«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдады.
Жыл сайын қазынаның қаржысы мұз болып еріп, желге ұшады – Мәжіліс депутаты
933
оқылды

Депутаттың айтуынша, мемлекеттік бюджеттен қаражатты тиімсіз жұмсау проблемасы жыл сайын қайталанады. 

– Әлеуметтік желілерде Қазақстанның бірқатар қалаларында, соның ішінде Ақтау, Павлодар, Семей қалаларында жаңажылдық шыршалардың құлауы туралы ақпарат көп. 

Абырой болғанда, одан зардап шеккендер жоқ. Десе де, қайғылы салдарға ұрындыруы әбден мүмкін еді.

Мысалы, Шахтинск қаласында жергілікті әкімшілік мұз айдыны үшін арнайы алаң дайындап, аумағын қоршаған, тиісінше жарықтандырған. Бірақ, мұз айдынын құюды ұмытып кеткен. Ал, Павлодарда шамамен 60 миллион теңге жұмсалған мұз қалашығы еріп кетті.  

Осылайша, балаларды қуантудың орнына бюджет ақшасы желге шашылған.

Демек, әкімдіктер қаражатты қазіргі заманғы технологиялар мен әдістерді ауа райын ескермей жұмсайды. Бұл жағдай жыл да қайталанып жатыр.   

Осыдан мынадай заңды сұрақ туындайды: қарапайым салық төлеушілерге мұндай шығындар қажет пе және кінәлі шенеуніктер қандай жауапқа тартылды?

Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында аймақтағы атқарушы биліктің шешім қабылдау ісіне азаматтардың тікелей қатысу мүмкіндігін біртіндеп арттыру міндетін қойды. 

Осы міндетті орындау мақсатында жергілікті бюджеттен қаражаттың бөлінуіне және жұмсалуына қоғамдық бақылауды күшейту мәселесін қарауды сұраймын.

Сонымен қатар, мәслихат сессиясында жыл сайынғы бюджетті бекіту кезінде, сондай-ақ, әкімдіктердің өткен қаржы жылындағы жергілікті бюджеттердің атқарылуы туралы есептерін тыңдау кезінде міндетті түрде жария тыңдаулар өткізу қажет деп санаймын, – дейді депутат.