Алматыда құрылыс қоймасында өрт шықты

Өртті сөндіруге 21 бірлік техника мен 100-ден астам адам жұмылдырылды.

Алматыда құрылыс материалдары және лак-бояу өнімдері тұрған қоймадан өрт шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz Kazinform-ға сілтеме жасап. 

Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 14 қаңтар күні сағат 20:25-те өрт сөндіру бөлімшелері Алмалы ауданы, Әуезов көшесі, 2/8 а мекенжайына шақыртуға шықты.

Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері келген сәтте құрылыс материалдары және лак-бояу өнімдері бар қойманың 500-ден астам шаршы метр аумағы жанып жатқанын анықтады.

«Өрттің көршілес орналасқан қоймаларға таралу қаупі туындады. Өртті сөндіру жұмыстарын қоймадағы тез жанғыш заттар (битум, лак-бояу) қиындатты. Дереу жедел штаб пен үш өрт сөндіру учаскесі құрылып, негізгі басым міндеттер айқындалды. Оны сөндіру барысында қызып тұрған темір қоймадан қауіпсіз жерге 3 оттегі және 4 газ баллоны шығарылды», – деп хабарлады қалалық ТЖД-дан.

Өрт түнгі 22:34-те оқшауланып, 22:50-де толық сөндірілді.

Оған 21 бірлік техника мен 100-ден астам адам жұмылдырылды.

Өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.