамды толық сипаттай алады ғой. Кейіпкерімізді қоғам өлімге байлайды, бірақ ол шарша­майды. Шаршайды, бірақ рухы азат адамды жеңу өте қиынға со­ғады. Қысқаша осылай, ол қан­ша жерден өзі аңсаған азат­тыққа, бостандыққа қол жеткізсе де бойында стеротиптер қалып қояды. Бұл нәрселер оған одан әрі қалай әсер етеді, әрі қарайғы әрекеті не болады, роман сол жайында толғанады. Көтерген тақырыптарымды, проблемаларды алып шыға алдым деп ойлаймын. Бұл кітапты Мемлекет басшысына таныстырдым, Президент те романға қызығушылық танытты. Бұл оқиғадан соң әлеуметтік желіде кітабымның шығуына кедергі болу үшін бірнеше адам шабуыл жасады. «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» романы біраз қиындықты жеңді. Мұқабаға, илюстрацияларға талантты суретші Шаттық Батанның картиналарын пайдаландық. Суреткер мен суретшінің шығармашылығын ұштастыру барысында біраз еңбектенген Ержан Алаштуған ағамызға алғыс айтамыз», – дейді жас жазушы. Сонымен қатар ол бұл сиясы кеппеген су жаңа романы қазір ағылшын тіліне аударылып жатқанын тілге тиек етті. «Еліміздегі ең танымал кәсіби аудармашы кітаппен жұмыстанып отыр. Тәңір жазса, осы жылы Лондон қаласына бұл романды жеткіземіз деген мақсатымыз бар», – дейді дейді ол. 

Ал тұңғыш рет детектив жанрында қалам тербеген Абай Аймағамбет өзінің «Бұрылысқа жарты қадам қалғанда» атты кітабына екі жыл уақыт жұмса­ғанын айтады. «Романымды 2020 жылы басында әңгіме түрінде жазып бастадым. Кейінірек ауқымы үлкейіп, көлемін кеңейте түсуді ойлай бастадым. Белсенді түрде 2021 жылдан бастап романға бел шеше кірістім. Осылайша, екі жылға жуық уақытымды сол романға арнадым. Дегенмен осы аралықта әңгімелер жазып жүрдім, бір повест жаздым. Оқырман енді бағасын бере жатар, дегенмен өз ойымша оқиғасы, құрылымы қазіргі біздің әдебиетіміз үшін тың дүние деп санаймын. Роман жазылып біткенде республикалық «Кемел Қаламгер» детективті шығармалар байқауына ұсындым. Бұл байқауға арнап жазба­ғаныммен, тұңғыш романымды байқауда сынап көрсем деген ой келді. Ақырында, сол байқаудан бас жүлдені иелендім. Содан соң «Мазмұндама» баспасына дайын кітабымды ұсынғанда олар шығармамен танысып болып, коммерциялық негізде кітапты басып шығаруға келісті. Осылай­ша, бүгінге сол баспа арқылы қалың оқырманға тұңғыш рома­ным жол тартты», – дейді жазушы. 

Иә, бүгінде әдеби үдеріске үзеңгі салған жас қаламгерлер түрлі тақырыпты қаузап, ұлт руханиятына өз үлестерін қалам­мен қалдырмаққа бейіл. Бұны еліміздегі ірі қалаларда өткен әде­би іс шаралар мен кітап көр­мелерінен байқай алдық. Мәселен, былтыр Астанада «Eurasian Book Fair-2023» кітап көрмесі, Алматыда «Ұлы Жібек Жолы­мен–2023» ХI Халықаралық кітап және поли­графия жәрмеңкесі мен «Кітап шоу–2023» фестивалін­де ақын-жазушылардың жаңа кітаптары таныстырылды. Олар өз кітаптары төңірегінде оқырман­мен емен-жарқын әңгіме айтты. Биыл да жас жазушылардың бір­қатар кітаптары мемлекеттік тапсырыс арқылы және жекелеген баспала­лардан өз кезегін күтіп тұр. Ол кітаптар туралы алдағы уақытта жазатын боламыз. Тәңір ұлттық әдебиетіміздің әлеуетін арттырмақ болған қаламгерлердің қаламына қуат берсін дейміз!

Наурызбек САРША