Тұрғындардың айтуынша, Красноармейская көшелерінің қос жағы қазылып тасталғалы екі айдан астам уақыт болған.
Үйге кіріп-шыға алмай қалдық: Щучинск тұрғындары көшенің траншеяларға айналғанын айтып шағымданды
1,226
оқылды

Щучинск қаласында тұрғындар көшелердің тұтастай қазылып, сол күйі ойлы-шұңқыр ор болып жатқанын айтып шу көтерді,  деп хабарлайды Aiqyn.kz тілшісі. 

Тұрғындардың айтуынша, Красноармейская  көшелерінің қос жағы қазылып тасталғалы екі айдан астам уақыт болған. Ал Сосновая көшесі қазылғалы бірнеше жыл болып жерастындағы тұрбалар бірнеше жыл бойы шіруге айналған. Ал қазылған жолдар сол күйі траншея күйі қалған. Үйлеріне көмір жеткізу, кәріздерін тазалауға еш мүмкіндік ала алмай отырғандарын айтқан жұрт ащы жанайқайларын жеткізді. 

Красноармейская көшесін тұтастай қазып тастады. Кәріздердің бәрі бітеліп қалды. Адамдар мұндай жағдайда қалай өмір сүрмек? Үйге кіріп-шыға алмаймыз. Бірқатар үйлердің көмірі таусылып жатыр. Үйімізге өтетін жол жоқ. Газ әкелетін көліктердің көшемен жүргісі келмейді. Қазып тастағанымен ешкім қайта жаппай ашық-шашық күйі қалды,  дейді Наталья есімді Щучинск қаласының тұрғыны. 

Тұрғындардың ащы жанайқайын шешуге тиісті Бурабай ауданы әкімдігіне қарасты құрылыс бөлімі жобаның екі жылға жоспарланғанын айтып ақталмақ болды. 

Бурабай ауданының құрылыс бөлімі SHEBERBUILD ЖШС мердігер ұйымымен Щучинск қаласындағы Горный шағынауданында жылу желілерінің құрылысы бойынша №17 келісімшартты өткен жылдың 27 ақпанында жасаған. Жоба  2 жылдық.  Жұмыстар қаржыландыру кестесіне сәйкес жүргізіліп жатыр. Жұмыс қарқыны ауа райы жағдайына сәйкес түзетіледі. Дәнекерлеуге зертханалық сынақтар өткізілгеннен кейін жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, траншея қайтадан жабылып, тұрғын үйлерге өтуге мүмкіндік болады,  дейді Бурабай ауданының құрылыс бөлімі. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы