Ақтауда аққулар жаппай өліп жатыр. Маңғыстау облысындағы Қаракөлде қырылған құс саны 900-ге жуықтаған. Бұл жағдайға алаңдаған экологтер мен ор­ни­толог мамандар дабыл қағуда.
Адам қолынан ажал құшқан аққулар
1,365
оқылды

«Аққу – құстің төресі» дейді халқымыз. Өкінішке қарай, сұлулық бейнесіне баланған киелі құстың басына күтпеген жерден қауіп төнді. 2023 жылдың 21 желтоқсаны мен 2024 жылдың 9 қаңтары аралығында өлген аққулардың жалпы есебі 870-ке жетті.

11 қаңтар күні Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникациялар орталығында экобелсенділер мен облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының өкілдері арнайы брифинг өткізді. «Қаракөл көліне тексеру күн сайын жүргізілуде, аумақтық инспек­тор­лар мен қорық қызметкерлерінің кезек­шілік кестелері жасалды», – деп мәлімдеді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекция­сының басшысы Ғаббас Досатов.

Үш себептің қайсысына сенеміз?

Әуелгіде мамандар аққудың ажалына құс тұмауы себеп болуы мүмкін екенін айтқан. «Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, Қаракөл көлінде аққулардың жаппай қырылуы құс тұмауының өршуінен болғанын көрсетеді. Олардан H5N1 азиялық штамы табылды», – деп мәлімдеді Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Маңғыстау облыстық аумақтық инспек­циясының басшысы Темірбек Нұртазин 9 қаңтар күнгі аппараттық кеңес отырысында.

Кейіннен құстар суықтан азық жетіспей, жаппай өліп жатыр деген жорамал жасалды. Өйткені қырылып жатқан құстардың 90%-дан астамы жас аққулар.

Соңғы күндері мәселенің үшінші себебі де айтыла бастады. Әлеуметтік желілерде тараған бейнероликте Қаракөлге құйылып жатқан қарақошқыл сұйықтық Rixos Water World Aktau қонақүйінен төгілген қалдық су екені хабарланды. Облыстық Экология департаменті 5-6 қаңтарда осы факті бойынша аталған қонақүйге қатысты жос­пар­дан тыс тексеру жүргізді. «Мамандардың талдауы нәтижесінде, ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясынан артық екені анықталды. Бұған дейін тіркелген аққулар өлімінің дерегі бойынша төгінділер әсерінің қатысын толық зерттеу үшін Алматы қаласынан орнитолог-мамандар шақырылды. Тексеру қорытындысы бойынша тиісті инспекторлық ден қою шаралары қабылданады және әкімшілік істер қозғалады», – делінген ресми хабарламада.   

Rixos Water World Aktau қонақүйінің бас менеджері Серік Исағалиев lada.kz ақпараттық сайтына берген жауабында кәріз суын төгуге рұқсатнамасы барын жеткізген. «Біздегі лас су 250 текше метрлік екі резервуарда жиналып, бактериялық тазартудан өткізіледі. Одан кейін химиялық сүзгі арқылы тазартылады.Тазарған су қоймаға жиналып, ары қарай Қаракөлге ағызамыз. Қонақүй салынған кезде орталық кәріз жүйесі болмағандықтан, қалдық суды тазартып, Қаракөлге ағызып отыруға рұқсат алғанбыз. Барлық құжатымыз бар дейді», – дейді ол. Қонақүй өкілінің айтуынша, қазір орталық кәріз жүйесіне қосуға бейімдеу жұмыстары аяқталып қалған, алдағы уақытта Қаракөлге су ағызу толығымен тоқтатылмақ. 

Еске сала кетейік, 2022 жылы да Rixos Water World Aktau қонақүйінің төгінді суды артық ағызу фактісі тіркеліп, 76 млн теңге көлемінде айыппұл төлеген. Каспий теңізі мен Қаракөлдің ортасында орналасқан  мейманхана 2020 жылдан бастап жұмыс істеп келеді.

Орталық Азия бойынша Рамсар аймақтық бастамасының үйлестіру комитеті төрағасы­ның орынбасары, жергілікті экобелсенді Әділбек Қозыбақовтың айтуынша, мамандар көлге құйылған судан сынама алып, зертханаға тексеруге жіберген. «Сынама қорытындысын күтіп отырмыз, нәтижесі белгілі болғанда жарияланады» деп жауап берді маман. Экобелсенді Rixos Water World Aktau қонақүйіне төгінді суға рұқсат берудің өзі теріс шешім екенін айтады. «Қаракөлдің қаумал деген мәртебесі бар. 1986 жылдан бері   ерекше қорғауға алынған болатын. Көл осы мәртебесі негізінде өз деңгейінде қорғалуы қажет», – дейді ол. 

«Сыбырлақтар» қырылып жатыр

Орнитологтардың зерттеуіне сүйенсек, Қазақстанда аққудың үш түрі мекендейді. Олар: сұңқылдақ аққу, «сыбырлақ аққу», «кіші аққу» деп аталады. Дыбыс шығару ерекшелігіне орай «сұңқылдақ, сыбырлақ»  деп аталатын екі түрі көктем, жаз айларында еліміздің солтүстік аймағындағы өзен-көлдерді жайлап, қазанның суығы мен қарашаның ызғары түсе Каспий мен Қара теңізге оралады. Мамандардың зерттеуінше, кейінгі жылдары Қаракөлді қыстап қалатын жыл құстарының саны көбейген. Қаракөл – Ақтау қаласының оңтүстік-шығысында 10 шақырымдай жерде орналасқан жасанды көл. Ол 1967 жылы Маңғыстау атом-энергетика комбинатының тұндырғысы ретінде пайда болған. Каспий теңізіне қарағанда суы жылы болғандықтан, аталған көлді әр жылдары жыл құстарының 80 түрі келіп мекендейді екен. Оның ішінде 21 құс түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Жоғарыдағы сұңқылдақ аққу мен кіші аққу да саны азайып кеткендіктен, Қызыл кітапқа тіркелген құстың есебінде.

Қазір Қаракөлді жағалап сұлық түсіп, сұлап жатқан аққудың түрі – сыбырлақ аққу. Әзірге аққудың бұл түрі сирек кезде­сетіндер тізімінде жоқ. Дегенмен құс басына тиген қырғын тоқтамаса, сыбырлақ қудың да үні өшіп кетпесіне кім кепіл?

Орталық Азия бойынша Рамсар аймақтық бастамасының үйлестіру комитеті төрағасы­ның орынбасары Әділбек Қозыбақов кейінгі жылдары Қаракөлге келіп, құстарға жем шашып, оңды-солды тамақтандыратындар, дрон ұшырып мазасын қашыратындар көбейгенін айтады. «Олардың табиғи қорегі онсыз да жеткілікті. Қаракөлде жыл сайын тұрақты түрде 10-15 мыңдай аққу қыстап шығады. Біздің аймаққа ұшып келетін сыбырлақ аққулар құс тұмауына өте сезімтал. Әсіресе, жас құстардың иммунитеті дамымаған, сондықтан қолдан тамақ шашу қауіпті», – дейді маман.Құс­тар­ды қолдан азықтандыруға болмайды деген пікірді Қазақстан биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығының ғылым жөніндегі директоры Сергей Скляренко да құптайды. Орнитолог маман құстарға жем-азық беру Қаракөл көлінің бірегей экожүйесіне айтарлықтай зиян тигізуі мүмкін деп санайды. «Аққулар негізінен балдырлармен қоректенетінін ескерсек, Қаракөл көліне қолдан жем, тамақ шашу қисынсыз. Себебі бұл әрекет судың ластануына және улануға әкелуі мүмкін, бұл құстар мен экожүйеге одан да көп зиян тигізеді. Егер күн қатты аяз болып, көлдің суы қатып қалса ғана азықтандыру қамын жасауға болады. Басқа кезде негізсіз көмек көрсетуден абай болу керек», – деп түсіндірді сарапшы.

Экобелсенді Әділбек Қозыбақов Қаракөлге қазіргі қаумал мәртебесінен жоғары статус берілуі қажет деген пікірде. Оның айтуынша, көлді табиғи резерват немесе табиғи парк деп танығанда ғана қатаң тәртіппен қорғауға  болады. Көлді күні-түні қорғап, қадағалап, күзетуге Үстірт қорығы инспекторларының шамасы жетпейді. Аң-құс қырылса да, нақты себебі айтылмайды. 

Қазақстанда қоршаған ортаның бұзылуы мен экологиялық ахуалдың асқынуы жан-жануарлардың тіршілігіне қауіп төндіре бастады. Естеріңізде болса, 2022 жыл Каспийде итбалықтардың жаппай қырылуымен есте қалған еді. Сол жылы сәуір-мамыр айларында Маңғыстау облысы Түпқараған ауданына тиесілі жағалаудан 216 итбалықтың өлексесі табылған. Кейіннен жыл соңына қарай 7 қараша мен 3 желтоқсан аралығында теңіз жағалауына жүргізілген рейд нәтижесінде өлген итбалық саны 172 деген қорытынды шықты.  

Каспий теңізі – Жер бетіндегі ең үлкен тұйық су айдыны саналады. Оны мекендейтін жануарлардың 46 пайызы эндемиктер санатына кіреді. Олардың ішінде Каспий итбалығы – Каспийдегі жалғыз сүтқоректі әрі әлемдегі ең кішкентай итбалық қатарында. Соңғы 100 жыл ішінде бұл жануардың популяциясы 90 пайызға азайған. Экологтер бұрын итбалықтарды аулау бақылауға алынбаса, қазіргі басты проблема – экологиялық мәселе болып отырғанын айтады. Оған судың ластануы, табиғи газдардың теңіз түбіне дейін жетуі, заңсыз балық аулау, тағы басқа факторлар әсер етуде.Екі жыл бұрын ақпарат құралдарына берген сұхбатында  Орталық Азия экологиялық зерттеулер институтының негізін қалаушы Әсел Тасмағамбетова Каспий итбалығын зерттейтін немесе емдей алатын бірде-бір орталық жоқ екенін айтқан. Сол себепті Каспийде болып жатқан жағдай бойынша ақпарат басқа орталықтарға және ресейлік зертханаларға жолданады. Осындай түрлі себептен кейін де итбалықтар неліктен қырылып жатыр деген сұраққа нақты жауап әлі табылған жоқ. Мұндай жауапсыз сұрақ осыдан 9 жыл бұрын киіктің басына түскен қырғында да табылмаған. 2015 жылы мамыр айында ресми органдар Қостанай, Ақмола және Ақтөбе облыстарында Бетпақ даланы мекендейтін 150 мыңнан астам киік өлгенін мәлімдеді. Ол жылы да ұлы даланы мекен еткен ежелгі жануар – ақбөкеннің ажалына себеп болған нақты жағдай айтылмай қалды.  Осы оқиғадан кейін ресми орындар 2016 жылғы санақта киіктің саны 63,3 пайызға азайғаны белгілі болғанын жеткізді. 

Кейінгі жылдары қоңыр аңды қорғауға қатысты шаралардың нәтижесінде жануардың басы қайта көбейді. Оған дәлел былтыр Халықаралық табиғатты қорғау одағы киікті «Жойылып кету қаупі жоғары» жануар санатынан халықаралық Қызыл тізімдегі «Қауіп төнуге аз тәуекел бар» деген санатқа ауыстырды.   Десе де, дала жануарына ауру мен жұттан әрі қаскөйден қауіп әркезде де жоғары екені анық. 

2023 жылдың 22 желтоқсанында Маңғыстау облысына барған Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевқа тұрғындар өңірдегі бірқатар экологиялық мәселемен бірге Қаракөл көлінің жағдайын да аманаттап тапсырған болатын. Қаракөлді қыстап, пана тауып жүрген жыл құстарының ендігі тағдыры Үкіметтің нақты әрекетіне байланысты болмақ.

Бауыржан БАЗАР