Бүгінде Жамбыл облысының құрылыс саласында шешімін таппаған мәселелер шаш етек­тен. Әсіресе, мектеп құ­рылысына келгенде мерді­герлер «бармақ басты, көз қыстыға» салып, «іс бітті, қу кетті» керін келтіруде.
Тендер теңгесіне тіс батырғысы келетіндер көп
925
оқылды

Құқық қорғау органдары мұн­дай серіктестіктердің артына май­шам алып түске­німен, сапасыз құрылыс пен жо­сықсыз мердігерлердің са­ны азаймауда. Білім беру ин­ф­ра­құрылымын қолдау қо­рына құйылған қаржыға са­­лынып жатқан мектептердің құры­лысына қатысты да «ба­уын тапса, байлауын таппа­ған» мәселе көп. Жем­қор­­­­­­лардан өндірілген қаржыға мектеп салып жарылқаймыз деген­дердің өздері қазір жем­­­­қор­лыққа жол беріп жат­қа­нына не дейсің?!

Жалпы, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры жемқорлардан өндірілген қаржыны кәдеге жаратып, жаңа мектептер салу үшін құрылған болатын. Мұндай тың жаңалықты бұқара алғаш естігенде айтарлықтай қуанып қалған. Ал қорға 151,9 млрд теңге түсіп, 96,5 млрд теңгеге еліміз бойынша 76,7 мың оқушыға арналған 62 мектептің құрылысы қаржыландырылатыны туралы ақпар тарағанда төбеміз көкке жеткендей болды. Аталған қаржыдан Жамбыл облысы да өз еншісін алып, 6 мектептің құрылысы жүретіні жұртқа әділдіктің орнағанын сездіргендей еді. Осылайша, Т.Рыс­құлов, Шу, Қордай аудандарында бір-бір, ал Тараз қаласында үш мектептің құрылысы басталып кетті. Оның ал­­ғашқыларының лентасы қиылып, кілті табыс етіліп қойғанымен, облыс орталығындағы «Арай» шағынауданындағы 600 балаға арналған мектеп құрылысы басшылардың да, бұқараның да бас ауруына айналды. Олай дейтініміз, құрылысы 2021 жылы басталған білім ордасы әлі күнге пайдалануға берілген жоқ. Мектеп құрылысын жауапкершілігіне алған «БазизДорСтрой» ЖШС 1 242 444 268 теңгеге құрылысты баста­ғанымен, екі жылда құрылыс жұмыстары екі мәрте тоқтап, соңы серістестік басшысы «сыбайластық сипатындағы қылмысқа жол берді» деген күдікке ілініп, ұсталып кетті. Нәтижесінде, 2021 жылдың шілде айында құрылысы басталып, 2022 жылдың аяғында аяқталға тиіс жоба 2024 жылға бір-ақ созылды. Осыған орай облыс әкімдігінің мемлекеттік Сәулет-құрылыс бақылау басқармасы тарапынан «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 312, 1-тармағы, 315-бабына сәйкес «БазисДорСтрой» ЖШС-на 1 млн 380 мың және 172,5 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ серіктестікті жосықсыз деп тану туралы сотқа талап берілді. Бұдан бөлек, техникалық қадағалаушы «Тараз-Технопроект» ЖШС-на 621 мың теңге айыппұл салынып, сарапшы аттестатының қолданысы 6 ай мер­зімге тоқтатылды. Мұндай жүйесіз жұмыстың салқыны облыстық Құры­лыс басқарма басшысының орынбасары Әлібек Аманбайға да тиіп, әдеп жөніндегі кеңес оны тәртіптік жазаға тартты. 

Осылайша, шуы басылмаған мектеп құрылысы мәселесін шешу үшін Құ­рылыс басқармасы «СтройМонтаж­­Групп» ЖШС-мен 141 млн 291,5 мың теңгеге келісімшарт жасасып, қазір құры­­лыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде мердігер 100 миллион теңгені игеріп, құ­рылыс жұмыстарын 97 пайызға аяқтағанын айтуда. Алайда жуырда аталған мектеп құ­рылысымен танысып кеткен Парламент Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ес­­кендіров бұл ақпарға күмәнмен қарайды.

– Дәл қазір мектеп құрылысына жұмсалған 1,2 млрд теңгенің жұмысын көріп тұрған жоқпын. Құрылыс жұмыстары өте сапасыз жасалған. Құрылысқа сапасыз материалдар пайдаланылған. Ертең бұл мектепте балалар білім алатын болады. Олар ойнайды, жүгіреді. Сол кезде сапасыз орнатылған қарапайым есіктерінің өзі қирап қалатынына шүбәм жоқ. Бір сөзбен айтқанда, мектеп ішінің де, сыртының да құрылысы сапасыз. Сондықтан бұл мектептің құрылысына қаралған қаржының қалай және қайда жұмсалғанына жіті тексеріс керек. Одан бөлек, мердігер мектеп құрылысы қаңтар айының соңында аяқталатынын айтуда. Алайда мен мұнда әлі екі айдың жұмысы бар екенін көріп отырмын. Сондықтан нысанды жылдам пайдалануға береміз деп, сылап-сипай салудың қажеті жоқ, – дейді депутат Мұқаш Ескендіров.

Негізі, мәжілісменнің сөзінің жаны бар. Олай дейтініміз, Құрылыс басқармасының басшысы Данияр Әбдібеков аталған мектептің құрылысын былтыр 2023 жылдың 15 желтоқсанында аяқ­таймыз деп уәде еткен болатын. Алайда бұл уәде орындалмады. Сондықтан білім беру мекемесінің құрылысы қаңтар айының аяғында аяқталады дегенге сену қиын. 

Күні кеше Жамбыл облысы әкімдігінің мемлекеттік Сәулет-құрылыс ба­қылау басқармасының басшысы Қайрат Бисембаев та құрылыс саласына қатысты бірқатар былықтың бетін ашты. 

– 2023 жылы 172 құрылыс объектісіне жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 248 әкім­шілік іс қозғалды. Бұдан бөлек, 159 тапсырыс беруші, 50 мердігер, 3 жобалаушы, 26 техникалық қада­ғалаушы, 10 авторлық қадағалаушы әкім­­шілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы, айыппұл соммасы 68 695 930 тең­гені құрады.

Құрылыс-монтаждау жұмыстарын сапасыз орындағаны үшін бірқатар мердігер лицензиясынан айырылды. Атап айтсақ, «Жуалы ауданы, Қайрат ауылында 149 орындық мәдениет үйі­нің құрылысын салу» нысанын сапасыз орындаған бас мердігер «ЕРК-Астана» ЖШС-на Әкім­шілік құқық­бұзушылық туралы кодексінің 312-бабы 2-бөлігіне сай, сот шешімімен 1 380 000 теңге айыппұл салынып, лицензиясынан айырылды.

Сондай-ақ «Талас ауданы, Қаратау қаласы №3 мөлтек ауданындағы №6 жатақхананың сыртқы инженерлік-ком­муникациялық жүйелерін қайта жаңғырту» нысанының бас мердігері «ЖолЭнергоҚұрылыс» ЖШС құрылыс жұмыстарын сапасыз орындағаны үшін ӘҚБтК-нің 312-бабы 2-бөлігіне сай әкімшілік іс қозғалып, сот шешімімен 1 380 000 теңге айыппұл салынып, лицензиясының жұмысы тоқтатылды. 

Бұдан бөлек, басқарма тарапынан жыл басынан жалпы 17 техникалық қадағалаушыға әкімшілік іс қозғалды. Оның ішінде 16 техникалық қадағалау­шыға айыппұл салынып, қолданыстағы техникалық қадағалау жүргізу құқығына сарапшы аттестаттары 6 ай мерзімге тоқтатылды. 

Тағы бір айта кетерлігі, биыл 22 құ­рылыс нысанының құрылыс жұмыстарын сапасыз жүргізген 18 мердігер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Егер олар 1 жыл ішінде осы кемшіліктерін қайталайтын болса, лицензиясынан айырылу қауіпі бар, – дейді басқарма басшысы. 

Байқап тұрсаңыздар құрылыс саласындағы мәселелер бас шайқатады. Былтырды айтпағанның өзінде, биылдың жарты айындағы жағдай жаға ұстатып тұр. Тендер теңгесіне тіс батырып қалғысы келетіндер көбейді. Жоғарыдан қаралған қаржы мердігердің қолына жетемін дегенше желініп, соңы нысан жобалық құнының жарты бағасына салынып жатады. Мұндай жағдайда серіктестіктен сапаны қалай талап ете аласың? Сондықтан серіктестіктер­ді сотқа сүйреп, мердігерлерді лицензиясынан айыра бергенше, мемлекеттік сатып алу конкурсының өзін бір сүзгіден өткізу керек-ау... Әйтпесе, «баяғы жартас, сол жартас» күйі қалып, мемлекет қаржысы талан-таражға түсе беретіндігі анық. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы