Адам қанша тіл білсе, сонша елдің мәдениетін таниды. Статистикалық дереккөзге сүйенсек, әрбір бесінші қазақстандық шетел асады екен.
Атың барда жер таны...
1,022
оқылды

Кейбірі білімін шыңдап, тәжірибе жинауды мақсат етсе, енді бірі қоныс аударады. Дегенмен алғаш рет бармақшы болған еліңіздің сипатын біліп алғанға не жетсін?! Мұндайда әлем аралап, көргенін бір кітапқа түйген жас өреннің еңбегі көптің көмекшісі болары сөзсіз. 

Қазіргі қазақ жастары уақытын білім алуға жұмсап, келешекке сеніммен қарап жүр. Өзге тілді үйрену заман талабы болса, қазіргі заман – осы талапты білетін адамның дәуірі. Жастарды қызықтыратын сауал да осы – ел аралау, тіл үйрену. Дәл осындай қызығушылығы бар жастың бірі – Бақдәулет  Есенгелдіұлы. Алғашқы саяхатын студент кезде бастаған ол «Саяхаттаудың таңдаған мамандығыма қатысы бар, бірақ бұл – менің жеке қызығушылығым» деп бастады әңгімесін. Өзін қызықтырған дүниесімен айналысып, басқаға да пайдасын тигізуді көздеген жас жиһангез Еуропаға барғысы келетіндер үшін «Шекарадан ассын миың. Еуропа» атты көмекші құралды жарыққа шығарды. Көмекші құрал деуге де келмес, бұл – саяхатшылар үшін қазақ тіліндегі көркем әдебиет жанрында жазылған алғашқы кітап. Еңбектің басты ерекшелігі мынада: Еуропа елдерінің тыныс-тіршілігі мен мәдениеті баяндалған, жергілікті тұрғындармен әңгімелер жазылған. Кітап оқырманның шетелге шығуға қызығушылығын арттырады. Бұл жайында автордың өзі:

«Балалармен жұмыс істеген кезде байқағаным көп болды. Олардың шетелге деген көзқарасы Tik-Tok пен YouTube-тағы эстетикалық видеолармен ғана шектеледі. Бұлар да мотивация береді, бірақ олардың шынайылығы аз, бір жағынан жастардың саяхаттауға ынтасын тез сөндіреді. Авторлық кітабымды оқығандар, әсіресе ауыл балалары әлдеқайда керемет әсер алғанын айтты. Мамандығым халықаралық қатынастар болғандықтан, баяндалған елдің саяси-экономикалық жағына да шолу жасадым, сол халықтың тілін білгендіктен, кез келген адаммен сөйлескен диалогтер жазылса, енді бір ел туралы тек өзім көрген дүниелерге сипаттамалар келтірдім», – дейді.

Қазір қазақ жастары әлем алдында өз белсендігін дәлелдеп, көп жерден бой көрсетіп жүргені белгілі. Бірқатар елге барып, түрлі этнос мәдениетімен танысып та жатыр. Соңғы кезде шетелге ағылған жастардың арасында елге қайта оралуды қаперінен шығарғандары бар екенін жасыра алмаймыз. «Шекарадан ассын миың. Еуропа» кітабы оқырмандарға өзге елдің топырағына табан тіреудің жағымды жақтарын насихаттайтыны рас. Бірақ негізгі мақсат – ол емес, жастардың білім көкжиегін кеңейтіп, әлем жастарымен білім алмасумен қатар алған тәжірибесін елінің пайдасына жаратуға үгіттеу.

Бақдәулеттің айтуынша, Еуропа елдерінде индивидуализм әлдеқайда алда.  Оны қызықтырғаны – ageism-нің кең тарағаны. Яғни, адамды жасына қарай топқа бөлмейді. Жастар мен үлкен кісілер білек сыбана кірісіп бір жұмысты істейді. Бір толқында жұмыс істейтін әртүрлі жастағылар елімізде де кездеседі, бұл жағынан еуропалықтармен ұқсас екенімізді ұқтық. Батыс мәдениетінен хабардар алты тілді меңгерген полиглотпен әңгімелесудің орайы келгенде көрген елдерінің елеулі ерекшеліктерін, достарының ұстанымы жайында айтып беруін сұрадық. 

– Статистикада әлемдегі ең бақытты елдердің көшін Швеция бастап тұр.  Менің швециялық досым болды. Есімі – Джордан. Сырттай қарағанда жалқау көрінетін студенттен «Әлем қызығатын Швеция халқы расында біз ойлағандай бақытты ма?» деп сұрадым. Жауап мен күткендей болмады. «Мен өзімді бақыттымын деп айта алмаймын, сәтсіз кездер көп болады. Еліміздің бақытты болуының себебі – бақыт деген ұғымның болмауы, біз бақытты болуға ұмтылмаймыз» деп жауап берген. Көп адам Финляндия, Швеция, Норвегия жайлы тым асыра мақтап жатады. Ал шын мәнінде жергілікті халық біз ойлаған бақытты іздеп әуре болмайды, – деді Бақдәулет. 

Батыс елін зерттеп, оны қазақстандықтарға таныстыруды мақсат еткен ол шетелде еліміздің атын алғаш рет естігендер болғанын да жасырмады. Өзі полиглот болғандықтан, туған жерін еркін таныстыра алады. Нәти­жесінде, олардың Қазақстанға деген қызығу­шылығы мен құрметі артқанын да тілге тиек етті. «Тәуелсіздік күнінде әлеуметтік желіде барлық қазақстандықты құттықтадым. Сол кезде түрлі ұлттағы достарымнан құттықтау хаттар келе бастады. Айтулы мерекеде жолданған хаттарды оқығанда, шынымды айт­сам, қатты қуандым. Бұл мен үшін алғашқы қуаныш емес. Одан бұрын АҚШ-та Шавкат Рахмановтың жекпе-жегіне, Димаштың концертіне жиналғандардың арасында Қазақстанды танитындар көп екеніне көзім жеткен», – деді.  

Еуропада 42 ел бар, соның отыздан аса елінде болып, әсерін кітапқа түсірген автор қазір Американың барлық штатын зерттеп жүр. Нәтижесін «Шекарадан ассын миың. Америка» кітабында баяндамақ. Осылайша, шекара асуды жоспарлап жүрген жандарға көркем әдебиет жанрында ұсынылатын кітап 3 бөлімді қамтиды. Бірінші бөлімінде автор саяхаттан алған әсерімен бөліссе, екінші бөлімде саяхатшылар туралы материалдар жинақталған, ал үшінші бөлімі Еуропа елдерінде тұратын адамдардан үйренген 10 құпияға арналған. «Барлық құрлықты кітапқа түсіру ойымда бар. Авторлық кітабымның соңғы бөлімін еліме арнаймын. 17 облысты түгел аралап, оның керемет жерін кітап бетінде жарияламақпын. Орайы келсе, өзім де қазақ атын ғана емес, мәдениетін де әлемге танытамын», – деп алдағы жоспарымен бөлісті. 

«Білгеніңді қойныңа сап алып кетпе, еліңе жарық әкел». «Абай жолындағы» осы бір айтылған орамды ой-көкірегі ояу білімпаздарға берілген кеңес. Бүгінгі кейіпкерімізбен әңгімелесу барысында қайда жүрсе де, бар білгенімен бөлісетін жастардың бар екеніне тағы бір мәрте куә болдық. 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ