Жуырда Түркістан облысы­ның шалғай елді мекендерінің бірінде ауыл қариясы жастар арасында психотропты препарат болып саналатын трамадолға тәуелділер көбейіп жатқанын айтып дабыл қақты.
Есірткі саудасы азаймады
705
оқылды

Жуырда Шымкенттік полицей­лер 29 жастағы бикештің сөмкесі­нен 6 бір реттік доза салынған «синтетика» тауып, тәркіледі. Ол тағы екеуін жасырып үлгерген. Сондай-ақ күдіктінің өзі де есірткі шегіп алған. Анықталғандай, ол есірткі салынған пакеттерді Шым­кент­те тарату үшін Тараздағы жа­сы­рын жерден алып кеткен екен. Сонымен бірге түнгі клубқа барған 22 жастағы бойжеткен мен қасын­дағы 19-дағы досы екеуі есіртікінің бір реттік дозасын шұлықтарына жасырып алып кірген жерінен ұсталды. Сараптама қорытындысы тәркіленген заттардың мефедрон екенін растады. 

Мәжіліс депутаты Болатбек Әлиев өткен аптада Шымкент қаласына іссапары кезінде осы мәселеге қатысты бірқатар өзекті жайттың бетін ашты.  Шымкент полицейлері мәжілісмен қатысқан жиында есірткі қылмысымен күрес бойынша атқарған жұмыстары туралы есеп берді. Ресми мәлімет бойынша, былтыр бұл салада 612 қылмыстық құқықбұзушылық ашылған. Бұл бір жыл бұрынғыдан 34,5 пайызға артық. Заңсыз айна­лым­нан 139 келі 191 грамм есірткі және 15 келі 379 грамм синтетика­лық есірткі заттары тәркіленген. Шымкент қалалық ІІД бастығының орынбасары Серік Ергешов ұстал­ғандардың 70 пайызы 35 жасқа дейінгі жастар екенін, тіпті кәме­летке толмаған екі бала болғанын атап өтті. 

Алайда осыншалықты көрсет­кіш­тің өзі Мәжіліс депутаты Болат Нәжметдинұлының көңілінен шық­пады. 

«Есірткі қылмысының 33 па­йыз­ға көбейгені Құқық қорғау орган­дарының жақсы жұмыс көр­сет­кіші дей алмаймыз. Бұл Шым­кент қаласында есірткі саудасының артқанын білдіреді. Синтетикалық есірткіні қалай, қайдан сатып алуға болатыны туралы жарнамаларды оп-оңай кезіктіруге болады» , – деп қатаң ескертті Мәжіліс депутаты. 

Болатбек Әлиев бұған дәлел іздемей-ақ наркограффитиді көп­қабат­ты үйлерде, гараждарда, мек­тептер мен бала­бақшалар маңын­дағы қоршау­лардан табуға болаты­нын, тіпті көптеген тра­фарет­тік әріп бүріккіш бояумен бо­ял­ғанын еске салды.

Мәжіліс депутаты есірткінің заңсыз айналымымен тосқауылдың түр-түрін жасап көру керек екенін ескертті. Шымкент қаласы орта­лығындағы қоршаулар мен баға­налар, тіпті жылу құбырларының үстіне де траферетпен жарнамалар ілінгенін атап өткен Болат Нәжмет­динұлы тіпті Майлықожа көшесі­нің бойында есірткі тасымалдаушы­ларға арналған бос орындар туралы хабарландырулар әрбір 5 метр сайын ешқандай ке­дер­гісіз ашық түрде ілініп тұрғанын ашына жет­кізді. Өкініштісі, тәртіп сақшы­лары­ның көз алдында орта­лық көшелердің бойында болып жат­қан бұл жағдайды қалай түсі­нуге болады?!

«Біз ең алдымен осындай есірт­кі граффитилерін таратып, есірткі қорын жинайтындарды іздеуіміз керек. Оның үстіне бұл бей­небақылау орнатылған көшелерде де болып отыр. Осыдан 11 жыл бұ­рын құрылған Жедел басқару орталығы қаладағы 10 500 және 3 600 ішкі бейнебақылау камера­ларын тұрақты бақылап отыра алмайды. Бұл тиімді емес. Орта­лықты кеңейту бойынша жасалып жатқан жобалық-сметалық құжат­тамаға қаланы бақылау үшін жа­сан­ды интеллект қосылып, жаңа құрал-жабдықтар сатып алу қа­жет», – дейді депутат. 

Осылайша, бұрын есірткі тасы­малы қолдан-қолға өтіп жүрсе, енді заман ағымына қарай есірткінің де электронды тасымалы кеңге жайы­лып, оның қоғамға қаупі артып отыр. Оның үстіне синтетика­лық есірткі жас ұрпаққа дерт болып жабысты. 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы