Мемлекет басшысы «Егемен Қазақстан» газетіне сұхбат беріп, өткен жылымызды қорытындылаумен бірге, алдағы жылы атқарылатын басым бағыттар туралы ой өрбіткен екен.
Ұлттық құрылтайда мемлекеттік тілдің статусы нақты айқындалады деген  сенім бар – профессор
1,628
оқылды

Зерделеп қарасақ, осы жылдың аясында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы секілді халықаралық ұйымдарға еліміздің төрағалық етуі және елімізде дүниежүзілік көшпенділер ойынының өткізілуі тәуелсіз еліміз үшін үлкен абыройлы мәртебе екендігімен қатар, үлкен сын екендігін де қаперден шығармайық. 

Ішкі жан дүниеміздің рухани өзекті мәселелері талданатын Ұлттық құрылтай отырысының биылғы жылы Наурыз мерекесі қарсаңында шақырылуын да жақсылыққа жорып отырмыз. 

Рухани өзегіміз, ұлттық болмысымыз мемлекеттік тілдің бүгінгі жағдайы халқымызды алаңдатып отырғаны жасырын емес. Міне сондықтан да, алдағы Ұлттық құрылтайда мемлекеттік тілдің статусы нақты айқындалып, қоғам өмірінің барлық саласында кең қолданысқа ие болып, бүкіл қазақстандықтарды ортақтастыратын жетекші тілге айналады деген зор сеніміміз бар. 

Мемлекет басшысы өз сұхбатында барлық қазақстандықтардың жүрегіне жара салған қаңтар оқиғасының себеп-салдарына кеңінен тоқталып, «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген халық даналығымен мазмұндас «Меніңше қасіретті Қаңтар оқиғасына жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-экономикалық проблемалар, жалпы тоқыраудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болды», – деп бұрынғы билік басындағылардың басты кемшіліктерін ашып көрсетеді. Мемлекет пен халық арасындағы өзара сенімсіздікті табанды түрде жоюға бағытталған Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының пәрменді түрде жұмыс істеп, халықтың көкейінде жүрген және алдында тұрған проблемалар өз шешімін табады деп үміттенеміз!

Досалы САЛҚЫНБЕК, Сәтбаев университетінің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты