Жанжал адамдардың жаппай улануынан туындаған.
"Үшеуінің жағдайы нашар болды": Ақтөбеде көпқабатты үйдің тұрғындары хлор түтінінен уланып қалды
717
оқылды

Ақтөбеде көпқабатты үйдің тұрғындары хлор түтінінен уланып қалды. Анықталғандай, құрылыс салушы адамдарға ескертпестен жертөлені химиялық заттармен толтырған. Соның салдарынан тұрғындар медициналық көмекке жүгінген. Бұл туралы  Aikyn.kz Информбюро жаңалықтар бөліміне сілтеме жасап хабарлайды.

Жанжал адамдардың жаппай улануынан туындаған. Олардың барлығында көздің жасаурауы, тамақ ауруы, тыныс алудың қиындауы секілді бірдей белгілер болған. Анықталғандай, осының алдында құрылыс компаниясы тұрғындарға алдын ала ескертпестен, жертөлеге хлор шашып шыққан.

“Жедел-жәрдем әлі де келіп жатыр, үшеуінің жағдайы нашар болды, бүгін бір балаға дәрігерлер шақырылды. Мұның бәрін өздері емес, СЭС арқылы жасауы керек еді. Бұл ақыр соңында азаматтардың улануына әкеліп соқты”, – дейді тұрғын Руслан Көшенов.

Тағы бір тұрғын өзінің әлі де ауырып жатқанын жеткізді. Тұрғын Клара Әжниязованың сөзінше, түні бойы шу болып, санэпидстанция қызметкерлері де келген.

Екі әйел ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер оларға көмек көрсеткен. 103 бекеті тұрғындардан қоңыраулар әлі де қабылданып жатқанын растады.

"Батыс-2", 40-үйге қоңырау түсті. Уланудан зардап шеккендерге жедел жәрдем барды. Тексеру кезінде бұл хлор буынан улану жағдайы екені анықталды. Бұл әйелдер көпбейінді аурухананың токсикология бөліміне жеткізіліп, көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілді”, – деп түсіндіреді Ақтөбе облыстық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Мұрат Жанқұлов.

Тұрғын үй екі жыл бұрын пайдалануға берілген. Бүгінгі күні оның басқару нысаны жоқ, сондықтан үйді салушы ​​кепілдік мерзімі аяқталғанға дейін оған жауапты. Компания өкілі жағымсыз иісті кетіру үшін жертөлеге хлор себілгенін мойындайды. Оған дейін кәріз суы басып қалған.

“Суды шығарып, иісін тазарту үшін кейін 4-5 келі хлор себілді, улану осының салдарынан болған. Түнгі сағат бірге дейін бәрін тазалап, үгіндімен жауып тастадық. Кәріз жүйесі қоқыспен бітеліп қалған, себебі тұрғындар бүкіл қоқысты сонда тастайды”, – дейді "Құрылыс компаниясы" СК бөлім басшысы Әлібек Кенжебаев.

Ең қызығы, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау мамандары оқиға орнында болып, ауаны өлшеп, сараптама жүргізген, бірақ нормадан асып кету анықталмаған. Адамдар есік-терезелерін ашқандықтан хлор буы сейіліп үлгерген болуы мүмкін дейді олар. Мамандардың түсіндіруінше, мұндай жұмыстарды жүргізбес бұрын санитарлық дәрігерлердің рұқсаты талап етілмейтін көрінеді.