Киіз басу – қазақ халқының ежелден келе жатқан қол­­өне­рінің бірі саналады. Ертеде ата-бабаларымыз киізді киіз үйдің туырлығын, түндігін, уы­ғын жабу, жерге төсеу және қа­бырғаға ілу үшін пайда­­­­­лан­ғаны белгілі.
Көне киізді дәріптеп жүр
2,725
оқылды

Күні кешеге дейін әжелеріміздің басқан киізі әр үйдің төрінде төселіп, қабырғаға ілініп тұрушы еді. Бүгінде бұл қолөнер бұйымы заман талабына сай қолданыстан шықты. Тіпті, оның жасалу әдісі де көптің көкейінде ұмыт болып келеді.

Негізінен киізді қойдың күзем жүні­­­­нен қалың, әрі тығыз етіп жасайды. Ал бетіндегі ою-өрнегіне жабағы жүні қол­данылған. Ежелден оны көшпелі қазақ өмірінде кеңінен пайдаланған. Тарихи деректерге сәйкес, бұл қолөнер бұйымы  Ноин-ула, Пазырық қорғанда­­­рынан да табылған. Демек, оның шығу тарихы тереңде жатыр деген сөз.

Киіздің түрлері де сан алуан атауға ие. Қолөнер бұйымының жас киіз, өре киіз, аяқ киіз, жабу киіз секілді түрлері қазақ мәдениетінде кеңінен таралған. Соның ішінде откиіз, төркиіз, текемет, сырмақ, талдырма киіз  секілді түрлері төсеніш ретінде қолданылған.  

Қазіргі қоғамда ұмыт бола бастаған көне қолөнер бұйымдарын қайта дә­ріптеп, заманауи үлгіде қолданысқа енгізіп жүрген жандар бой көрсетіп келеді. Соның бірі – көне киізді кәдеге жаратып, елдің алғысына бөленіп жүрген сырбойылық Айдана Әлайдарованың ісі көпке үлгі. 

Сыр өңіріндегі Қорқыт ата универ­­­ситетінде шәкірттерге тәлім беріп жүрген ұстаз ұмыт бола бастаған ұлттық құн­­­ды­­­лығымызды дәріптеуді азаматтық па­­­рызым деп біледі. Ол Қазақстан Қол­­өнер­­­­шілер одағының мүшесі, педагогика ғылымдарының магистрі, «СырЭтно­­­Дизайн» қолөнер орталығы директоры ретінде өңір халқына жақсы таныс. 2001 жылдан бастап аталмыш оқу орнының «Дизайн және технологиялар» кафедра­­­сында оқытушы болып жұмыс істейді. 

Бала күнінен анасының киіз басу тәсілін көріп, қызығушылығы артқанын айтады. Уақыт өте келе өзі де қолөнер бұйымдарын жасауға ден қойып, түрлі тәсілін меңгеріпті. Бүгінде киіз басудың қыр-сырын шәкірттеріне үйретіп, қой­дың жүнінен түрлі бұйым жасауға бет бұрыпты. 

«Қазір киіз ұмыт болып барады. Соң­­ғы 30-35 жыл көлемінде мүлде тұтын­­­байтын болдық. Бұған дейін әр отба­­­сының төрінен табылатын қазақы тө­­­­­­­­­­­се­­­­ніш жайында бүгінгі жас ұрпақ біле бермейді. Кейінгі жылдары қойдың жүнін кәдеге жарата алмай, өртейтін болды. Киіз үйлер киізсіз қалды. Осыдан кейін ұлттық құндылығымызды дә­­­ріп­­­теп, өскелең ұрпақтың жадында жаң­­­ғыртуды парызым деп білдім. Осы ойым­­­ды жүзеге асыру мақсатында ұлттық өнері­мізді заманауи техноло­­­гиямен ұш­­­тас­­­тыруды қолға алдым. Нәтижесінде, қойдың жүнінен, көне киіздерден түрлі бұйым жасауға көштім», – дейді қол­­­өнерші.

Қолөнер шебері қой жүнінен панно, бас киім түрлерін, кеудеше, аксессуар, текемет, сырмақ, құмыра мен қоржын­­­­дарды, күнделікті тұтынуға арналған түр­­­­­­лі бұйым жасайды. Шебердің қо­лы­нан шыққан көздің жауын алатын дүниелерге тұтынушылар тарапынан да сұраныс жоғары.

Ұлттық өнерді ұлықтауда еселі еңбек сіңіріп жүрген қолөнерші қой жүнінен заманауи үлгіде бұйымдар жасаудың өзіндік ерекшелігі бар екенін де атап өт­ті. Шебер өз бұйымдарын жасауда ешқан­­дай тігіс пайдаланбайды екен. Қой жүнінен дайындалған бұйым жеңіл, әрі жылы болып келеді. Экологиялық таза өнім болып саналады. Сонысымен де тұ­­­­тынушыларға өте қолайлы.

«Негізінен, Сыр өңірінде өсірілетін қойдың жүнінен текемет басып, аяқ киім жасауға ғана пайдалана аламыз. Өйткені Сыр бойын мекендейтін қойдың жүні қаттылығымен ерекшеленеді. Ал киімге және басқа да бұйымдар жасауға Алматы, Тараз қаласынан арнайы тапсырыспен «Меринос» тұқымды қойдың жүнін ал­­­ғызып отырмын. Бұл өнім зауыттан ар­­­найы тазартылып, әрі жұмсақ болып ке­­ле­­­ді. Жалпы, киізден түрлі бұйым жа­­­сап, одан нәпақа табуды көздеген емес­­­пін. Тек арнайы тапсырыс берген адам­­­­дарға ғана ақылы түрде жасаймын. Не­­­­­­­­гізгі мақсатым – бүгінгі қоғамда ұмыт бола бастаған ұлттық құндылығымызды қайта жаңғырту», – дейді Айдана Әлай­­дарова.

Қолөнерші қолдан жасаған бұйым­­­дарына еліміздің барлық өңірінен, тіпті шетелдерден де  тапсырыс түсіп тұра­­­­ты­нын айтты. Әсіресе, өзге елдің қа­­­зақы нақыштағы бұйымдарға қызығу­­­­шылығы басым екен. 

Бүгінде ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуде Қорқыт ата университетінен арнайы аудитория беріліп, этно дизайн бойынша сабақ өткізіп тұрады. Сондай-ақ жас ерекшелігіне қарамай, студент­­­терден бастап, егде жастағы адамдарға киіз басудың қыр-сыры мен қой жүнінен түрлі бұйым жасаудың тәсілін үйрететін арнайы трениг ұйымдастырып келеді. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жан­дарға, ерекше балалардың ата-аналарына заманауи технология арқылы ұлттық бұйымдарды дайындаудың тың тәсілін үйретіп жүр.

Оның айтуынша, киіз бен қой жүні­нен жасалған бұйымдардың қоршаған ортаға және адам ағзасына пайдасы зор екен. «Бәріміз де бала күнімізде киіздің үстінде аунап-қунап өстік. Кейіннен бойына шаң жинайды деген желеумен киіздерді жаппай далаға шығарып тас­тадық. Өйткені апта сайын қағып, тазалау үлкен қиындық туғызатын еді. Осылайша, бұл төсеніштің орнын син­тетикалық кілемге ауыстырдық. Алай­­­­­­­­да бүгінде киіздің пайдасы орасан екені дәлелденіп отыр. Мәселен, киіз ауадағы жағымсыз энергияларды, шаң-тозаңды бойына сіңіріп, астына тас­­­­тайтын қа­­сиеті белгілі болды. Сондықтан да апта сайын топыраққа, шаңға толып қалады. Ал синтетикалық кілемдер шаң-тозаңды бойына сіңірмейді. Соның сал­да­­­­­рынан зиянды қалдықтарды ауа ар­­қылы жұтып жатырмыз. Ел арасында аллергиялық аурулардың асқынуының бірден-бір се­бебі осы. Сонымен қатар қойдың жүні аяқ-буын ауруларына тап­тыр­­­мас ем болады», – дейді қолөнерші. 

Қолөнерші 2015 жылы Моңғолияда киізден бұйым жасаудың заманауи тех­­­нологиясы, оны бизнеспен ұштастыру бағытында өткен семинарға қатысып, шеберлігін шыңдағанын айтады. Бұған дейін өз бұйымдарын талай байқауда көпшілік назарына ұсынып, жоғары ба­­­ғаға лайық танылып келеді. Осыдан жеті жыл бұрын ұйымдастырылған «Экс­­­по-2017» көрмесіне де өз өнімін ұсы­­­­нып­ты. Алдағы уақытта  туып-өскен жері Сыр­дария ауданына қарасты, Ақжарма ауылында «Туған елге тағзым – перзент парызы» атты жеке авторлық көрмесін өткізуді жоспарлап отыр. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ