Қазақстандық оқушылар Индонезияда өткен робототехника чемпионатында 7 жүлдеге ие болды. Депок қаласында FIRST Tech Challenge робототехника бойынша ашық ойындар өтті.
Индонезиядан олжалы оралды
593
оқылды

Чемпионатқа Қазақстанның намысын қорғауға Antares, «124», «Заман» және Shanyraq командалары аттанды. 9-11-сынып оқушыларынан құрылған бұл командалардың құрамында Алматы қаласының Абай атындағы РММИ мен №124 орта мектебінің, сондай-ақ Семей қаласының Ш.Құдайбердіұлы атындағы көпсалалы мектебінің білім алушылары бар.

Қазақстандық оқушылар Оң­түстік-Шығыс Азия елдерінен кел­ген 150 жас робототехника жасау­шылармен бірге бірнеше күн бойы өз жұмыстарымен бәсекеге түсті. Нәтижесінде, біздің құрама­ның қоржыны 7 жүлдемен толықты.

Алматы қаласының №124 орта мектебінен қатысқан «124» коман­дасының жаттықтырушысы Бекзат Амановтың айтуынша, қазақстандық оқушылар лайықты нәтиже көрсете білді.

«Біз чемпионатқа робототех­никаға жаңадан қосылған команда­ларымызды халықаралық команда­лармен тәжірибе алмасу үшін әкел­дік. Соның өзінде біз Индонезия чемпионатына әлемдік кезеңге іріктелген мықты командалар қа­ты­сатынын білгенімізде таңғалдық. Бұл командалардың робото­тех­никада 4-5 жылдық тәжірибесі бар әрі биылғы жылы ғана жарысқа қатысқан қазақстандық оқушылар олармен бір деңгейде бақ сынасты. Біздің оқушылар финалдық ойындарға дейін өтіп, төрешілерден жоғары баға алған кезде қатты қуандық», – деп өз ойымен бөлісті бапкер.