Бурабайда мемлекеттік ұлттық табиғи парктің ерекше қорғалған аумағына кіруге ақылы терминал орнатылғалы бері тұрғындардан маза кетті.
Бурабайдағы ақылы терминалға қанша ақша төленеді?
1,095
оқылды

Парк маңындағы ауылдар мен елді мекен тұрғындарынан жұмысқа барып-қайтқанда да терминалдан ақы төлеуге мәжбүр болып жатқанын жазған болтынбыз. Терминалдағы төлем мөлшері және басқа да өзекті сұрақтар бойынша Бурабай ауданында Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нүркен Шарбиевтің, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Данияр Тұрғанбаев пен облыс әкімінің орынбасары Азамат Тайжановтың қатысуымен жиын өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. 

Жиынға өкілетті мемлекеттік органдар, облыстық құзырлы басқармалардың басшылары, аудандық мәслихат депутаттары, «Бурабай» МҰТП, ұлттық парк аумағындағы шаруашылық субъектілер мен жергілікті қауымдастық өкілдері қатысты. Жиынға қатысқан қауымдастық өкілдері терминалдан кіріп-шығу үшін төлемнен босатуға қатысты ұсыныстар енгізіп, құзырлы орган өкілдеріне сауалдарын қойды. 

 

Экология вице-министрі Нүркен Шарбиевтің айтуынша, Салық кодексінің 590-бабының нормалары еш өзгертілмеген. Сондықтан ерекше қорғалған аумақ шекарасында орналасқан елді мекенде тұрақты тұратын және саяжайлары бар жеке тұлғалар, сонымен қатар «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңмен анықталған табиғатты қорғау ұйымдары төлем төлемейді. Министр орынбасары ерекше қорғалған аумақта жұмыс істейтін ұйымдардың қызметкерлерін төлемнен босату қажеттігін айтып, аудан әкімдігіне, Мемлекеттік кірістер басқармасы мен «Бурабай» МҰТП-ға түйткілді жағдайды тәжірибеде көруді ұсынды. Мұнда парк аумағындағы заңды тұлғалар мен оның қызметкерлерінің, жеке тұлғалардың, сонымен қатар қызмет көрсетуші ұйымдардың автокөліктерінің тізімі расталған әрі мәліметтерге өзгерістер енгізілген болса қайта жаңартылуы тиіс. 

Жиын барысында аудан әкімдігі, депутаттар, тұрғындар мен бизнес-қауымдастық өкілдерінің ұсынысы мен шағымын тыңдады.

Бурабай ауданы тұрғындарының Салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы ұсыныстарын қабылдады. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы