Қазақстанда қыркүйектен бастап 11 жас­тағы қыздарға жатыр мойны обы­рына қарсы вакцина салынады.
Екпе обырдан құтқарады
535
оқылды

Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы атап өткендей, Қазақстанда 11 жасар қыздарға адам папилломавирусына қарсы вакцина егу қолға алын­бақшы. Вакцина ата-ананың жазбаша келісімімен жаңа оқу жылының басында, яғни 2024 жылдың күзінде тегін салынады.

«Жатыр мойны обырының 97%-ы осы вируспен байланысты. Созылмалы вирус тасымалдау белгілі бір жағдайда жатыр мойны обырының дамуына әкелуі мүмкін», – деп хабарлады басқарма өкілдері.

Алматы онкологиялық орталығының бөлім мең­герушісі Райхан Болатбекова жатыр мойны обыры толық алдын алуға болатын бірден-бір ісік екенін атап өтті.

«Жаппай екпе алатын тұрғындардың негізгі бөлігі – 9-13 жас аралығындағы жасөспірім қыздар. Бұл кезең қыздарды жыныстық белсенділіктің бас­талуына дейін жаппай егу мақсатында таңдалды. Ең дұрысы, әйел вакцинаны жыныстық белсенділікке кіріспес бұрын алуы керек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вакцинаны 26 жасқа дейін алуды ұсынып отыр. Адам папилломавирусына қарсы вакцина жатыр мойны обырының алдын алады», – дейді маман.

Онкологтің сөзінше, былтыр мегаполисте жатыр мойны обырына 223 тұрғын шалдыққан. Алматы онкологиялық орталығында барлығы 2 522 әйел осы диагнозбен есепте тұр.