Сот 17,5 млн теңгеге өтемақы төлеу және 7200 ағаш отырғызу туралы шешім шығарды.
Қарағандылық құрылыс компаниясы 140 ағашты заңсыз кесіп, орнына үй салған
Фото: inbusiness.kz
930
оқылды

Қарағандыда тағы бір құрылыс компаниясына қатысты іс сотта қаралды. Нәтижесінде заңсыз әрекеттерге барған құрылысшыларға қатысты облыстың ауданаралық экономикалық соты 17,5 млн теңгеге өтемақы төлеу және 7200 ағаш отырғызу туралы шешім шығарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Құрылыс компаниясы заң нормаларын елеместен Гүлдер-1 шағын ауданында 140-тан астам ағашты кесіп тастап, көп қабатты тұрғын үй құрылысын бастаған.

Тұрғындар мен қоғам қайраткерлерінің шағымдары бойынша ҚР ҚК 340-бабы бойынша ағаштарды заңсыз кесу, жою бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«Уәкілетті орган серіктестіктің жасыл желектерді заңсыз кесу фактісін анықтады, мамандар олардың сандық, тұқымдық құрамын, жай-күйі мен орналасқан жерін зерттеп, жасыл желектерді кесуге құқығының жоқтығы туралы акт жазды. Қарағанды облыстық мәслихатының Х сессиясының шешімімен қабылданған Қарағанды облысының қалалары мен елді мекендерінің жасыл желектерін күтіп-ұстау және қорғау, аумақтарды абаттандыру қағидаларымен ағаштарды кесу «Рұқсаттар туралы» Заңға сәйкес уәкілетті органның рұқсаты бойынша жүзеге асырылады», – деп хабарлады ауданаралық экомикалық соттың баспасөз қызметі.

Дегенмен, уәкілетті орган рұқсат беру рәсімдеріне сәйкес құрылыс компаниясына ағаштарды кесуге еш рұқсат бермегені белгілі болды. Жасыл екпелерді зерттеу актісімен келтірілген залалдың мөлшері анықталып, нәтижесінде құрылысшылар өтемдік ағаш отырғызу шеңберінде 7200 жасыл желек егуі керек болады.

«Белгіленген жағдайларда сай, сот талапкердің талаптарын қанағаттандырды, серіктестіктен мемлекет кірісіне 17 356 950 теңге көлемінде келтірілген залалды өндіріп алу және Республика даңғылынан Тәттімбет көшесіне дейін Қарағанды қаласы Сары-Арқа көшесінің бойында орналасқан гүлзар аумағында өтемдік ағаш отырғызуды міндеттеді», – деп толықтырды экономикалық соттың баспасөз қызметі.

Әзірге сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.