Инклюзивті оқыту әдісінің білім саласына енгеніне он шақты жылдан асып кетті. Қазір мектептердің көбінде инклюзивті білім беретін сыныптар ашылып, ол сыныптарда мүгедектігі бар балалар білім алып жатыр. Бір ғана БҚО-ның өзінде 4 572 бала инклюзия сыныптарында оқып жүр.
Мектеп мейірім мекеніне айналуға тиіс
3,922
оқылды

Инклюзивті білім берудің не­гіз­гі мақсаты барлық баланы тең қабылдау деген түсініктен шы­ға­ды. Яғни, мұғалім алдына келген ба­­­ланың барлығына бірдей қарайды, мүм­кіндігі шектеулі баланы бұрын­ғы­дай үйден оқытудың қажеттілігі бол­майды. «Білім туралы» заңда инк­­­­люзивті білім беру ерекше білім беру қа­жеттіліктері мен жеке-дара мүм­кін­діктерін ескере отырып, барлық бі­лім алушы үшін білім алуға тең қол­­жетімділікті қамтамасыз ететін про­цесс деп көрсетілген. Инклюзивті бі­лім балаларға қатысты кез келген кем­сітушілікті жоққа шығаратын, бар­лық адамға бірдей қарым-қаты­нас­ты қамтамасыз ететін, бірақ ерек­ше білім беру қажеттіліктері бар ба­ла­ларға ерекше жағдай жасайтын идео­логияға негізделген.

БҚО-да мектепке дейінгі ұйым­дар­да 17 арнайы топ, 29 инклюзивті тәр­­­­биелеу кабинеті  бар. Ол топтарда 144 бала арнайы білім алып, 368 бала тәр­биеленіп жатыр екен. Бізге бұл ту­ралы БҚО Білім басқармасы ар­найы білім беру және балалардың құ­қықтарын қорғау бөлімінің бас ма­маны Шынар Бауеденова айтты. 

– БҚО-да психологиялық-дәрі­гер­лік-педагогикалық кеңес беру ме­кемесі есебінде ерекше білімді қа­жет ететін 6 628 бала тұр. Оның ішін­де 1 425 бала мүгедек санатына жа­­тады. Жалпы білім беретін  мек­теп­терде 341 бала оқып жүр. Ал 367 ба­ла үйден білім алса, арнайы түзету мек­тептерінде 603 оқушы оқып жүр. Даму мүмкіндігі шектеулі баланы анық­тау және олардың білім алуына жағ­дай жасау мақсатында облыс бойын­ша төрт психологиялық-дә­рі­герлік-педагогикалық кеңес жұмыс іс­теп тұр, – деді Шынар Бауеденова.

Инклюзивті білім беру – бұл жай оқыту емес. Бұл жерде мұ­­­ға­лімнің шеберлігінен бөлек са­бы­ры тексерілетіні бар. Ал Үкімет өз та­­ра­пынан инклюзивті білім алатын балаға барлық жағдайды жасауға тиіс. Бұл ретте БҚО-да 345 мектеп инк­лю­зив­ті білім беруге жағдайы жасалған де­ген баға алыпты. Жалпы, өңірде 226 дефектолог пен 221 логопед ма­ма­ны бар.

Сонымен, инклюзивті білім бе­ру тәжірибесі сәтті жүріп жа­­тыр ма? Біз осы сұрақты Білім бас­қар­масының маманына қойдық. 

– Қай нәрсе де басында қиын бо­лары сөзсіз. Инклюзивті білім бе­ру­дің мақсаты мүмкіндігі бар баланы шек­темей, керісінше топқа, ортаға қо­суды көздейді. Иә, қиындығы бар. Бір­ақ нәтиже де жоқ емес. Мысалы, сөй­лей алмайтын бала топқа қосы­лып, жап-жақсы сөйлеп кетті. Ортаға мүл­де қосылып көрмеген бала мек­теп­ке келген соң ашылып, қуантар­лық нәтиже беріп жүр, – дейді БҚО Бі­лім басқармасы арнайы білім беру жә­не балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы Шынар Бауе­де­нова.

Мүмкіндігі шектеулі баланы топқа қосып оқытудың шы­ны­мен оң нәтижесі барын бізге арда­гер ұстаз, ұзақ жылдар бойына БҚО-дағы алдыңғы қатарлы озық мек­теп­тердің бірі болған «Үміт» гим­на­зия­сын басқарған Дариға Мұштанова да айтып берді. Тәжірибелі мұғалім мек­теп мейірім мекеніне айналуға тиіс деп есептейді.

– Мен ұстаз ретінде айтсам, ауру ба­ланы «сенің сау баламен бір сы­нып­та отыруға құқың жоқ» деп бөлу­ге жүрегім шыдамайды. Өзімнің де алдыма тұтықпасы бар, эпилепсиясы бар, аяғы ақсақ бала да келді. Ондай кез­де ұлдармен бөлек, қыздармен бө­лек психологиялық әңгімелер жүр­гіз­дім. Сондай жұмыстың нәтиже­сін­де олар ортадан шеттетілмей, жақсы бо­лып кетті. Тұтықпасы барлар сөй­леп кетті, эпилепсиясы бар бала ҰБТ кезінде де ұстамасы ұстамай, аман-есен тапсырып шықты. Дені сау ба­ла­­лардан еш кемшілігі жоқ, бірдей бі­лім алып кетті. Сонда мен кезінде «мы­на талып қалатындарды құртың­дар» деп шеттетіп тастасам олардың бүгінгі тағдыры не болар еді? Бұл жер­де әңгіме ұстаздың жүрегіне келіп тіреледі. Ұстаз жүрегі баланы алалап, бөлуге шыдамайды. Мектеп мейірімді орта болуға тиіс, – дейді ұстаз.

Дариға апайдың айтуынша, инклю­зивті білім дегеннің өзі біздің мен­талитетімізбен үйлесіп, ұштасып жа­тыр. 

«Қалыпты балаға ерекше баланы қо­сып оқытудың екінші жағы бар. Ба­ланың бойындағы жанашырлық қа­сиетті оятуға жұмыс істейді. Он сау­сақтың қайсысын кессең, сол ауы­ра­ды дейді ғой. Ал ұрпақты, болашақ қо­ғамның мынауы жақсы, мынауы жаман, мынау артық, мынау кем деп қа­рауға болмайды. Бүгінде инклю­зив­ті білім беру екінші сатыға өтуі ке­рек. Алқалы топта бір жері кем адам­ға тесіліп қарауға болмайтынын біз­дің өзіміздің қазақы тәрбие ұғын­дырып отыр. Сол ұлттық тәрбиені не­гізге алып, қайта жандандырып, мек­тепте қолдану керек. «Ақсақтар мек­тебі, соқырлар мектебі» деп олар­ды бөліп тастауға қарсымын. Себебі он­д­ай арнайы мектепте оқыған ба­ла­лар өздерін өмір бойы кем көреді. Сон­дықтан да инклюзивті білім де­геннің өзі адамгершілік құндылыққа негізделген. Баланың жанын жара­ла­май, білім бере алу да үлкен өнер. «Көңіл мектебі, пейіл мектебі» деген бар қазақта. Соны тірілту керек, жаңар­ту керек. Қазір ешкімнің көңі­лі­не қарамайтын безбүйрек қоғамға кер­ек әдіс. Инклюзивті білімнің негі­зі осыда жатыр», – деді Дариға Ғазез­қызы. 

Ал қоғам белсендісі Тілекқабыл Нұ­рышев  инклюзивті білім беру де­ген нағыз бизнеске айналды деп есеп­тейді.

– Менің пікірімше, инклюзивті бі­лім беру деген қазір бизнеске ай­на­лып кетті. Себебі осыны оқыта­тын­дар, үйрететіндер үшін өте тиімді бо­лып тұр. Мұғалімнің жалақысына азын-аулақ тиын қосады да, мұға­лім­ді ақылы оқытады. Мысалы, екі апта­лық курс ақысы – 25 мың теңге. Инклюзивті оқытуда тегін оқу жоқ. Бар­лығы ақылы. Екі аптада ол мұға­лім не үйренеді? Қазір не көп – де­фек­толог, логопед көп, екі апта курс­ты оқып алады да  бәрі дефектолог, бәрі логопед болып шыға келеді. Сон­да нақты білімді кім береді? Он­дай мұғалім ауру бала түгілі сау бала­ны да жөндеп оқыта алмайды, – дейді педагог зерттеуші Тілекқабыл Нұры­шев. 

Инклюзивті сыныптарда білім бе­ретін мұғалімдерге күш көбірек тү­­­­сетіні рас. Бұл пікірді мектеп мұға­лім­дерінің өздері де мойындап отыр. Се­бебі ерекше күтімді қажет ететін ба­лаға кететін уақыт та, ресурс та бө­лек. Соған сай еңбекақы төленсе жақ­сы. Алайда елімізде инклюзивті сы­ныптарға білім беретін мұғалімдер мар­дымсыз жалақыға жұмыс істей­тінін айтады. Сондай мамандардың бірі – Айнұр Сабыр. 

– Инклюзивті білім беру теорияда жақ­сы. Ауру бала сау баланың орта­сында өзін тең ұстасын, сау сезінсін де­генмен, іс жүзінде қиындығы бар. Се­бебі баланың бәрі бірдей емес, диагнозы әртүрлі. Біз күнде мектепте көріп жүрміз ғой. Жүйкесі жұқарған балалар бар. Қасында отырған сау ба­ланы салып қалады, қаламсап ты­ғып алады. Мұғалім бір уақытта сабақ беріп, бір уақытта әлгі баланы қарап отыруы керек. Бір сыныпта 25-30 бала болса, оның екеуі – ерекше бі­лім­ді қажет ететін бала. Егер бала мүл­­де жүре алмайтын болса ғана оның қасына көмекші береді. Ал өзі жү­ріп-тұратын бала болса, онда кө­мекші педагог берілмейді. Инклю­зив­ті сыныптарда буллинг күшті. Балалар ерекше баланы кемсітеді. Қанша айтсақ та, түсіндірсек те  ба­ланың аты – бала. Келемеждейді, кү­ле­ді. Тіпті, кейде төбелеседі. Ал мұ­ғалім соның бәрімен алысып оты­ра­ды. Бұдан бөлек, инклюзив сы­нып­тарға сабақ беретін мұғалімдерге өте аз ақша төленеді: әр сабаққа 400-500 теңге аралығында ғана. Оның ар­тын­да қанша еңбек, қанша жұмыс жатыр? Оның есебі өте көп, бітпейтін қағазы бар және басқа мұғалімдердей емес, инк­люзив сыныптарды тексере бере­ді. Осы жерде беріліп жатқан инклю­зивті білімнің сапасы қандай деген мә­селе туындайды, – дейді қаладағы мек­тептердің бірінде сабақ беретін Айнұр Сабыр. 

Байыптап қарасақ, жоғарыда ай­тылғандай, бұл мәселенің әртүрлі қы­ры бар екен. Дегенмен уақыт өте келе біздің елде де оның әрбірі шешімін тауып, инклюзивті білім беру бір жолға қойылар деген үміт те, сенім де көп. 

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА