Қазақстандағы Android жүйесін пайдаланушылар 2GIS қосымшасы құрылғыға қауіп төндіруде деген әрі қолданбаны өшіретіні туралы хабарлама алған. Көпшілікті қосымшаның бұдан кейінгі тағдыры алаңдатады. Нарықта оған бәскелес болатын отандық өнім пайда бола ма?
2GIS, қайда барасың?
1,200
оқылды

«Қосымша SMS, фото, аудиожазбалар және қоңыраулар журналы сияқты дербес деректерге қол жеткізбек болған» деген хабар желі қолданушыларын алаңдатып отыр. Қазір 2GIS қосымшасын ашуға тырыссаңыз, смартфон бетінде ескерту және оны жою туралы хабарлама қайта шығады. 

2GIS компаниясы жағдайдың немен байланысты екенін түсіндірді. «Мұндай ескертуді Android-тың Play қорғаныс, яғни зиянды бағдарламаны анықтауға арналған жүйелік қызметі жасайды. Бұл дегеніміз – смартфонның операциялық жүйесі қосымшаның қандай да бір қауіп-қатері бар деп шешім шығарады. Көбінесе ол қосымшаның смартфондағы деректерді қолданатынына байланысты. Бұл әрдайым осындай хабарламалар үшін қолданылатын жүйелік мәтін», – делінген компания хабарламасында. 

Компания өкілдері 2GIS қолданбасы тек рұқсаты бар деректерді пайдаланады және қосымшаны пайдалану қауіпсіз дейді. Сонымен қатар хабарламада қосымшаның фотосуретті таңдау үшін камераны іске қосып, галереяға кіре алатыны, одан бөлек навигациялық функциялардың жұмысы үшін геопозицияны анықтайтыны айтылады.

«Сондай-ақ 2GIS микрофон мен қоңырауларды пайдалануға рұқсат сұрайды, осылайша сіз дауыстық көмекшіге пәрмен беріп, қажетті ұйымға тікелей қоңырау шала аласыз. 2GIS қосымшасында қоңыраулар журналы мен SMS-ке кіру сұралмайды.  Оны қолданба тек авторизация кодтары үшін пайдаланады. Сонымен қатар 2GIS қосымшасына берілген кез келген рұқсатты смартфон параметрлерінен қайтарып алуға болады», – делінген компания хабарламасында. 

Аталмыш қолданба 2023 жылдың мамыр айында Google Play маркетінде бұғатталған еді. Ол кезде картографиялық сервис қолданбасын жою санкциялар мен сауда ережелерін сақтаумен байланысты екені белгілі болған. Google компаниясының баспасөз қызметі: «Google барлық қолданыстағы санкция мен сауда ережелерін сақтау туралы заңдарды орындайды. Егер біз пайдалану шарттарын бұзатын қосымшаны тапсақ, тиісті шараларды қолданамыз», – деп атап өткен болатын.

Дегенмен картографиялық қосымша 2GIS өкілдері деректер күн сайын жаңартылып отыратынын және қолданба арқылы кез келген қалалардың карталарын орнатуға болатынын хабарлады. Енді 2GIS - ті компанияның ресми сайтынан, сондай-ақ Samsung Galaxy Store, NashStore, RuMarket және RuStore сияқты басқа қолданбалы дүкендерден жүктеуге болады.

Естеріңізге салсақ, 2020 жылы 2GIS «Сбер» құрамына көшкендіктен, АҚШ пен ЕО санкцияларына ұшыраған болатын. Осылайша, 2022 жылдың қыркүйегінде 2GIS App Store қолданбалар маркетінен де өшірілген. Дегенмен 2023 жылдың 22 сәуірінен бастап қызмет қолданбалар дүкенінде қайта қол жетімді болды.

2 GIS-Қазақстандағы және ТМД-ның басқа елдеріндегі ең танымал навигация­лық сервистердің бірі. Пайдаланушылар саны айына шамамен 50 миллион адамға тең. 2021 жылы компания 189 млн АҚШ долларына бағаланды.

Бұған дейін желі қолданушылары 2GIS немесе Yandex мобильді қосымшаларына қатысты аталмыш сервистерге қазақ тілін қосуды талап ету туралы ұсыныстар айтқан болатын. Бұл туралы Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин елімізде жұмыс істейтін қызметтерге қойылатын талаптарды қайта қарастыратынын жеткізген еді. «Егер олар біздің экономикамызда жұмыс істегісі келсе, онда біз қазақ тілін енгізу туралы ұсыныс жасаймыз. Екінші жағынан, егер талаптар заңнамалық түрде енгізілсе, онда, мысалы, Instagram немесе басқа әлеуметтік желінің қазақ тілінде нұсқасы болмаған жағдайда жабылады. Халық оған да наразы­лық танытуы мүмкін. Сондықтан бұл қиын сұрақ», – деді министр.

Кәмила ЕРКІН