Түркістан қаласында халық көп шоғырланған базарларда кітап­хана ашу жобасы іске асырыла бастады. Осы жоба аясында қа­ладағы ең үлкен «Қуаныш» сауда орталығында «Фараб» кітапхана­сының пункті ашылды. Аталған кітапхана оқырманмен тығыз байланыс орнатып, келушілердің уақытын тиімді өткізуіне ықпал етеді.
Базарда ашылған кітапханалар
1,123
оқылды

Жаңа руханият ордасының ашылуына жергілікті зиялы қауым өкілдері, кәсіп­керлер және облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев қатысып, көптің қуа­нышы­мен бөлісті.

– Халық көп шоғырланған орында білім беру және мәдени платформа құру мақсатында «Базардағы кітапхана» идеясы туындап, бүгін іске асырылуда. Бұл жобаны облыс әкімі Дархан Сатыбалды қолдап, қоғам мәдениетін дамыту бағытында жүйелі шаралар ұйымдастыруды тапсырып отыр. Өздеріңізге белгілі, өңірде тұрғындардың басым көпшілігі сауда нүктелері арқылы кәсібін дөңгелетіп жүр. Қарапайым халықтың да жиі келетін орны – базар. Сондықтан да осындағы кәсіпкерлердің кітап оқып, іскерлік тұрғыдан ізденуіне қолдау білдіріп, мәдени ортаны кеңейту мақсатында тың жобаны бастадық. Қаладағы ең үлкен «Қуаныш» сауда орталығында 1 700-ден астам кәсіпкер жұмыс істейді. Күніне орта есеппен 20 мыңнан астам адам келеді. Бүгінгі ашылып жатқан кітапхана бір күнде 70 адамға дейін қызмет көрсетеді, айына орта есеппен 1 500 адамды қамтиды деп жоспарлануда. Мұндай тың жобаны әрі қарай да аудан, қалалардағы орталық базарларда жалғастыратын боламыз. Қоғамды кітап оқуға қызықтыратын жаңа жобалардың жандануы оқырманның көбеюіне тікелей әсер етеді. Бастамамызға қолдау білдірген базар иелеріне алғысымды білдіргім келеді. Бүгінгі кітапхана пункті де оқырман игілігі үшін қызмет етеді деп сенемін, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Руханият ордасында әртүрлі бағыттағы көркем әдебиеттер, адамға жігер беретін әлемдік бестселлерден құралған 3 мыңға жуық кітап қоры бар. Сонымен қатар кітапхана сөрелері кәсібін нығайтқысы келетін жандарға арналған, креативті идеялардың тууына мүмкіндік беретін кітаптармен де толыққан. Олардың қатары халықтың сұранысына сай тұрақты түрде жаңартылып отырады. Кітапханада оқырман өзі оқыған кітаптарын сыйға қалдыруға немесе басқа кітаптармен алмастырып оқуы үшін арнайы  қатарлар мен шкафтар орнатылған. Облыс әкімдігінің тапсырмасына сәйкес ашылып отырған кітапхана қызметі білімге қолжетімділікті, мәдени құндылықтармен алмасуды көздейді. Сонымен бірге азаматтарға мерзімді басылымдар мен көркем әдебиеттерді, балаларға арналған кітаптарды ұсынады. Айта кетейік, жалпы облыс көлемінде 398 кітапхана, 6 миллионға жуық кітап қоры бар. Былтыр «Ашық әкімдіктегі ашық кітапхана» жобасы қолға алынып, нәтижесінде облыстың және аудан, қалалардағы әкімдік ғимараттарында, әлеуметтік нысандарда кітапхана бұ­рыштары ашылып, кітапқа деген қол­жетімділік артты. Атап айтсақ, қазір облыс бойынша әкімшілік ғимаратынан 15 және басқа да нысандарда 8 кітапхананың жыл­жымалы пункті ашылып, оқырман игілігі үшін қызмет етіп жатыр.

Ал бүгін ашылған кітапхана орта есеп­пен күніне 70 адамға дейін қызмет көрсетеді, яғни айына шамамен 1 500 оқырман қабылдайды деп жоспарлануда. Мұндай тың жоба аудан, қалалардағы орталық базарларда жалғасын таппақ. 

С. БЕГІМБАЕВА