15 жыл бойы құжатсыз жүрген Венера Құрбаназарова «AMANAT» партиясының қолдауымен төлқұжат алды.
15 жылдан соң құжатты болған Венера
фото: 24.kz
957
оқылды

Жылдар бойы талай рет құзырлы орындардың табалдырығын тоздырған келіншек әбден қа­жығанын айтады. Бірақ шалғайдағы ауылға келіп, мобильді қабылдау жүргізген «AMANAT» пар­тиясының өкілдері оның үмітін оятып, қол ұшын созды. Осылайша, атамекенін аңсап келіп, қа­та­рымызға қосылған қандастарымыздың қатары тағы бір азаматпен толықты.

Венера Құрбаназарова 2009 жылы Өзбекстаннан көшіп келіпті. Кейін тұрмыс құрып, Батыс Қазақ­стан облысына қоныс аударады. Қазір күйеуімен бірге төрт бала өсіріп отыр. Бірақ келіншек сол кез­ден бері құжатсыз жүрген көрінеді. Отанына оралған қанда­сымызға жеке басын куәландыратын құжат беруге әкімдердің де әлі келмеген көрінеді. 

«Құжат жасату бойынша бармаған жеріміз жоқ. Тек қана бізге уақытша құжат берді. Ол құжатпен ешқайда жұмыс та істей алмаймын. Мемлекеттік жәрдемақының бәрінен қағылдық. Сосын амалсыздан осы Тасқала ау­данындағы «AMANAT» партиясына келдім. Партия өкілдерінің араласуы­мен жақында құ­жатты болып отырмын. Қазір  мемлекеттен көрсетілер барлық тиесілі жеңілдікке ілігіп жатқан жайымыз бар», – дейді Тасқала ауданының тұрғыны Венера Құрба­назарова.

– «Халыққа көмек» жобасымен облыстың түкпір-түкпірін шарлаған партиялықтар қоғамдық қабылдауды тұрақты түрде жүргізіп келеді. Осы кездесу арқылы көп жұмыс атқарылды. Көмекке мұқтаж жандарды күттірмей, оларға өзіміз барамыз. Олардың шағымын мемлекеттік орган­дарға жеткізіп, мәселесі оңынан шешілуіне күш салдық, – дейді «AMANAT» партиясы Тасқала аудандық филиалының төрағасы Люция Жұ­банышқалиева.

Венера бүгінде Жұмыспен қамту орталығына тіркелген. Енді өз мамандығы бойынша қызметке тұрып немесе ұнаған жұмысына орналаса алады. Құжаты түгенделіп, көңілін демдеген келіншек, енді жәрдемақы алу үшін балаларының құжаттарын рәсімдеуге кіріскен. Былтыр «AMANAT» партия­сының облыстағы қоғамдық қабылдауына түскен 2 мыңнан астам өтініштің тең жарымы оңынан шешілген. Олардың дені – әлеуметтік мәселелер.

Бердібек ҚАБАЙ