Маңғыстауды «аспан астындағы мұражай» деп тегін айтпаса керек. Өйткені Қазақстан бойынша 25 мың ескерткіш болса, соның 40-45%-ы қазыналы түбекте орналасқан.
Нұрлан Құлбай: «Қара» археологтерге түбегейлі тыйым салынуға тиіс!
6,022
оқылды

Өлкедегі бүкіл тарихи, табиғи, сәулет және археологиялық ескерткіштерді анықтау, алдын ала есепке қою, ғылыми-зерттеу, мемлекеттік қорғауға алу, техникалық жағдайын тексеру, инвентарлық нөмірлерін жаңғырту, құжаттарын толықтыру, қалпына келтіру, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу, қорғау, сақтау, ағарту, насихаттау – «Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы» ММ-нің құзыретінде. Осы ретте мемлекеттік мекеме директоры Нұрлан Құлбаевпен әңгіме-дүкен құрған едік.

– Нұрлан Абызұлы, тарихи ескерткіштер тұрғысында Маңғыстауға тән проблемалар қандай? Еліміздің Батыс өңіріне және Қазақстанға ортақ мәселелер қандай?

– Әңгімені саланың проблемасынан бастағанымыз дұрыс болған сияқты. Өйт­кені жетістіктерін көзі қарақты оқырман біздің мекеме атқарып жатқан жұмыс­тардан-ақ біліп отырған болар. Десек те, мұндағы проблемаларды өңірлерге бөліп-жарып қарауға болмайды. Сонымен, бірінші айта­рым: біздің қызметті реттейтін «Тарихи мәдени мұраны қорғау және пайдалану» дейтін заңымыз бар. Соны жетілдіру керек, нақтырақ айтқанда, қатаңдата түсу керек. Мысалы, мемлекеттік қорғауға алынған ескерткіштердің қоршау ауласынан, яки қорғау аймақтарынан заңсыз құрылыстар салу жағдайы көп. «Ата-бабам сол жерде жатыр» дейді де, мем­лекеттік органдарға, соның ішінде біз­ге ескертпей, қайтыс болған әке-шеше­лерін, бауырларын немесе жақын туыс­­тарын апарып жерлейді. Мұның бәрі сол ескерткіштердің бұрынғыдан қа­­лыптасқан тарихи көрінісіне нұқсан келтіреді. Біз сондай адамдармен үнемі соттасып жүреміз. Бір-екі күндікте тағы да осындай бір сот процесі басталады. Бірақ заңымыздың әлсіз жері – сот оларға тек азғантай айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салады, шамамен 30 мың теңгенің төңірегінде. Ал оларға не, ақшасын төлейді де жүре береді. Бірақ мүрдені көмгеннен кейін алып кетуге болмайды. Қазір қарапайым халық осыған әбден жаман үйреніп алған. Кейбір жер­лерде біз уақытында барып қалсақ, қазып жатқан жерінен тоқтатуға тырысамыз. Он­дайда кейбір көзі ашық адамдар түсініп тыңдай қояды, ал тыңдамайтындар «сотқа берсең бер!» деп принципке кетеді. Соттың шешімі жаңағыдай. Бір жағы кішкентай ауыл-аудан болғандықтан, бәрі бірін-бірі таниды. Мұндай әрекеттер көбіне ауыл­­дарға жақын жерлердегі жергілікті қауым­­­дарға тән. Кісісі қайтып отырған соң ба, соттар да қатаң шараларға бармайды. Ал заң бойынша мемлекеттік реестрге ен­­гізілген ескерткіш­терге мәйіт қойылмау керек және заңсыз құрылыстар салуға болмайды. Сол себепті мен айыппұлдың көлемін ұлғайтайық деп көп жерде айтып жүрмін. Мысалы, миллион теңгеге дейін көтеру керек!

– Дегенмен мына заманда кейбіреулерге миллион теңге дегенің де ештеңе емес-ау.

– Ең құрығанда сол соманы бекітіп бер­се де риза болар едік. Оның өзі де біраз сес. Ескерткіштерге қатысты жиын-жи­налыстар болса, күн тәртібіне енгізу үшін осы мәсе­лені үнемі көтеремін. Маңғыс­таудан сай­лан­ған Мәжіліс депутаттарына да айт­қанбыз, олар бұл туралы тіпті баян­дама да жасады. Әзірге қозғалыс болып жатқан жоқ. Егер айыппұл көлемін миллион теңгеге дейін ұлғайтар болсақ, жұрт тыйылар еді. Ескі қойым­дықтарды бүлдірмес еді. Мемлекеттік қорғауға алынған ескерткіш­тердің ішінен үлкен-үлкен сәулетті күм­бездер салып қойған жер көп. Адам жер­лейтін болса, кеңес кезінде, кейінгі уақытта пайда болған молалар көп қой. Қола дәуі­рінде, орта ғасырларда пайда болған тарихи ескерт­кіштерге тимеу керек.

– Дұрыс айтып отырсыз. Одан да басқа қандай проблемаларыңыз бар? 

– Ендігі бір проблема – «қара» архео­логтерге қатысты. Кейінгі кезде олардың қарасы көбейіп барады. Көп жерді қазып кеткен, ішінде тыйым салынған мәдени қабат та бар. Мысалы, мен көріп жүрген жерде Қарақабақ деген теңдесі жоқ ескерт­кіш бар. Сол жерлерді бір-екі қара археолог келіп қазып кетіпті. Олар метал­­ло­­­детекторын көтеріп адам көзінен таса жерлерде, қыр асты-тау үсті молалы-обалы аумақтарда көп жүреді. Керуен сарай­ларының айналасын қазып қопарып кеткен жері көп. Бүйте бер­се, олар мола­ларды да қаза бастауы мүмкін. Ал ашық аспан астында жатқан көптеген тарихи құнды жәдігеріміз бар. Солардың ғасырлар бойы қозғаусыз жатқан қатпарла­ры бұ­зылар болса, ғылым үшін үлкен нұқ­сан. Сондықтан да сол аппарат­тарды ұс­тап, дала кезуге тыйым салу керек. Қазір ондай аспап ашық саудада, кез келген азаматтың қолында бар, бәрі соны кәсіп қылып алған. Алтын іздейді, түрлі металл іздейді, бақыр тиындар іздейді. Бір жаманы, қай жерде де көбіне артын көмбей кетеді. Сол себепті заңды қатаңдатып, металлодетектор деген нәрсені тек лицензиясы бар археологтер ұстай алатын заң шығару керек. Былайғы жұртқа жаңағы аппаратпен кез келген жерде жүруге рұқсат бермеу қажет. Ал қолға түссе, тіпті бас бостандығынан айыруға дейін жаза қолдану қажет. Басқа мемлекет­тердің практикасында солай. Мына тұрған Ресейді-ақ алайық. Ол жақта бұл мәселеге қатаң қарайды. Бір сөзбен айтқанда, «қара» археологтерге түбегейлі тыйым салынуға тиіс! Міне, осылардың бәрі Маңғыстауға да, Батыс өңіріне де, Қазақстанға да ортақ мәселелер.

– Былайғы жұрт сізді араб калигра­фия­сымен жазылған тастардағы, соның ішінде құлпытастардағы төте жазуларды оқитын аз адамның бірі ретінде біледі. Бұл бір жағы қызметіңізбен тығыз байланысты екені рас. Сол жазуды пайдалану кезеңіне өзіңіз қандай баға бересіз?

– Тастағы жазулар дегеніміз – тари­хымыздың ажырамас бір бөлшегі. Ал араб калиграфиясымен жазу – оның ұзақ ғасыр­ларға созылған белгілі бір кезеңі. Маңғыс­тауда ХХ ғасырға дейінгі ескерткіштердің басым көпшілігі осы жазумен бедерлен­­гендіктен, өзім соны зерттеуге қатты қызық­тым. Батыс аймақты түгел аралап, жазуы бар ескерткіштерді, соның ішінде құлпытас, қойтас, сандықтастардағы жазуларды бірізге салып, ортақ бейнесін шығаруға тырыстым. Екі кітабым шық­қанымен, бұл жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Содан ұққаным, жалпы бүкіл Орталық Азияда «Шағатай тілі» дейтін ортақ тіл болған сияқты. Әрине, бұл оның шартты атауы, өйткені «Шағатай» деген ұлыстың аты ғой. Сол ұлысқа қараған жұрт­тың тілін солай атап кеткен. Міне, дала кезіп сол тастарды оқып, оған қоса архивтерді аралап құжат­тарды ақтарған­дағы практикамнан айтар болсам, біздің ата-бабаларымыз ХІХ ғасыр­дан бастап қазақ тілінде жазған. Ал оған дейінгі жазуы аралас болған. Көп хаттары өзбек, татар сондай-ақ, түрікмен тілімен араластырып жазылған. Кейде-кейде араб, парсы сөз­дерін қолданған. Тек хаттарда емес, тастағы жазуларда да сондай. Мұның барлығы халқымыздың сауат ашу, ағарту жүйесіндегі даму эволюциясын көрсетеді.

– Сонда құлпытастарда марқұмның аты-жөнінен басқа не жазылған?

– Көбіне солар ғана. Марқұмның шық­қан тайпасы, бөлімі, «қылдырды», «яздыр­ды», «уфат болды» деген сөздер. Түркітілдес тайпаларға ортақ болған «шағатай тілінің» емлесі. Енді Құран оқып үйренген қари жігіттердің ол тастағы жазуларды оқи алмайтын себебі: таста араб тілі емлесін­де­гідей сызба, түртпе, үтір, нүкте дегендер қойылмайды. Өзің біріктіріп қорытып оқып кете бересің. Мысалы, бас әріппен жазса, алдында ұ, у деген әріптер болады, кіші әріппен жазса е, ү, и деген әріптер болады. Солар­ды өзіндік бір логикаға салып оқып шығасың. Бұл төте жазу деп аталады. Ахмет Байтұрсынұлы да осындай әліпбиді жасаған кезінде осындағы заңдылықтарды басшы­лыққа алған сияқты.

Тағы бір айтатын нәрсе, құлпытастағы жазуларды оңай оқу үшін біріншіден шежірені өте жетік меңгеру қажет. Өйткені онда бірінші руы, тайпасы, бөлімі, аймағы, сосын адамның аты-жөні, өмір сүрген уақыты жазылады. Одан кейін құлпытасқа тапсырыс берушінің, яки жасатқан адам­ның баласының немесе тағы да басқа­лардың аты-жөні, сирек те болса ұста­сы­ның есім-сойы кездесіп жатады. Былайша айтқанда, құлпытас дегеніміз – көшпелі ата-бабалары­мыздың төлқұжаты ғой. Одан туған жылын, өлген жылын, жасын, әкесінің атын білуге болады. Егер бәрі бірізге түсіп, ортақ мәлі­меттер базасына біріктірілер болса, онда мар­құмның түгел жеті атасын сомдап беруге болар еді. Осы мен айтқан ере­желерді мең­геріп, арабша әліппені жаттап алса, бұл жазуларды оқу оңай. Өйткені бәрі үйрен­шікті сөздер, жаттап алуға болады және барлық жерде стандарт.

– Өзіңіз оны қалай оқып кеттіңіз? Арабша қара таныған ба едіңіз?

– Мен бұл жазуға мектепте жүргенде-ақ қызықтым. Өзім Түрікменстанда Майра­малы ауылында дүниеге келгенмін. Сол бала күнімде бір түрікмен үлкен ахун кісі болды. Соның қолында «Әптиек» өттік. «Әптиек» дегеніміз – қазіргіше әліппе, ертеректе шалдар солай атаған. Осы жұмысқа кіріс­кеннен бұрыннан да өзім қызығып жүрген соң шежірені түгел жаттап алдым да, осын­дай даладағы жазуларды зерделеуге кірістім. Бір сөзбен айтқанда, соған жастайымнан бейім едім. Есіңізде болса, 90-жылдары біздің Адайдан шыққан, алыс-жақын шетелдерге белгілі рунолог ғалым кісі болды, Ғұбайдолла Айдаров деген. Сол рунатанушы аға­мыз­дың: «Руна жазуын зерт­теп болдым, енді жалғыз арманым Маңғыстаудағы тасқа біткен жазуларды аударып кетсем екен» деп айтқаны бар еді. Бірақ ол арманына жете алмады, жасы жетіп, о дүниелік болды. Сол кісінің арманын орындап отырған жайымыз бар. 

– Ғұбайдолла Айдаров ағамызды бүгінгі гаджет шұқыған ұрпақ болмаса, кім таны­майды! Тарихи тұлға ғой. Иманы шат болсын! Енді тастағы жазуларды түгел оқи аласыз ба? Ең ескі жазу қай ғасырға тиесілі екен?

– Анық жазылса, оқу қиын емес. Бірақ түгелдей оқи аламын дей алмаймын. Өйткені арабша, парсыша сөздер кездеседі, оны арабтанушы, парсытанушылар аудар­масымен оқымаса, бізге кішкене қиындық келтіреді. Себебі ол тілдерді әзір білмеймін, әрпі бір болғанымен, мағынасын түсіну қиын. Суретке түсіріп алып, солардан сұрап алып жатамын, көбіне Құран аяттары неме­се о дүниеге байланысты сөздер болып шыға­ды. Ал төте жазу, шағатай болса, өзі­міздің түркітілдес қазақи ұғымға тән болса, оны оқып аудара бересің.

Енді ескілігіне келсек, Маңғыстау жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен жер ғой. Сол келген жұрттардың әрқайсысының мәдени қабаты қалды. Алтын Ордаға, Ноғай ордасына, түрікмендерге, оғыздарға тән ескерткіштер бар. Көнесі ХІV-ХV ғасыр­лар­ға тиесілі. Олардың арасында жел жеп, су шайып мүжіліп кеткендері бар, жақсы сақ­талғаны бар, бірақ жаңағы айтқан, арабша, парсыша жазылған соң түсін­бейсің. Ал ХVІ-ХVІІ ғасырлардағы ескерткіштерден түрік­мен, ноғайлардың атаулары шығады. 

– Төте жазудан басқа Маңғыстауда петроглифтер бар ма? Руна жазулары мы­салы?

– Петроглиф деген ол табиғаттың, жануар­лардың кескіндері ғой, ол жазуға жатпайды. Ондай суреттер Маңғыстауда жетеді, әрбір жыра, әрбір сайда көп. Біздің өңірді мекендеген әр тайпа өздері жүрген сай-сала, жартас, үңгірлерге пет­ро­глиф­терін қалдырып кеткен ғой. Аңға шыққан кезеңін, түрлі жануарды, түйе, арқар, ит бейнелерін кескіндеп қалдырған. Әлі өзім көрген жоқпын, бірақ Қаратауда қола дәуірінің петроглифтері бар деп естідім. Табылып жатса, бұл дегеніміз баға жетпес жәдігер болар еді. Егер байқаған болсаңыз, Маңғыс­тау облысының таңбасында осындай аңға шыққан салт атты бейне­­­ленген.

Ал руна жазуына келсек, Емді дейтін таудың ішінде Таңбалысай деген сай орналасқан, жаңағы айтқан Қарақабақ қала­шығына жақын, сол жерде бар деп естідім. Осы қалашыққа қазба жұмыстары үш-төрт рет жүргізілді. Ғұн тайпаларының көшпелі мәдениеті сақталған. Оны қазір кұпия ұстап отырмыз. Өйткені «қара» археологтер барып тонауы мүмкін. Міне, сол тауда бір сайдың ішінде бірнеше ру-тайпалардың таңба петроглифтері жарға қашап салынған. Соның ішінде руна жазулары да бар сияқты. Бірақ рунологтар келіп анықтап бермесе, маман болмағаннан кейін бізге олардың бәрі бір таңба болып көріне береді. Жалпы, бар сияқты, әйтсе де көп емес.

– Сонда тарихи сараптап қарағанда, руна жазуы Маңғыстауға келмеген бе?

– Келмеген деп айтуға болмайды. Зерттелмей жатыр. Егер сол саланың мама­ны шығып кешенді түрде зерттесе, бәлкім шығып қалар. Кейбір сай, жыра, үңгір­лер­дің ішінде түрлі рунаға ұқсас, біз білмейтін таңбалар бар. Солар рунаның әрпі болар. Өйткені олар рулық таңбаларға ұқсайды, сондықтан біз ажырата алмаймыз. Ру таңба­­лары да бастауын солардан алған шығар, мүмкін. Әлде керісінше, руна жазуы ру таңбаларынан құрылып, түбірі «ру» деген сө­зден шыққан болуы мүмкін. Мұны енді өз ісінің маманы айтсын.

– Неге бала мен баба тілінің арасы үзіліп қалды? Сіз оқыған жазуды неге екенің бірі оқи алмайды?

– Түрлі себеп болған шығар. Әйтеуір, өзімізге тән қазақ тілін сақтап келе жатыр­мыз ғой. Жазуда тұрған ештеңе жоқ деп санаймын. Ал Маңғыстауда құлпытас­­тағы жазуды оқитын мен білетін бірнеше адам бар. Олар – Светқали Нұржан ағамыз, Мұ­рат Ақмырзаев ағамыз, Бейнеуде Қалдыбек дейтін Тоқабай жігіт бар. Одан басқа да тиіп-қашып оқып жүргендер бар ғой. 

– Сіздіңше ұлттық руханият дегеніміз не? Ондағы археологияның, тарихи ескерт­кіш­тердің рөлі қандай? Тарихи қалып­тасудағы сабақтастық, сыртқы ықпалға төтеп беру жайы­нан не айта аласыз? Әсіресе, дін мен этнос мәселесінде. Археология мен тарихи ескерткіштер қаншалықты ұлттық имму­­нитет­ті нығайта алып отыр?

– Археология дегеніміз – тарихты түген­деуші сала ғой. Соның арқасында қаншама ақтаңдақ бет ашылып, ежелгі ғасырлардың мозаикасы құрастырылып жатыр. Этнос үшін де, ұлт үшін де, дін үшін де тарихи объективтілік дегеніміз аса үлкен маңызға ие критерий. Сол себеп бұл са­ланы өте қатты дамытуымыз керек. Нақты дерек­тер қазба және зерттеу жұмыстары­ның нәтижесінде қалыптасады. Сондықтан да бұл руханиятқа өте керек нәрсе. Бұ­рынғы өтіп кеткен ата-бабаларымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрі, ескерткіштері, қолмен ұстаған дүниелері, қолжазбалары, түрлі жәдігері – біздің баға жетпес қа­зынамыз. Бірақ мені қынжылтатыны, соңғы уақыт­тары осы ата-баба ізінен жа­ңылып бара жатқан жастар көп. Көп­шілігі мешіт жаға­лап, дінді өзінше түсініп жүр. Сондағы қа­саң қағидамен көптеген жас бала қазір әулиенің басына бармайды. Айтатындары «ширк болады» деген бір сөз. Сол қазір қиын болып тұр. Тек көңілімді жұбататыны, біздің облысқа келген бас имам жігіт Әнуар қажы біздің әулиелердің басындағы шырақ­шыларды, мешіттердегі имамдарды шақыр­тып, әулиелерді на­сихаттау жөнінде түрлі семинар өткізіп жүр. Ал негізінде әулиелерге бару керек, ұлықтау керек, зиярат жасау керек. Бірақ оның да өзінің дәстүрі, әдебі, ережесі бар. Соны сақтаған жөн. Діни теріс ағымға түсіп кеткендер: «Әулиеден неге сұ­рай­сыңдар?» деген уәж айтады. Бұл қауіпті. Сондықтан осы әулие ата­ларымызды дә­ріптеу арқылы деструктивті түсініктегі адамдарға тойтарыс беру керек. «Әулие – құдай емес, құдайдан да былай емес» деген бар емес пе шалдарда! Әулиелерді наси­хаттау керек! Олар да Алланың уәлісі, жердегі көлеңкесі ғой. Олар да дін жолын ұстанған адамдар. Облыстық, республик­алық қана емес, ұлттық деңгейде де осы әңгімелер айтылуы керек. Тарихи объек­тив­тілік осыдан туады. 

– Нақты қандай ұсыныс айтар едіңіз?

– Түрікмендерде бір күн бар, оны өздері «Хатира күні» деп атайды. Сол 12  қаңтар күні бүкіл мемлекеттік мекемелер тоқтайды. Барлығына демалыс жария­ланады. Сол күні олар ата-бабаларының басына барады да сенбілік жұмыстарын жасайды, Құран оқытады, садақа береді.

– Енді орыстарда да бар ғой. «Роди­тельский день» деген сияқты.

– Иә, айтайын дегенім, міне осы үрдісті бізге де дәстүрге енгізу керек. Шамамен мамыр айында қалыптастырсақ деген ұсынысым бар. Жалпы, бүкіл ел болып, ұлт болып, әулиелерге бір күн арнап, ерекше бір мән беріп, басына барып, тазалық жұмыс­тарын жасап, садақа беріп, Құран оқытып деген секілді шешім қабылдау керек. Бір күнді белгілеу керек. Сол күні ел демалсын, ата-анасының, туған-туыс­та­рының, ата-бабаларының басына барсын. Әркімге ата-анасы әулие ғой. Оған ешбір облыс қарсы болмайды деп ой­лаймын. Өйткені қай өңірде де әулиелі орындар бар. Бұл біздің тарихымыз. Біз соны құрметтеп, ұлықтап, дәріптеуіміз керек. Бұл бір жағы теріс ағымдарға қарсы тойтарыс беруге, елді біріктіруге, ұлттық рухты көтеруге, руха­ниятты байытуға үлкен септік етер еді. Мен барша Қазақстан халқын соған шақырамын!

– Өте жақсы ұсыныс екен. Енді сөз соңында сіз басқарып отырған мекеме туралы қысқаша тоқталып өтсек.

– «Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы» мемлекеттік мекемесі 43 жылдық тарихы бар ордалы ұйым. Осы жылдар бойы мұнда 90 мыңнан астам ескерткіштің ғылыми құжаттары, құнды тарихи деректер, археологиялық артефакт­тар және мұражайлық маңызға ие жәдіг­ер­лер жинақталған. Қорықта 5 бөлім жұмыс істейді. Олар – ескерткіштерді есепке алу және қорғау, сәулет және археология, қор, экскурсия-көпшілік және тарихи-мәдени мұраны қорғау бөлімдері.

Қазiр Маңғыстау облысы бойынша 590 тарихи және мәдени ескерткiш мем­лекеттiк қорғауға қабылданған, оның iшiнде 20-ы республикалық мәртебеде. Олар – 350 археологиялық нысандар: тас дәуiрi елдi мекендерiнiң орындары, қола және темiр дәуiрiнiң дiни-қабiрлеу кешендерi, ортағасырлық Ұлы Жiбек жолындағы қала­лар, бекіністер, керуен-сарайлар, сондай-ақ үлкенді-кішілі сәулет туынды­лары шоғырланған 176 ансамбльді кешен мен 64 сәулет және қала құрылы­сының ескерткіші. Бұған қоса, 800-ден аса тарихи-мәдени мұра объектісі алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген.

2024 жылғы жоспарға сәйкес, алдын ала есепке алу тізімінде тұрған 53 тарихи-мәде­ни мұра объектілеріне жергілікті маңызы бар ескерткіш мәртебесін беру үшін тарихи-мәдени сараптама жұмыс­тарын жүргізу жоспарланып отыр. Қарақия ауданы ескерт­кіштері – Маңғытай, Өтәлі, Құсшы ата, Бармақ, Ұлы Қырғын, Әліке-Қанай, Бір­қарын, Қарамола-1,2, Орыс, Балуанияз, Дауысты-Дүкен және тағы да басқа қорым­дарға қоршау орнату жоспарға қойылды. Қаржы бөлінген жағдайда жұмыстар жүргізілетін болады. Қарақия ауданындағы «Алтынәлі некрополі», Маңғыстау ауданындағы «Көккүмбет күмбезтамын» қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Маңғыстау ауданында ор­наласқан «Толыбай некрополі», «Олжа қыз күмбезтамы», «Қо­жа­күмбет күмбез­тамы», «Тілеміс күмбез­тамы», Түпқараған ауда­нында орна­ласқан «Қосым некрополі» тарихи-мәдени ескерт­кіштеріне ғылыми жобалау құжатта­масын (ЖСҚ) дайындау жұмыстары жүргізіледі.

Айта берсе, атқарылар жұмыс көп. Маңғыстау төсінде күні бүгінге дейін қа­тары сиремей самсап тұрған ес­керткіштер – осы өлкені жайлаған байырғы жұрттардың бағзыдан бергі жасампаз еңбегінің, жарқын болашаққа, жақсы армандарға деген берік сенімінің көнекөз куәсі, көл-көсір шежі­ресі. Міне, осындай мәдени мұраны көне деп қарамай, оны теңдессіз байлығымыз деп бағалап, халқымыздың рухани қажетін өтеуге тиімді пайда­ла­­нуымыз керек-ақ.

– Әңгімеңізге рақмет! Еңбектеріңіз ұлт пен ұрпақтың ұлы мұрасына айнала берсін!

Сұхбаттасқан Нұрлан ҚОСАЙ